қазақша · русский · english
 
 
 
26.03.2025

Табиғатпен үйлесім: мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің жаңа көкжиектері


2025 жылдың 19 наурызында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жаңақұрылыс ауылындағы «Айгөлек» бөбекжайында мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған форум-практикум өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесе ұйымдастырылған бұл шарада экологиялық тәрбиенің маңызы, оны жүзеге асырудың инновациялық тәсілдері қарастырылды.

 

Форум мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру жолдарын талқылауға арналды. Абай университетінің Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлбосын Қыяқбаева мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық тәрбиенің маңызын атап өтіп, ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.

 

Жамбыл ауданы әдістемелік орталығының әдіскері Әтіркүл Қожахметова аудандағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үздік тәжірибелерін таныстырып, экологиялық білім берудің жаңа әзірлемелерін талқыға салды.

 

«Айгөлек» бөбекжайының меңгерушісі Гүлбаршын Жунусбекова мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық тәрбиені дамыту бағытындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, форум аясында бүлдіршіндердің экологиялық қызығушылығын дамытуға бағытталған панорамалық саяхат - «Ғажайып патшалығын» ұйымдастырып, балабақшаның тыныс-тіршілігімен, тәрбиешілер мен балалар жұмысымен таныстырды және «Ұлан» бөбекжай-бақшасының басшысы Бақыткүл Смагуловамен шебер-сынып көрсетті.

 

Форум барысында Абай университетінің профессор-оқытушылары өз зерттеулерімен бөлісіп, баяндамалар жасады. Профессор Манкеш Ақсәуле экологиялық білімнің когнитивтік дағдыларды дамытудағы рөлін талдады. Философия докторы (PhD) Жакупова Алтынай тұрақты даму мақсаттарына негізделген экологиялық білімнің маңызын баяндады. Докторант Капсанова Гүлмира балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық аспектілерін ұсынды.

 

Форумға университеттің басқа да ғалымдары қатысты, мысалы, философия докторы (PhD) қауымдастырылған профессорлар Абитова Гүлбану мен Асем Булшекбаева мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты дамыту мәслелерін қозғаса, аға оқытушы Айжан Әуезова тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін дамыту мәселесін көтерді.

 

Жамбыл ауданының мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтері өз тәжірибелерімен бөлісті. «Балбөбек» мектепалды тобының тәрбиешісі Тайлақбаева Салтанат, «Күншуақ» ересек тобының тәрбиешісі Тоянова Жансұлу және «Күншуақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Тұрлыбекова Дилда экологиялық білім берудің тәжірибелік әдістерін ұсынды.

 

Форум аясында «Жасыл балабақша» және «Эколайф» жобалары таныстырылып, экологиялық тәрбиені дамытудың жаңа үлгілері қарастырылды. Қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін ата-аналармен бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Жамбыл ауданының бірнеше мектепке дейінгі ұйымдары арасында ынтымақтастық келісімшартына қол қойылып, экологиялық тәрбиені дамытуға бағытталған бірлескен жобалар іске асыру жоспарланды.

 

Форум мектепке дейінгі білім беруде үздік тәжірибелерді таратуға, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік берді. Қатысушылар экологиялық білім беруді одан әрі дамыту бойынша нақты ұсыныстар берді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 




Кері оралу