
  
Main /
Mass media about us
08.05.2025 Абай университетінде Жеңіс күніне орай «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісі орнатылды 
                  
 2025 жылдың 6 мамырында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 
 Көркемдік композиция Кеңес Одағының батырлары - Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов, Жолдыбай Нұрлыбаев және майданға аттанған 114 ҚазПИ (қазіргі - Абай атындағы ҚазҰПУ) студенттері мен оқытушыларына тағзым ретінде қойылды. 
 
 Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кеңесбай, проректорлар, факультет декандары, кафедра және бөлім меңгерушілері, профессорлық-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар мен Кеңес Одағының батырлары атанған университет түлектерінің ұрпақтары, сондай-ақ білім алушы жастар қатысты. 
 Абай университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп құттықтау сөзінде: «Осы күнге дейін университетімізден майданға аттанып, Кеңес Одағы батыры жоғары дәрежесіне ие болған 8 тұлға белгілі болған болса, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біздің тарихшы ғалымдарымыздың зерттеп-зерделеуімен, архивтік құжаттарды қайта қарап, жұмыстануының нәтижесінде тоғызыншы батырдың да осы университеттен шыққаны анықталып отыр. Осы орайда университет түлектерінің қолдауымен арнайы белгі тас орнатылып жатыр. Бұл белгі - университетімізден майданға аттанған оқытушылар, ғалымдар мен студенттердің ерлігіне, бабалар рухына тағзым ретінде қойылды», - деп атап өтті. 
 Ресми іс-шара соңы «Ерлікке тағзым» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. 
 Айта кетейік, «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі Рақымберді Жетібайдың демеушілігімен орнатылды. Ал аталған шараның ұйымдастырылуына университеттің Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменті мұрындық болды. 
 06.05.2025 Ақпарат көзі: qulaq-24.kz  |