қазақша · русский · english
 
 
 
29.04.2025

«Ұлттық құндылықты дәріптеудегі әлеуметтік-педагогикалық ерекшеліктер» оқушылар арасындағы қалалық байқаудың бірінші кезеңі


2025 жылдың 28 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология факультеті мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы «Оқушы тұлғасын қалыптастырудағы әлеуметтік көшбасшылық» атты мектеп оқушыларына арналған қалалық байқаудың бірінші кезеңін ұйымдастырды. Іс-шара Алматы қаласындағы №168 Қасыл Қатықбаева атындағы мектеп-гимназияның базасында «Ұлттық құндылықты дәріптеудегі әлеуметтік-педагогикалық ерекшеліктер» тақырыбында өтті.

 

Байқаудың негізгі мақсаты - мектеп оқушыларының бойында ұлттық құндылықтарды ұлықтау арқылы әлеуметтік жауапкершілік, белсенді азаматтық ұстаным мен көшбасшылық қабілеттерді қалыптастыру. Сонымен қатар, байқау оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың қоғамдық бастамаларға қатысуға қызығушылығын арттыруға және тұлғалық дамуын қолдауға бағытталды.

 

Іс-шара аясында оқушылар ұлттық құндылықтар тақырыбын түрлі шығармашылық жұмыстар арқылы ашып көрсетті: қойылымдар, жобалар, бейнероликтер мен презентациялар ұсынылды. Әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан алғанда, бұл жұмыстар балалардың танымдық белсенділігін арттыруға, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға және топпен жұмыс істеу дағдыларын нығайтуға ықпал етті.

 

Қалалық байқау «6В01801 - Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерінің өндірістік (педагогикалық) практикасы аясында жүзеге асырылды. Практиканттар байқаудың мазмұндық құрылымын әзірлеп, қатысушы командаларды дайындауға, ұйымдастыру процесін сүйемелдеуге белсенді қатысты. Бұл болашақ әлеуметтік педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамытудағы маңызды тәжірибе алаңы болды.

 

Байқауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Анар Алимбекова, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Назира Атемкулова және философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Асем Булшекбаева жетекшілік етті. Іс-шара барысында олар оқушылардың шығармашылық жұмыстарын әділ бағалап, әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан негізделген кері байланыс ұсынды.

 

Іс-шараның ашылу салтанатында кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Улбосын Қыяқбаева сөз сөйлеп, білім ордасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, мектеп ұжымына және оқушыларға ризашылығын білдірді.

 

Өз кезегінде №168 Қасыл Қатықбаева атындағы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Жұрынова университет ұжымына және болашақ әлеуметтік педагогтерге алғысын білдіре отырып, кәсіби даярлықтағы мұндай практикалық шаралардың маңызын ерекше атап өтті.

 

Байқау қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен оқушылар 1, 2 және 3 дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, шығармашылық жұмыстардың ерекшеліктерін ескере отырып, «Үздік қойылым», «Үздік жоба» және «Үздік бейнеролик» номинациялары бойынша арнайы марапаттар табысталды.

 

Бұл қалалық байқау оқушылардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, әлеуметтік белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етті және болашақ әлеуметтік педагогтердің практикалық құзыреттерін дамытуда маңызды тәжірибелік алаң ретінде қызмет етті.

 

  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  




Кері оралу