қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
20.06.2021

Мақсат Жақауов: Басты бағыт - озық ой, ұтымды үйлесім

 


 

Абай атындағы ҚазҰПУ, «Рухани жаңғыру» орталығының жетек­шісі Мақсат Жақауов журнал тілшісіне берген сұхба­тында Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Президенті, Елбасы


Н.Ә.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер төңірегінде әңгіме қозғап, «Рухани жаңғыру» орталығының университет аясында атқарып жатқан жұмыстарының мән-маңызы төңірегінде ой бөлісті. Сондай-ақ алдағы жоспарларын да ортаға салды.

 

- Мақсат Дөңесұлы, төрт жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты жетістігі не болды деп санайсыз? Сіздің ойыңызша, бағдарламаның бастапқы мақсаты қаншалықты орындалып жатыр?

 

- 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ісімізден санамыз озып жүруі қажеттігін қадап айтқан болатын. Біздің ендігі мақсатымыз тарихи-ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, сәт сайын құбылып, жаңғырып жатқан жаһанның жағымды жақтарын жатырқамай бойымызға сіңіріп, дамыған 30 елдің санатына ену. Мақалада айтылғандай, «жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - «ұлттық кодты сақтай білу». Өйткені өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Сондай-ақ мақалада бәсекелестіктің рухани жаңғыруда маңызы зор екені де атылып өтті.


Бір сөзбен айтқанда, Рухани жаңғыру - бүкіл елдің сапалы түрде қайта түлеуіне негіз болатын идеялық бастау. Рухани жаңғыру идеясы адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық сезім ұрығын себе білу жұмысында рухани салаға басымдық беру қажеттігін алға тартып отыр. Бұл дегеніміз ұлттық салт-дәстүрімізді, тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген кең ауқымды қордалы ұғымға кеп саяды. Мәдени астанамыз Алматының рухани әлеміміздегі алатын орыны ерекше екені баршамызға аян.

 

Алматы - руханиятымыздың ұйтқысы, мәдениетіміздің талбесігі. Еліміздің қай өңірі болса да Алматыға қарап түтінін түзейді. Аталған тарихаи мақала жарық көрген сәттен бастап оның мән-маңызын түсіндіру, басты қағидаттарды жүзеге асыруға байланысты Алматы қаласында көптеген игі шаралар қолға алынды, түрлі мәдени-әлеуметтік, ғылыми жобалар жасалынды. Қалалық әкімшілік шаһарымыздағы барлық білім ордалары мен мәдени-шығармашылық ұйымдарын осынау маңызды шараға бір кісідей атсалысуға шақырды. Осы орайда, Алматы қалалық әкімшілігімен тікелей байланыса отырып, Абай атындағы ҚазҰПУ, «Рухани жаңғыру» орталығының төрт жыл ішінде қандай жұмыстар атқарғанына тоқтала кетейін. Біздің университетіміздің оқытушы-профессорлық ұжымы алғашқы күннен бастап бұл бағдарламалық тарихи еңбекке зор қызығушылық танытты.


Өзара ғылыми тұрғыда пікір алмасумен қатар, студенттер аудиторияларында кеңінен талқылауға кірісті. Сол жылдың сәуір айларында Тарих және құқық институты ұжымының бастамасымен, республикалық онлайн конференция форматында аймақтардың белді жоғары оқу орындарымен пікір алмасулар өткізді, бұл бастамаға академиялық-ғылыми орта қызу қолдау көрсетіп, игі істі ары қарай жалғастырып әкетті. Әрине, мақаладағы толғамды ой-қағидаттар университетіміздің ғылыми ортасына таным-түсінік деңгейінде жаңа өріс ашып, зор серпіліс берді.

 

Әсіресе, тарих, философия, мәдениеттану, филология, жағрафия тағы да сол сияқты қоғамдық ғылым саласының оқытушы-ғалымдары игілікті шараларға белсенді атсалысты. Артынша, мемлекеттік бағдарлама деңгейінде Рухани жаңғыру бағыты күш алып, нақты обьектілерін анықтап, іске кіріскен шақта университет ұжымы да бұл науқаннан сырт қалған жоқ. Мақаладағы басты қағидаттарды өз жұмыстарына стратегиялық бағыт қып енгізе бастады. Осы мақсатта, 2017 жылдан бастап ресми университет деңгейінде арнайы «Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі» құрылып, кейіннен бұл жоба өз алдына дербес орталыққа айналды.

