қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
09.12.2021

Тәуелсіздік және еліміздің білім жүйесі

 



Қ.Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады... Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «30 жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралып, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін мезет», - деген болатын. Шынында да бұл 30 жыл уақыт еліміздің мемлекет болып қалыптасуына, әлемдік қауымдастықтан өз орнын айқындауына, түбегейлі қалыптасуына жол ашқан айтулы кезең болды.

 

Халқымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке қол жеткен, еркін де егеменді ел болған бұл күн - Отанымыздың әрбір азаматы үшін аса қастерлі мереке. Бүгінгі Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін осыдан 30 жыл бұрын жариялаған болатын. Осы күн мемлекеттік мереке болып 1991 жылы 16 желтоқсанда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойған Кониституциялық Заңда бекітілді. «Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз, - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. - 30 жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әр орнықты мемлекетке айналды».

 

Тарихқа терең үңілсек, қазақтың кейбір ру-тайпалары талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Алайда үш ғасырдан астам уақыт жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырап, екі жарым ғасыр ғасыр Ресей империясының, 74 жыл Кеңес Одағының қоластында болған қазақ елі өз тізгінін өз қолына алған бұл күнге қилы-қилы қиын замандарды бастан өткеріп барып жеткенін әрқайсымыз жақсы білеміз. Сондықтан да Тәуелсіздік - біз үшін ең басты байлық, қасиетті ұғым, қастерлі қазына.

 

Тәуелсіздік - 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде алаңға шыққан жастардың ерік-жігерінің, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Патшалық Ресей дәуірінде де, Қеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс еш бәсеңсіген емес. Біз бірнеше жүз жылғы бодандықтан кейін, ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік - бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры - сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Негізгі Заңымыз Конституцияда: «Қазақстан өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы - адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - делінген. Демек қоғамда тұрақтылықты, татулықты қалыптастырып, елдің әл-ауқатын жақсарту басты мәселеге айналып отыр. Біз қазір шын мәнінде дербестігімізге даңғыл жол ашып, азат ойлауды қалыптастыру жолындамыз. Ата Заңымыздың арқасында еліміз демократиялық даму жолына түсті. Сонымен қатар ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылыққа негізделген сенімнің биік деңгейі сақталып отыр.

 

Тәуелсіздік - ол ұлттық мемлекетің діңгегі. Оның тамыры, рухы, ұраны - ел мен халық. Олай болса өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы қашан да өз тәуелсіздігін бойтұмардай сақтап, еркіндік жолында биіктен биікке ұмтыла бермек.

 

Бізді бұл күнге жеткізген ұмытылмас оқиғалар - ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтерілістері, халқымыздың жасымайтын асқақ рухы болатын. Бұл еркіндік сүйгіш патриоттық дәстүрді, өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғаларды Елбасымыз кезінде: «Ұлы далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтерілістер эстафетасы - біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері», - деп бағалаған болатын. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын қазақ халқы тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре - бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу - бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы.

 

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Ол еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында жүзеге асып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы - елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі.

 

Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.

 

Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық.

 

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды.

 

Халқымыздың саны 19 миллионнан асып, адамдарымыздың өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Елімізде берік экономикалық негіз қалыптасты. Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Біздің стратегиялық мақсатымыз - 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

 

Тәуелсіздік жылдарының ең басты табысы жаңа Елордамыз - бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласын салуымыз болды. Ол ғаламшарымызда ХХІ ғасырда пайда болған ең бірінші астаналық қала. Соңғы 5-6 жыл көлемінде ғана 270 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Кейінгі оншақты жылда адамдарымыздың еңбекақысы мен зейнетақысы он еседен астам ұлғайды. Осы жылдарда 1 млн астам отбасының баспаналық жағдайы жақсартылды. Еліміз бойынша 2800-ден астам балабақша және жекеменшік шағын балалар орталықтары ашылды. Еліміздің түпкір-түпкірінде 1800-ге жуық жаңа мектеп салынды. Әлемдік деңгейдегі «Назарбаев Университеті» өмірге келді. Барлық өңірлерде 20 зияткерлік мектеп ашылды. Сондай-ақ осы уақытта мыңнан астам денсаулық сақтау нысаны салынып, олар ең заманауи құралдармен жабдықталды. Білім беру және денсаулық сақтау салаларында ондаған инновациялық табыстарға қол жетті.

 

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Университетімізге «Ұлттық» мәртебесі берілді. Оқу орнымыз 2007 жылы Болон Хартиясына (Италия) қол қойды. Дүниежүзінің мыңдаған оқу орындары мүше болып отырған әлемдік университеттер қауымдастығына, Еуропа университеттері Ассоциациясына мүше болу арқылы университетіміздің халықаралық беделі өсіп, өрісі кеңейді. Біздің университетіміздің базасында Сорбонна-Париж сити университеттер кешенінің әлемдегі екінші, Орталық Азиядағы бірінші филиалының ашылуы Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайта түскен елеулі оқиға болды. Бұл институттың түлектері бүгінде Француз Сорбоннасы мен Абай университетінің дипломдарын қоса алып, халықаралық деңгейдегі мамандар болып шығуда.

 

Кейінгі жылдары университетімізде бірқатар түбегейлі өзгерістер болды. Бұрынғы жеке факультеттер ірілендіріліп, институттарға айналдырылды. Кафедралар да оңтайландырылып, ғылыми әлеуеті арта түсті. Қазір бізде 7 институт, 39 кафедра жұмыс істейді.

 

Бүгінгі біздің басты мақсатымыз - білім берудің сапасын барынша арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Бұл үшін оқу үдерісіне әлемдік озық инновацияларды кеңінен енгізіп, білім беруді барынша жаңартуға күш салып отырмыз. Осыған байланысты студенттерді электронды оқыту құралдарына - электронды оқулықтарға, оқу бағдарламаларына негізділген интерактивті және инновациялық технологиялар бойынша оқытуға ерекше назар аударылуда. Біз зертханаларымыз бен дәрісханаларымызды жаңа оқу жабдықтарымен, электронды плакаттармен және компьютерлік бағдарламалармен толықтыруға ерекше көңіл бөлудеміз және ақпараттық порталды үнемі жаңартып тұрамыз. Студенттердің цифрлық дағдысын қалыптастыруда ағылшын тілінде оқытылатын «Ақпараттық және коммуникациялық цикл», «Білім берудегі цифрлық технология», «Қашықтан білім беру технологиясы» пәндері маңызды роль атқарады. Қашықтан білім беру 61 оқу бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Оның 29-ы педагогикалық мамандықтарға арналған. Оқытудың бұл түрі «Moodle» платформасы бойынша ұйымдастырылды. Өткен оқу жылында әлемдік індетке байланысты барлық білім беру жүйесі қашықтан оқытуға көшірілді. Бейнеконференциялар мен вебинарлар Zoom, Google Meet, Microsoft Feams, G-suit, Microsoftb Classroom, Scype сервистерінің көмегімен өткізілді. Сессиялар мен қорытынды аттестацияларды синхронды және асинхронды прокторинг қолдану арқылы цифрлы форматта өткіздік. Емтихандарды академиялық тұрғыдан адал ұйымдастыру үшін «Цифрлы этикет» жасалып, электрондық цифрлы қолтаңба QR енгіздік.

 

Оқу орнымызда STEM-парк ашу арқылы оқу үдерісіне информатика, электроника, радиоэлектроника және робототехника бойынша білім бағдарламасы енгізілді. «Білім беру мехатроникасы мен робототехника» курсына арналған оқу-әдістемелік кешен іске қосылды. STEM-парктің көмегімен жоғары коммерцияландырылған әлеуеті бар ғылыми жобалар жүзеге асырылып, студентттердің робототехника, мехатроника және техникалық шығармашылығының басқа да түрлері бойынша олимпиадалар өткізілді. STEM-парктің базасында электронды оқыту платформасының орталығы ашылды. Оқу үдерісінде бір жүйеге біріктірілген компьютерлік сыныптар, интерактивті тақталар, проекторлар, мультимедиалық сыныптар, мемлекеттік және шет тілдерін оқыту кезінде пайдаланылатын лингафондық кабинеттер қолданылуда. Оқу үдерісі кезінде білім сапасын арттыру үшін проблемалық-бағдарламалық оқыту, деференциалды деңгейлік оқыту, студенттердің білім деңгейін анықтайтын критериалды бағалау технологиясы, ойын технологиясы, командалық-топтық оқыту жүйесі, цифрлы технология сияқты жаңа әдістер кеңінен пайдаланылуда.

 

Профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, оқу-әдістемелік жұмыстарды жақсарту, оқу бағдармаларын және білім мазмұнын барынша жаңарту арқылы сапалы маман дайындауды мақсат тұтып отырмыз және бұл бағытта көптеген игілікті жұмыстар жүзеге асырылуда.

 

...Тәуелсіздік мерекесі мемлекетіміз үшін - біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды ие тұрып, тәуелсіздік қадірін терең сезінуіміз керек. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.

 

 

 

Авторы: Дархан Біләлов,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры

09.12.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazdauiri.kz