қазақша · русский · english
 
 
 
08.04.2025

«Әлеуметтік педагогтерді даярлаудың заманауи тәсілдері» халықаралық онлайн ғылыми-тәжірибелік кездесу


2025 жылдың 7 сәуірінде «Әлеуметтік педагогтерді даярлаудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық онлайн ғылыми-тәжірибелік кездесу өтті.


Аталған іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика» кафедрасының профессор-оқытушылары, философия докторлары (PhD), қауымдастырылған профессорлар Анар Алимбекова мен Асем Булшекбаевалар қатысып, әлеуметтік педагогтерді кәсіби даярлаудың мазмұндық, әдістемелік және құндылықтық қырларын ғылыми негізде талдады. Ғалымдар әлеуметтік педагог тұлғасының қалыптасуындағы құндылықтық бағдар, инклюзивті ортада жұмыс істеу қабілеті мен кәсіби құзыреттілікті дамыту тетіктері туралы өз пайымдарын ортаға салды.


Кездесудің ғылыми үйлестірушісі - Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Мейрамгүл Булақбаева. Қазіргі уақытта ғалым «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Иллинойс университетінде (Урбана-Шампейн) ғылыми тағылымдамадан өтуде. Оның бастамасымен ұйымдастырылған бұл кездесу халықаралық ғылыми байланысты тереңдетуге, әлеуметтік-педагогикалық білім беру саласында заманауи тәжірибелермен алмасуға бағытталған маңызды алаң болды.


Кездесудің негізгі спикері - Иллинойс университетінің әлеуметтік жұмыс мектебінің бакалавриат бағдарламалары бойынша үйлестірушісі Екатерина Вудфорд (Ekateryna Woodford), MPA. Өз баяндамасында ол АҚШ-тағы әлеуметтік педагогика саласындағы білім беру жүйесінің құрылымы мен мазмұнын, оқытудың практикалық бағыттылығын, сондай-ақ инклюзивтілік, әлеуметтік әділеттілік және мәдениетаралық коммуникация қағидаттарына негізделген кәсіби даярлық моделін кеңінен сипаттап берді.


Іс-шара барысында әлеуметтік педагогтерді даярлау процесін жаңғыртуға бағытталған білім беру мазмұнын трансформациялау, құзыреттілікке негізделген тәсілдерді енгізу, цифрлық және инклюзивті ортада жұмыс істеу дағдыларын дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар заманауи әлеуметтік сын-тегеуріндер жағдайында педагог мамандығының әлеуметтік миссиясына баса назар аударды.


Онлайн кездесуге әлеуметтік педагогтерді даярлайтын Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, сынды білім ордаларының профессорлық-оқытушылық құрамы мен жас зерттеушілер бар.


Кездесу қорытындысында қатысушылар әлеуметтік педагогтерді даярлаудың заманауи тұжырымдамалық негіздерін қалыптастыру, халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру және академиялық ұтқырлықты күшейту мәселелерінде бірлескен ғылыми бағыттарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу