қазақша · русский · english
   
  Main  News
17.09.2025

ЫРҒЫЗДЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНҒАНЫНА 180 ЖЫЛ: ТАРИХ, БІЛІМ ЖӘНЕ РУХАНИ МҰРА


2025 жылдың 11-12 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының орталығында Ырғыздың іргетасы қаланғанына 180 жыл толуына арналған мерейтой өтті. Мерейтой аясындағы іс-шаралардың бірі ғылыми-танымдық конференция болды.

 

Конференцияда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Смағұлова Светлана Одепқызы Ырғыздың тарихы туралы мазмұнды баяндама жасады. Алматы қаласынан келген мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің қызы, Ырғыз ауданының құрметті азаматы 93 жастағы Орынша Қарабалина Ырғыз ауданынан шыққан Алаш арысы, әкесі Ұзақбай Құлымбетовтің қызметтерінен көптеген нақты деректер келтіріп, тебірене сөйледі. Тағы да бірқатар ғалымдар Ырғыз тарихына қатысты құнды зерттеулерімен бөлісті.

 

Сонымен қатар, конференцияда ЮНЕСКО кафедрасының жетекші ғылыми қызметкері Сәрсенбаева Гүлназ Хамидоллақызы сөз сөйлеп, 17 тұрақты даму мақсаттары, оның ішінде 4-ші мақсат - Білім беру сапасы жайында тоқталды. Г.Х.Сәрсенбаева өткен ғасырда Ырғыздан ұлы тұлғалардың шығуының себебі Ыбырай Алтынсариннің қазақ жерінде ашқан алғашқы мектептерінің бірі осы Ырғызда болғандығымен байланыстыа келе, қазіргі кезеңде аудандағы білім беру сапасын көтеруге қатысты ұсыныстар айтты және ЮНЕСКО кафедрасындағы Пединновациялар және Action Research орталығында біліктілікті арттыру курстары бар екендігін жеткізіп, ауданда білім сапасын көтеруді қолдау ретінде семинар, вебинар өткізіп бере алатындығын айтты.

 

Г.Х.Сәрсенбаева Абай атындағы ҚазҰПУ атынан Жабал Шойынбеттің «Абайдың «Толық адам» ілімі» кітабын, Абайдың қара сөздерін, ҚазҰПУ магистранттары мен студенттерінің жыр жинақтарынан құралған «Абаймен үндесу» кітабын сыйлыққа тарту етті. Конференция соңында қайта шығарылған «Ырғыз» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

  alt=