Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы | ![]()
08.05.2025
«Мектепке дейінгі тәрбие: теория мен тәжірибе тоғысында» фасилитациялық сессия 2025 жылдың 5 мамырында Алматы қаласы, Алатау ауданы, №153 бөбекжай-балабақшасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультеті, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі тәрбие: теория мен тәжірибе тоғысында» тақырыбында фасилитациялық сессия өткізілді. Аталған шара «Мектепке дейінгі психология бойынша практикум» пәні аясында ұйымдастырылып, болашақ мамандарға кәсіби тәжірибеге негізделген оқу кеңістігін ұсынды.
Сессияның басты мақсаты - студенттердің мектепке дейінгі ұйымның нақты педагогикалық үдерістерімен танысуына мүмкіндік беру, кәсіби рефлексия мен практикалық дағдыларын жетілдіру. Университеттің «6B0204 - Мектепке дейінгі білім беру (IP)» білім беру бағдарламасының студенттері, магистранттары мен докторанттары балабақшаның бір күндік тыныс-тіршілігіне қатысып, күн тәртібі, оқу қызметі, ойын, серуен, тәрбиешілердің жұмыс формалары мен әдістемелік тәсілдерін бақылап, тікелей тәжірибе жинақтады.
Сонымен қатар, өткізілген іс-шараларға балалардың ата-аналары да арнайы шақырылып, олар балаларының балабақшадағы шығармашылық әрекеттеріне, шеберлік сабақтары мен ойын сәттеріне белсене атсалысты. Ата-аналар мен студенттердің өзара әсерлесуі - тәрбие мен білім берудің біртұтас жүйесінде сабақтастықты сезінуге жағдай жасады.
Сессия барысында №153 бөбекжай-балабақшасының психологы Сейітхан Назым студенттерге кәсіби бағыттағы тренинг жүргізіп, мектепке дейінгі жастағы балалармен психологиялық жұмыс жүргізудің өзекті аспектілерін ашып көрсетті.
Фасилитациялық сессия аясында ұйымдастырылған шеберлік сабақтары да ерекше қызығушылық тудырды. Жумабаева Галя Жарасовна «Құрақ қиялдың жемісі» шеберлік сабағында қолданбалы өнер арқылы балалардың шығармашылық ойлауын дамыту тәсілдерін көрсетті. Жарылкасынова Гүлжан Қорғановна «Асықты жасаудың әдіс-тәсілдері» сабағында ұлттық ойын арқылы танымдық және моторлық дағдыларды дамыту жолдарын ұсынды. Имангазиева Назерке Советбековна «Ғажайып қақпақтармен ойналатын ойындар» шеберлік сабағында балалардың креативтілігін дамытуға бағытталған қызықты әдістермен бөлісті. Ал Сейсенбекова Айгерім Сейсенбекқызы «Қамшы өру, домбыра мүсіндеу» сабағы арқылы дәстүрлі қолөнер элементтерін оқу-тәрбие процесіне енгізудің тиімді жолдарын ұсынды.
Іс-шараның сапалы ұйымдастырылуына Алатау ауданы Білім бөлімінің бас маманы Маншук Сапиновна Зеитова және КМҚК «№153 бөбекжай-балабақша» меңгерушісі Алина Курманбековна Нурмаханбетова қолдау көрсетіп, студенттердің кәсіби дайындығына зор үлес қосты. Балабақша әдіскері Марзия Ильясовна Алжекеева фасилитациялық сессияны жоғары ұйымдастырушылық деңгейде үйлестіріп, барлық бағыттардың өзара байланысын қамтамасыз етті.
Фасилитациялық сессияны ғылыми-әдістемелік тұрғыда жүргізуге Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлбосын Қыяқбаева, философия докторлары (PhD), қауымдастырылған профессорлар Анар Алимбекова мен Асем Булшекбаева жетекшілік етті. Олар теория мен практиканы үйлестірудің маңызын басшылыққа ала отырып, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған мазмұнды бағдарлама әзірледі.
Теория мен тәжірибенің тоғысында өткен бұл сессия студенттердің педагогикалық ойлау кеңістігін кеңейтіп, болашақ тәрбиеші ретінде өзіндік кәсіби көзқарастарын қалыптастыруға сеп болды.
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс) 8 (727) 390 60 05
Қабылдау комиссиясы/Call-центр: 8 (727) 390 60 04 8 (700) 390 60 04 8 (727) 291 57 68
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|