қазақша · русский · english
 
 
 
22.04.2025

Кәмелет жасына толмаған балалардың құқық бұзушылығын алдын алу


2025 жылдың 18 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология факультеті мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен маңызды тәжірибелік іс-шара өтті. «Кәмелет жасына толмаған балалардың құқық бұзушылығын алдын-алу» тақырыбындағы кәсіби кездесу «Балалар құқығын қорғаудың әлеуметтік-педагогикалық технологиялары» пәні аясында өткізілді.

 

Аталған шара 6В01801 - Әлеуметтік педагогика білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, балалармен жұмыс істеуде заңнамалық базаны кәсіби деңгейде қолдану құзыреттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Бұл кездесу теория мен практиканы ұштастыра отырып, әлеуметтік-педагогикалық қызметтің құқықтық негіздерін нақтылауға бағытталды.

 

Кездесуге арнайы шақырылған Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, кәсіби тәжірибесі мол заңгер - адвокат Бауыржан Бижанов студенттерге кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау, олардың заң алдындағы жауапкершілігі және құқық бұзушылықтың алдын-алу шаралары бойынша мазмұнды кеңес берді. Оның баяндамасында ювеналды әділет жүйесі, ата-ананың жауапкершілігі, білім беру ұйымдарының міндеттері, сондай-ақ әлеуметтік педагогтің бұл процестегі кәсіби рөлі нақты мысалдар арқылы кеңінен ашып көрсетілді.

 

Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, өмірлік жағдайлардан туындайтын құқықтық мәселелерге байланысты нақты әрі тәжірибелік кеңестер алды. Бұл диалогтық форматта өткен ашық пікір алмасу құқықтық мәдениеттің, азаматтық жауапкершіліктің, педагогтің кәсіби этикасы мен ұстанымдарының маңызын ұғынуға ықпал етті.

 

Іс-шараны ұйымдастырған философия докторлары (PhD), қауымдастырылған профессорлар Анар Алимбекова мен Анар Булшекбаева қазіргі таңда әлеуметтік педагог мамандарын даярлауда құқықтық сауаттылық пен практикалық дайындықтың ерекше маңызға ие екендігін атап өтті. Ғалымдардың пікірінше, студенттің кәсіби әлеуеті тек педагогикалық біліммен шектелмей, әлеуметтік-құқықтық кеңістіктегі құзыреттерімен де өлшенуі тиіс.

 

Университет қабырғасында өткен бұл мазмұнды кездесу пәндік білімді өмірлік тәжірибемен ұштастыру, құқықтық ойлауды қалыптастыру, қоғамдық жауапкершілік пен кәсіби этиканы терең сезіну секілді білім беру процесінің маңызды мақсаттарымен ұштасып отыр.

 

Мұндай форматтағы іс-шаралар студенттердің теориялық білімін практикамен бекітіп қана қоймай, оларды болашақ әлеуметтік-педагогикалық қызметке жан-жақты дайындауға бағытталған жүйелі білім беру саясатының нәтижесі болып табылады.

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу