қазақша · русский · english
   
  Main  News
02.04.2025

«Шетелдік тәжірибе және оның отандық балабақша практикасына ықпалы» практикалық семинар


2025 жылдың 31 наурызында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология факультеті мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасында «Мектепке дейінгі психология бойынша практикум» пәні аясында мазмұнды әрі тәжірибелік мәні жоғары семинар өтті. Іс-шара «Шетелдік тәжірибе және оның отандық балабақша практикасына ықпалы» тақырыбына арналды.


Семинардың арнайы қонағы ретінде шақырылған тәжірибелі практик-маман, Алматы қаласындағы №153 КМҚК бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Нурмаханбетова Алина «Жапонияның мектепке дейінгі білім беруі: тарихы, қазіргі жағдайы және жаңа бағдарламалары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, жапондық мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тарихи-мәдени ерекшеліктері, тәрбие беру құндылықтары мен қазіргі заманғы бағдарламалық бағыттары жайлы ғылыми негізде жан-жақты ақпарат ұсынды.


Семинардың басты мақсаты - Жапонияның мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі даму тенденцияларын саралай отырып, ондағы инновациялық әдіс-тәсілдер мен бағдарламалардың мазмұнын қазақстандық балабақша практикасымен байланыстыра талдау. Нурмаханбетова Алина өз баяндамасында жапондық тәрбие жүйесінің баланың дербестігіне, әлеуметтік жауапкершілігі мен эмоциялық интеллектісін дамытуға бағытталатынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Жапониядағы тәрбиешінің рөлі, ата-анамен ынтымақтастық мәдениеті және білім беру ортасын ұйымдастырудағы ерекшеліктер нақты мысалдар арқылы көрсетілді.


Семинар аясында №153 бөбекжай-балабақшасының психологы Сейітхан Назым студенттерге арналған психологиялық тренинг жүргізіп, шығармашылық және өзін-өзі тануға бағытталған жаттығуларды орындатты. Бұл психологиялық бөлім студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, олардың кәсіби рефлексия жасау қабілетін арттыруға сеп болды.


Іс-шараға 6В01204 - Мектепке дейінгі білім беру (IP) білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері белсене қатысып, семинар мазмұнына үлкен қызығушылық танытты. Студенттер шетелдік тәжірибенің артықшылықтары мен оны отандық білім беру жүйесіне бейімдеудің жолдарына қатысты сұрақтар қойып, пікір білдірді. Бұл олардың болашақ маман ретінде кәсіби көзқарастарының қалыптасуына оң әсер етті.


Аталған ғылыми-практикалық кездесу мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының оқу үдерісін практикалық компоненттермен толықтыру және студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытындағы жұмыс жоспарына сай ұйымдастырылды. Семинарды ұйымдастыруға кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлбосын Қыяқбаева, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Анар Алимбекова, сондай-ақ PhD докторы Асем Булшекбаева белсене атсалысты. Олар өз сөздерінде мұндай практикалық іс-шаралардың болашақ тәрбиешілердің кәсіби әлеуетін қалыптастыруда маңызды екенін атап өтті.


Семинар қорытындысында қатысушылар арасында кәсіби пікір алмасу орын алып, жапон тәжірибесін отандық мектепке дейінгі білім беру жүйесіне тиімді интеграциялау жолдары жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.


Қатысушылар семинардың мазмұндық тереңдігі мен тәжірибелік бағыттағы маңыздылығын жоғары бағалап, болашақта осындай форматтағы кездесулердің жиі ұйымдастырылуын қолдайтындықтарын білдірді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=