ҚазҰПУ қабырғасында АВА мамандарының халықаралық симпозиумы өтті
2025 жылғы 10 шілдеде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қолданбалы мінез-құлық талдауы (АВА) саласындағы мамандардың халықаралық симпозиумы басталды.
Симпозиумның басты мақсаты - Қазақстан Республикасындағы қолданбалы мінез-құлық талдауының даму перспективаларын, АВА-мамандарының қызметін, білім беру ұйымдарымен және қоғаммен инклюзияны қамтамасыз етудегі өзара әрекеттестігін талқылау болды.
Іс-шара аясында өткен дөңгелек үстел жұмысына келесі мамандар мен ұйым өкілдері: ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, ҚазҰПУ Педагогика және психология факультетінің деканы Ғалия Абаева, «AUTISM KAZAKHSTAN» ұлттық қауымдастығының төрайымы Нүрия Балтабайқызы, халықаралық қолданбалы мінез-құлық талдауы қауымдастығының мүшесі (Канада) Зухра Камар, «Первые шаги» АВА орталығының жетекшісі (Алматы қаласы) Асия Кизатова, халықаралық сертификатталған мінез-құлық талдаушысы (BCBA, США) Ольга Шаповалова, «Росток» АВА орталығының директоры Жанат Ахметова, «Aba Center Tuyme» орталығының жетекшісі Айнұра Нурова, «Asyl Alem» АВА орталықтарының негізін қалаушы Жанна Калиева қатысты.
Сондай-ақ симпозиум жұмысына қатысушылар қатарында АҚШ, Канада, Ресей және Қазақстанның тәжірибелі мінез-құлық талдаушылары, даму ерекшелігі бар балалардың ата-аналары мен мемлекеттік мекеме өкілдері мен сарапшылар да бар.
Симпозиум бағдарламасы пленарлық отырыс, табысты тәжірибелер ұсынылған «Біз кімбіз?» сессиясы, АВА-ның әлеуметтік ықпалы талқыланған пікірталас, білім мен әлеуметтік саладағы рөлі қарастырылған панельдік пікірталас және бейресми кездесу сынды бөлімдерден тұрды.
Пленарлық отырыста қолданбалы мінез-құлық талдауының теориялық негіздері, инклюзивті білім беру, ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарын және көмекші мамандарды қолдау, АВА-стратегияларын қолдану, мектептен кейінгі инклюзия, аутист ересектерді жұмыспен қамту, сондай-ақ баланы күнделікті өмір жағдайларына бейімдеу мен мінез-құлықтық терапия мәселелері қарастырылды.
Аталған шараның жұмысы 11 және 12 шілде күндері жалғасатын болады.







