қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
24.06.2021

ҚазҰПУ-де өткен Қазақстан-Француз форумында құқық саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

 

Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Болашақта елдің байлығы, даму көрсеткіші жер асты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергендігіне, онымен жұмыс істеу үрдісінің қалыптасуына байланысты болмақ. Бұл орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзе­ге асыруда 4 бағытты көрсетіп берді. Бірінші бағыт - ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қам­­та­­масыз етіп, Қазақ­стан­ның транзиттік әлеуе­­тін арттыру. Екінші бағыт - көлік және логис­тика, ден­­­сау­лық сақтау, білім беру, ауыл шаруа­шы­­лы­­ғы және электронды сауда салаларына цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі - мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төр­тін­ші бағыт - IT - мамандарды даярлау. Осы төрт бағыттың ішінде мемлекеттік органдар жұмысында цифрлық технологияны жүзеге асыру қазіргі таңда қарқынды дамуда.

 

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында құқық қорғау органдары мен соттарды цифрландыру көзделген. Қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшіріледі.

 

Азаматтардың құқықтарын қорғау және жылдам әділ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында қылмыстық сот ісін кезең-кезеңмен электрондық форматқа көшіру жүргізілуде.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Сорбонна-Қазақстан» институтында өткен ІV Қазақстан-Француз форумының күн тәртібіне «Цифрландыру дәуіріндегі құқық» мәселесінің қойылуы бекер емес. Қазіргі таңда Францияда және Қазақстанда цифрлық даму біздің қоғамымыздың ұйымдастырушылық және экономикалық модельдерінің өзгеруіне ықпал етуде. Есептеу қуаты үнемі өсіп келе жатқан компьютерлердің көмегімен, күрделі алгоритмдермен өңделген деректердің үлкен массивтерін пайдалану кейде үшінші өнеркәсіптік революция ретінде қабылданады. Бұл, сөзсіз, құқықтық санаттарды қайта қарастыруға әкеледі, сондай-ақ Францияда және Қазақстанда жеке, жария құқықтың барлық салаларына әсер етеді.

 

Форумға заң ғылымдарының докторы, профессор Н.Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов пен Қазақстандағы Франция елшілігіні атташесі Жиль Маметц модераторлық етті.

 

ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Мәми Қазақстандағы құқық саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан игілікті істер туралы айтты. Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс, Франция Республикасының Конституциялық кеңесінің мүшесі Клэр Бази-Малори, Франциядан тыс жерде тұратын француз азаматтарының мүддесін білдіруші, сенатор Кристоф-Андрэ ФРАСА, (ENM) Ұлттық судьялар мектебі директорының орынбасары Эли РЕНАР, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Француз агенттігінің жетекшісі Шарль ДЮШЭН, Нотариустардың Жоғары Кеңесі Төрағасының орынбасары Антуан ДЕЖУА Франциядағы құқық саласын цифрландыру жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров және бірқатар министрліктердің басшылары еліміздегі цифрландырудың барысы және оны дамыту жөнінде алда тұрған міндеттер туралы өз ойларын ортаға салды.

 

Пленарлық мәжілістен кейін «Сорбонна-Қазақстан» институтының түлектеріне Қазақстан мен Францияның дипломдары табыс етілді. Форум өз жұмысын жеке-жеке секциялар бойынша жалғастырды.

 

 

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Қоғаммен байланыс бөлімі

24.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz