«Жасөспірімдердегі стресс – себептері, салдары және алдын-алу» мектеп оқушылары арасындағы қалалық байқаудың екінші кезеңі
2025 жылдың 29 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Педагогика және психология факультеті, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы «Оқушы тұлғасын қалыптастырудағы әлеуметтік көшбасшылық» атты мектеп оқушыларына арналған қалалық байқаудың екінші кезеңі Алматы қаласындағы №202 мектеп-гимназияның базасында «Жасөспірімдердегі стресс - себептері, салдары және алдын алу» тақырыбында өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты - мектеп оқушыларының стресстік жағдайға түсуіне жол бермеу, оларды қолдау арқылы стрессті тану, қарсы тұру, жеңу, алдын-алу жолдарын көрсетіп, позитивті ойлауға дағдыландыру. Сонымен қатар бұл байқау оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылығын оятып, өзіне-өзі сенімді көшбасшы тұлға қалыптастыру.
Іс-шара аясында оқушылар стресстік жағдайды түрлі шығармашылық жұмыстар арқылы ашып көрсетті: қойылымдар, жобалар, бейнероликтер мен презентациялар ұсынылды. Әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан алғанда, бұл жұмыстар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, инновациялық идеялар арқылы зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға және топпен жұмыс істеу дағдыларын нығайтуға ықпал етті.
Байқауға қатысқан оқушылар 1, 2 және 3 дәрежелі дипломдармен және «Үздік қойылым», «Үздік жоба» және «Үздік бейнеролик» номинациялары бойынша арнайы марапаттар табысталды.
Қалалық байқау 6В01801 - Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерінің өндірістік (педагогикалық) практикасы аясында жүзеге асырылды. Практиканттар байқау жұмыстарын ұйымдастыруға, оқушыларды дайындап, команда жұмыстарын үйлестіруге белсенді қатысты.
Практика барысында студенттерге кәсіби кеңес беріп, сүйемелдеп жетекшілік жасаған және байқауда оқушылардың шығармашылық жұмыстарын әділ бағалау, марапаттар беру, кері байланыс орнату жұмыстарын ұйымдастырғандар философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Анар Алимбекова, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Назира Атемкулова және философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Асем Булшекбаева. Мектеп пен ЖОО арасындағы байланысты нығайтып, білім берудің қос сатысындағы үздіксіз үдерісті тиімді үйлестіруге және аталған байқаудың табысты өтуіне және студенттердің педагогикалық практикасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына университет басшылары және №202 мектеп-гимназия директоры Жанайхан Болат және мектептегі практиканттардың жұмысын үйлестіруші, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасарлары Құрмет Шамшидинқызы мен Дархан Қабдылов, мектептің әлеуметтік педагогы және психологы Алина Аманкелдықызы үлкен қолдау білдіріп, маңызды үлес қосты. Мектеп ұжымы өз тарапынан қолайлы орта қалыптастырып, студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруіне жағдай жасады.



