қазақша · русский · english
 
 
 
24.06.2020

Қашықтан оқыту жағдайындағы қорытынды аттестация

 

2020 жылы 22 маусымда Педагогика және психология институты мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының «6М010100- Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «5В012300- Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» және «5В010100-Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандықтары бойынша мемлекеттік кешенді емтихан мен ғылымның алғашқы қадамы диссертациялық және дипломдық жұмыстарын қашықтан онлайн-форматта қорғауы сәтті аяқталып, жоғары деңгейде өтті.

 

Комиссия мүшелігінде магистратура бойынша ҚазҰҚПУ Педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева, бакалавр мамандықтары бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Ұлмекен Төлешова және №144 «Бөбекжай» балабақшасының меңгерушісі Раушан Ахметова төрайымдық қызметін атқарды.  Онлайн-қорғау магистранттар мен студенттердің өздеріне ыңғайлы  GOOGLE MEET платформасында өткізілді.

 

Онлайн-қорғауда магистранттар мен студенттер алдын-ала тексерістен (плагиат) өткен диссертациялық және дипломдық жұмыстарын қорғап, комиссия мүшелерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өздерін жан-жақты жауапкершілікпен және ізденімпаздық қасиеттерімен көрсете білді. Білім алушылар онлайн-форматта (онлайн-протокол) бағаланып, қорғаудың бейнебаяндары сақталып, «Парасат» орталығы - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың дербес құрылымдық бөлімшесіне уақытылы тексеріске жіберіліп отырды.  

 

Диссертация және диплом жұмысын қорғау алдындағы іс-тәжірибенің мазмұны, дайындығы, өзектілігі және алға қойған мақсат-міндеттеріне толық жете алғандығын анықтау және  тексеру мақсатында 4-курс студенттері мен магистранттар мамыр айында 2 апта көлемінде онлайн-форматта алдын-алу қорғаудан өткен болатын. Сонымен қатар, алдағы қорғау барысында техникалық қателер мен кемшіліктер орын алмау үшін ғылыми жетекшілер мен техникалық хатшылар білім алушылармен көптеген дайындық жұмыстарын жүргізіп, кешенді емтихан барысында прокторлық қызметтерін атқарды.

 

Соның нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасында онлайн-форматта қорғау жоғары деңгейде өткізілді. Бұл деп отырғанымыз университетіміздің білім алушылары мен профессор-оқытушылар қауымының толық қашықтан білім беруге бейімделіп, жан-жақты қаруланғандығын және тәжірибе жинақтағанының көрсеткіші.

 

Қорыта келе, биылғы елімізде ғана емес, әлемде болып жатқан төтенше жағдайға қарамастан білім мен ғылым жолында ізденісін тоқтатпаған түлектерімізге профессор-оқытушылар құрамы атынан түлектерді педагогика ғылымдарының бакалавры және магистрі академиялық дәрежесін алуымен құттықтаймыз!

 

   

 

   

 

   




Кері оралу