 

Міне, осы алғашқы күннен бастап Орталық ресми мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, университет аясындағы түрлі жобаларды қолға алып Рухани жаңғыру идеяларын кеңінен насихаттап келеді. Университет деңгейінде арнайы «Ұлы дала тұлғалары» атты өз алдына орталық құрылып, есімдері қоғамға мәшһүр, өмірдің әр саласында ерен еңбегімен танылып, ел жадында өшпес із қалдырған қайраткерлеріміздің туындыларын, еңбектерін жинақтап, жазып, жарыққа шығаруды қолға алды. Сонымен бірге, мемлекетіміздің төл әліпбиін қайта түлету жолында латын әріптерін енгізу бағытында университет қабырғасында «Латын» ғылыми-практикалық орталығы іске қосылды.

 

Бұған Филология және көптілді білім беру институтының оқытушы-ғалымдары қатысып, өз ұсыныстарын ғылыми орталарға жолдап, қоғамдық талқылауға салу үшін арнайы әдістемелік еңбектерін даярлау үстінде. Университет студенттері арасында арнайы дәріс-семинарларын ұйымдастырылып, латын әрпінің қолдану жүйесін түсіндіріп, танымдық-қолданбалы курстарын тиянақты оқытып келеді. Осы тұрғыда біздің университет ұжымының латиницаның маңыздылығын терең түсініп, практикалық қолданыста еш қиындықсыз жеңіл қабылдап жатқандығын айтқым келеді.


Жалпы, университетіміздің студенттері мен оқытушылары тарапынан Рухани жаңғыру қағидаттарын ғылыми-практикалық тұрғыда қабылдау түсінігі қалыптасқан. Бұл біздің басты мақсатымыз болып табылады.

 

- Сіз жетекшілік ететін «Рухани жаңғыру» орталығы қандай бағытта жұмыс істеп жатыр?

 

- Ең алдымен, біздің Орталықтың бірінші кезектегі жұмысы - әрбір институтымыздың жеке жылдық жоспарында «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасының аясында кешенді іс-шараларының кеңінен қамтылуына қолдау көрсету болмақ. Сонымен бірге, Орталықтың өз алдына нақты атаулы жобаларға арналған жоспары бекітілген. Міне, бұл бүгінгі Орта­лықтың күнделікті жоспарға сай жұмыс істеуін қамтамасыз етпек.

 

Оның ішінде, «Туған жер» жобасы, «Латын әліпбиіне көшу» жобасы, «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы, «100 жаңа есім - Тұлғатану» жобасы, Жаңа гуманитарлық білім: «100 жаңа оқулық» мемлекеттік бағдарлама аясындағы жобаларымен қатар, өз университетіміз тарапынан «Студенттер мен магистранттардың ұлттық санасын қалыптастыру» жобасы, «Абайтану - жаңа белесте» жобасы, «Жыр алыбы - Жамбыл» жобасы, «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті» арнайы жобасы, «Ұлы дала жастары» жобалары жүзеге асырылып келеді.

 

Әрине, аталған жобалар университетіміздің идеологиялық құрылымы Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаментімен етене тығыз жүзеге асырылса, академиялық және ғылым департаменттерінен бастап, барлық тікелей институттармен ақылдаса отырып, жұмыла кіріскен мемлекеттік бағыттағы жобалар өз уақытында орындалып келеді. Биылғы онлайн форматтарында да ақпараттық құралдардың озық үлгілерін пайдаланып, Рухани жаңғыру идеяларын кеңінен насихаттау мақсатында студенттер мен оқытушыларымызға қажетті іс-шараларымыз бен бастамаларымызды мобильді, нақты, тиімді түрде жеткізіп отырмыз.

 

- Осы жылы қанша іс-шара өткізуді жоспарлап отырсыздар? Сіздің ойыңызша, нақты қай бағытқа басымдық беру керек?

 

- Биылғы оқу жылында университет дәсүрлі өтіп келе жатқан «Менің пірім - Сүйімбай» халықаралық айтысын, республикалық пікірсайыстарды, қалалық деңгейде «Абайдың асыл мұрасы» атты мектеп оқушылары мен студенттерге арналған байқаулар мен оқуларын өткізу, есімі танымал ғалымдар мен қайраткерлердің еңбектерін жарыққа шығару өз деңгейінде өтуде.


Туған жер мен қасиетті жерлерге саяхаттау мақсатында арысы Бурабай, Бөрілі-Жидебай, Алаша хан, Түркістан, Қарахан, Айша бибі кесенелері орналасқан қасиетті өңірлер болса, Алматы облысының көрікті жерлеріне студенттік туризмдік бағытта шығу, ол жерлерде көркемсуреттік плэнерлерді дәстүрлі форматта ұйымдастыру жұмыстары биылғы жылы жүзеге аспақ.


Оның үстіне биылғы мерейтойлы жылдарға сәйкес, Жыр алыбы - Жамбылдың 175 жылдығына орай, Ыбырай Алтынсариннің, М.Мақатаевтың және т.с.с. еліміздің дарынды дара тұлғаларына арналған кешенді іс-шараларды атқару жыл соңына дейін жоспарда тұр. Барлығы екі жүзден астам үлкенді-кішілі, бірақ өте маңызды жұмыстар атқарылады.

