қазақша · русский · english
   
  Main  News
21.04.2025

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Абай университетінің ұжымымен кездесті


2025 жылғы 19 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы ресми сапармен келді.


Сапар аясында Мәлік Отарбаев университеттің басқарма басшылары, профессорлық-оқытушылар құрамы және қызметкерлерімен кездесіп, білім ордасының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты.


Мәртебелі мейманды университет Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп қарсы алып, Президент кеңесшісіне оқу орнының тарихы мен бүгіні, сондай-ақ болашаққа бағытталған стратегиялық даму жоспарлары жөнінде кеңінен таныстырды. Қонақ университет мұражайын аралап, білім ордасының тарихи жәдігерлері мен жетістіктерін тамашалады.


Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген өзекті мәселелері мен тапсырмалары кеңінен талқыланды. Жиынға қатысушылар ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру, жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беру, сонымен қатар педагогикалық жоғары оқу орындарының рөлін арттыру мәселелерін кеңінен сөз етті.


Университет ректоры Болат Тілеп өз сөзінде Президенттің білім мен ғылым саласына айрықша мән беріп отырғанына назар аударып, бұл бағытта университеттің жауапкершілігі мен рөлінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі кездесу білім мен тәрбие саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға және болашақ міндеттерді айқындауға үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.


Кездесуде еліміздің көрнекті ғалымдары - ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының Құрметті академигі Берікжан Әлмұхамбетов баяндама жасап, ұлттық білім мен тәрбиенің өзара байланысы, педагогикалық білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер жайында терең ой қозғады.


Филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы ұлттық жоғары білім беру жүйесінің тарихи сабақтастығына тоқталып, «Кешегі тарих пен бүгінгі ақиқатты жалғастырып жатқан мәселенің алтын арқауы - еліміздің рухани, әлеуметтік дамуына ықпал ете алатын, бәсекеге қабілетті маман даярлау болып отыр. Абай университеті - қазақ топырағындағы жоғары білім беру ісінің бастаушысы ретінде осы миссияны абыроймен атқарып келе жатқан бірегей оқу орны», - деп атап өтті.


Өз кезегінде тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев білім мен тәрбие мәселесінің бүгінгі қоғам үшін айрықша маңызға ие екеніне тоқталып, университеттің бұл бағыттағы көшбасшылық рөлін ерекше атап өтті. Ол сапалы педагог даярлау ісінде университеттің материалдық-техникалық базасы мен кәсіби оқытушылар құрамының шешуші маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында педагогикалық бағыттың сақталуының маңыздылығын да тілге тиек етті.


Педагогика ғылымдарының докторы Берікжан Әлмұхамбетов Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың педагогикалық қоғамдастық үшін маңызын атап өтіп, «Қазақстан балалары» атты бағдарламаның аясында жүзеге асып жатқан біртұтас тәрбие мен инклюзивті білім беру жобалары жайында сөз қозғады. «Бұл бастамалар - отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған, ал мұндай қасиеттер - нағыз адал азаматтың болмысын қалыптастырады. Құрылтайда ұсынылған «Адал азамат» ұғымын Президентіміздің қолдауы бізге зор серпін берді», - деді ол. Сонымен қатар, Берікжан Әлмұхамбетов педагогикалық жоғары оқу орындарының мектептермен байланысын нығайту қажеттілігіне тоқталып, бұл бағытта Абай университетінің нақты жұмыстар атқарып жатқанын айтты. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын еске сала отырып, ол Мемлекет басшысының бес жыл бұрын көтерген Абай институтын құру туралы тапсырмасын атап өтті. «Президент бұл құрылымның Конфуций, Гёте, Сервантес институттары сияқты халықаралық деңгейде жұмыс істеуін мақсат етіп қойған еді. Қазіргі таңда Мекемтас Мырзахметұлының шәкірттері ұлы Абайдың идеяларын кеңінен тарату бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қытай, Түркия және басқа да елдерде Абай орталықтары ашылып, ауқымды кеңейту қолға алынды», - деді профессор.


Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізуден бастап, Ұлттық құрылтайда айтылған 53 тармақтан тұратын нақты тапсырмаларға тоқталды. Кеңесші бұл тапсырмалардың сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалуы үшін еліміздің барлық өңірлерінде әр сала өкілдерімен жүйелі түрде кездесіп жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыстар білім, денсаулық сақтау, спорт, құқық қорғау, дін және әскери қызмет салаларындағы мамандармен белсенді пікір алмасу арқылы жүргізілуде.

 

«Ұлттық құрылтайдағы Президенттің баяндамасы - мемлекеттік маңызы бар құжат. Онда елімізді толғандырып отырған саяси, әлеуметтік және рухани мәселелердің шешу жолдары көрсетілген. Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда біз үшін ең басты міндет - мемлекетті сақтау, тәуелсіздікті нығайту, ұлттық бірлікті сақтау», - деді Мәлік Нұржанұлы.


Кездесу барысында Президент кеңесшісі 2025 жылы «Қазақ» атауының ресми түрде қайта оралуына 100 жыл толып отырғанын еске салып, халқымыздың тарихи жады мен рухани болмысын сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхаммеджан Тынышбаев сынды көрнекті тұлғалардың ел тарихындағы рөлін құрметпен еске алып, олардың мемлекет қалыптастыру жолындағы еңбегін бағалауға шақырды.


Мәлік Отарбаев ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен тарихи сананы жаңғыртуда кәсіби қауымдастықтардың - тарихшылардың, әдебиеттанушылар мен дінтанушылардың айрықша рөлін атап өтіп, олардың ғылыми көзқарастары мен ұсыныстарына сүйенудің маңыздылығын баса айтты.
«Әділеттілік, заң мен тәртіп, ынтымақ пен бірлік - бүгінде бізге ең қажетті ұстанымдар. Президентіміз осы құндылықтарды тұрақты түрде насихаттап келеді», - деп түйіндеді өз сөзін Президент кеңесшісі.


Кездесу қорытындысында Абай университетінің ұжымы бұл кездесуді үлкен құрмет пен жауапкершілік ретінде қабылдап, Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=