Гази университетіндегі ғылыми тағылымдама
2025 жылдың 16 сәуірі мен 16 мамыры аралығында «8D01201 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанттары - Дариға Азимбаева, Разия Каримова, Гүлмира Момбиева, Саулет Тукебаева, Феруза Абдримова, Жанна Асанханова және Юлдуз Иминова Түркия Республикасының Анкара қаласында орналасқан Гази университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдаманың негізгі мақсаты - докторанттардың ғылыми-зерттеу құзыреттерін жетілдіру, халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинақтау, шетелдік ғылыми жетекшілермен өзара байланыс орнату және педагогикалық тәжірибелермен танысу болып табылады.
Ғылыми тағылымдама аясында докторанттар шетелдік ғылыми кеңесшілермен PhD, профессор Южель Гелишли, PhD, профессор Айхан Урал, PhD, профессор Серхат Арслан, PhD, профессор Илкай Улуташ академиялық жұмыс жүргізді. Аталған профессорлар докторанттардың зерттеу жұмыстарына әдістемелік бағыт-бағдар беріп, ғылыми семинарлар, пікірталастар, жеке кеңестер ұйымдастырды. Олар ғылыми мақалалар жазу талаптары, зерттеу құрылымы мен логикасын құру, заманауи педагогикалық әдістерді қолдану сынды маңызды тақырыптарды қамтыды.
Тағылымдама барысында докторанттар бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты: 2025 жылғы 6 мамырда докторанттар Анкара қаласындағы Хаджы Байрам Вели университетінде өткен «7th International Congress of Social Sciences Research» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конгресіне қатысып, өз ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін баяндама түрінде ұсынды.
Тағылымдама шеңберінде докторанттар Түркиядағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, олар балабақшалардың оқу-әдістемелік бағдарламаларымен, тәрбие жұмысының мазмұнымен, инновациялық технологияларды қолдану ерекшеліктерімен және баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған педагогикалық тәсілдермен танысып, шетелдік тәжірибені отандық жағдаймен салыстырмалы талдау жүргізді.
Тағылымдама соңында барлық қатысушыларға Гази университеті тарапынан ғылыми тағылымдамадан өткені жөнінде ресми сертификаттар табысталды.




