қазақша · русский · english
   
  Main  News
14.10.2025

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНГРЕСС ӨТЕДІ


2025 жылғы 16-17 қазанда Абай университетінің базасында инклюзивті білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конгресс (World Inclusion Congress – WIC 2025) өтеді. Бұл – Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған және инклюзивті білім берудің жаңа кезеңін айқындауға бағытталған халықаралық деңгейдегі ірі ауқымды іс-шара.

 

Конгресс ұйымдастырушылары – Ұлыбританиядағы International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) ұйымы және Қазақстандағы HOPE қоры (Help Others Pursue Education). Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Конгресс Google for Education, UNESCO, UNICEF, IIET (Білім беру технологиялары жөніндегі халықаралық институт), Bimstec Nations Partner, Bett Show және International Baccalaureate секілді халықаралық ұйымдардың қолдауына ие.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ жаһандық іс-шараның стратегиялық серіктесі болғандықтан, университет базасында бес негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілмек. Оған 70-тен астам халықаралық сарапшы мен спикер қатысады. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі спикер, тележүргізуші, BIG Public Speaking компаниясының тең құрылтайшысы, қоғам алдында сөз сөйлеу бойынша танымал маман Фредерик Африфа, Buckner Education компаниясының негізін қалаушы, инклюзивті білім беру мен нейроалуантүрлілік саласының кеңесшісі Джой Элизабет Бакнер, International Forums of Inclusion Practitioners ұйымының негізін қалаушы, инклюзия бойынша кеңінен танылған сарапшы, 135-тен астам елде жұмыс істеп, үш бестселлер мен жүзден аса ғылыми мақала жазған Дэниель Собель, білім беру саласындағы инноватор, инклюзивті мектептің басшысы, оқыту әдістемесі мен бағдарламаларды әзірлеу саласының маманы Айяппарадж Мани, Inclusion Wins компаниясының негізін қалаушы, инклюзия тақырыбына арналған «Reconstructing Inclusion» кітабының авторы Амри Б. Джонсон бар. Сондай-ақ, инклюзивті білім беру саласында еңбек етіп жүрген көптеген халықаралық сарапшылар келеді.

 

Конгресс аясында жоғары мектеп өкілдеріне арналған «Білім беру жүйесінің тұрақты дамуының маңызды шарты ретінде педагогикалық инновациялар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. Конференцияға Ресей халықтар достығы университетінен (РУДН), Гонконг білім университетінен, Үндістанның Читкара, Пенджаб университеттерінен және басқа да жетекші жоғары оқу орындарынан өкілдері қатысады.

 

Инклюзивті білім берудің түрлі тақырыптарын қамтитын Халықаралық конгресс әлемнің жетекші сарапшыларымен тікелей пікір алмасу алаңына айналмақ. Онда B2B және B2G форматындағы кездесулер арқылы серіктестік жобаларға жол ашу бағытында ғылыми және кәсіби байланыстар орнату, инклюзивті білім беруді дамытудың заманауи тәсілдерімен танысуда жаңа идеялар мен шешімдерді білу, инклюзивті білім берудің жаһандық желісін қалыптастыруға бағытталған тарихи мәні бар бастамалар қарастырылады.


Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі


  width=