 

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жастарға білім мен тәрбие беруде қандай жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлайсыз?

 

- Жақында Алматы қаласының №119 мектеп мұғалімдерімен, оқушыларымен кезекті кездесуімізде, осы сауалдың айналасында біраз пікір алмастық. Жеке зерттеулерім мен тәжірибеме сүйенсем, ең алдымен мемлекетіміздің даму бағытын дұрыс түсінуіміз керек.


Қазіргі ақпараттық ағым мен жаһандық мәдениет толқынында ұлтымыздың заманауи өмір сүру формаларын, уақытқа сай өміршең қабілетін күшейткеніміз абзал.


Ең бастысы, біз мынадай қателікке ұрынбауымыз керек. Егер қолға алынған бағдар, жоба, жоспарыңыз өскелең ұрпақтың талғамына сай келмесе, мейлі қанша жерден алтынмен аптап, күміспен күптеп қойсаңыз да, оны баланың бойына сіңіре алмайсыз.

 

Кез келген тәрбиелік мәнді жобаны адрестік аудиторияның жасы, білім деңгейі, қабылдау мүмкіндігі, түйсік - түсінігіне қарай бейімдеп жүргізу абзал. Университеттерде студенттерге түрпідей тиетін «массовка» болу деген оғаш ұғым қалыптасқан. Міне, осы тұрғыдан алғанда студенттің жүрегі мен санасына апарар жолды, құралды дұрыс анықтаған жөн. Егер қазіргі баланың 85 пайызы кітап оқымаса, есесіне, 95 пайызы күндіз-түні инстаграмм мен тик-токтан көз алмай қадалып отырады, ендеше кешегі дәстүрлі форматтағы іс-шаралар, том-том кітаптарыңыз кім үшін қажет?

 

Сондықтан, «Рухани жаңғырудың» тәрбиелік саясатын жүзеге асыру айтарлықтай оңай дүние емес. Бұл жерде педагогикалық, психологиялық, философиялық секілді үлкен дайындықты қажет етеді. Осы бағытта университет басшылығы биылғы көктем айларында арнайы маманданған әдіскер-ғалымдардың көмегімен «Рухани жаңғырудың психологиялық негіздері» атты «Рухани жаңғыру» идеяларының академиялық, ғылыми негіздемелерін нақты түсіндіретін оқытушы-профессорларға арналған он күндік курстарын өткізді. Әрі қарай да, егер оффлайндық тәртіпте оқыту үдерісіне көшетін болсақ, біз 13500-ден астам білімгерлерімізге тәрбиелік мәнді жұмыстарымызды кешенді түсіндіріп, жүргізе береміз деп нық сеніммен айтамын.

 

- «Рухани жаңғыруымыз» үшін қандай бағытқа бет бұруымыз қажет?

 

Рухани жаңғыру бағытында жасалатын креативті бағыттар өте көп. Мысалы, ұлттық тарихты зерттеудегі жаңашыл көзқарастар, әлемдік озық ойлы жобалардың ұлтымыздың болмысына сай дәстүрлі форматтарда үйлесім табуы. Немесе ұлтымыздың ұлттық спортын, қару-жарағын, ойынын, қолөнерін, қасиетті жерлерін жаңа технологиялық жобалармен әлем тілдерінде сайратып көрсету, туризмді жан-жақты дамыту. Ұлттық материалдық құндылықтарымызды брендке айналдырып, отандық экономиканы әлемдік озық үлгіде өркендету.

 

Әлі де болса, әлемдік тәжірибелермен сусындаған осы бағыттағы кадрларды жасақтау. Біреудің көшірмесін емес, оның ұтымды жақтарын, асыл құндылықтарын ұлтымыздың ерекшеліктеріне орай бойымызға сіңіріп, жаһандық керуенге ілесуіміз керек. Кітап оқуға баланы заманауи жолдармен тәрбиелеу. Балалар әдебиетін, мультипликациясын, әндерін, поэзиясын, киноларын өркендету. Ізгілік пен мейірімділік, қайырымдылық, табиғатқа жанашырлық, құқықтық мәдениет, еңбекке баулу идеяларын, үлгілерін, жобаларын күшейту қажет деп түсінемін.


Әрине, бүгін біз ертеңгі ел тізгінін ұстар ұрпақты тәрбиелейміз, осы ретте, баланың бойына қандай рухани нәр құйсақ, келешекте соның жемісін көреміз. Сондықтан, Рухани жаңғыру идеясы бәрімізге ұлт алдында үлкен жауапкершілік жүктейтінін ұмытпауымыз керек.

 

 

20.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: juldyz.info