қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
15.05.2023

«Педагогикалық сынып» жобасының мақсаты - білікті маман даярлау

 



Бүгінгі күнде мұғалімдерге жоғары талап қойылады.

 

Ұстаздың қадірі - қоғамның қадірі. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» әрбір баланы білім нәрімен сусындататын педагогтердің қоғам қалыптастырудағы алар орны қашан да маңызды болды. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Ұстаз... Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген. Бұл өткен күннің ұстазына да, бүгінгінің ұстазына да қажет әрі маңызды, өміршеңдігін жоғалтпайтын құнды пікір. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің аталған дәйексөзі білім беру саласының бүгінгі таңында қоғамды алаңдатқан мәселені де айқындайтындай. Қазіргі таңда «мұғалімдердің қоғам алдындағы қадірі, заманауи мұғалім бейнесі, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас» сияқты тақырыптар мемлекет басшысының жолдауларынан бастап, қоғам белсенділерінің арасында талқыға салынған өзекті мәселелерге айналды.

 

«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғырту жолы». Бұл жолдаудың арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Мемлекет басшысы алдымызға биік мақсаттар қойып отырған өз жолдауында мектептердің білім беру сапасын арттыруды тапсырды. Бұл мақсатқа біліктілігі жоғары мұғалімдерді даярлау жүйесін енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болатыны баршаға мәлім.

 

«Болашақ ұстаздарды дайындаудың қолданыстағы жүйесі, әсіресе жоғары оқу орындарында берілетін білім сапасы жиі сынға алынып жатады. Бұл сын орынды. Біздің елімізде бұл мамандықты «әлсіз» түлектер таңдап, университетке түсіп, диплом алған соң, мектепке жұмысқа орналасқан жағдайлар да бар. Мұндай «маман» сабақ берген соң, оқушылар да «әлсіз» болады, мектептегі білімнің сапасы да нашар болады. Одан кейін осы оқушылар ЖОО-ға түседі. Нәтижесінде экономикаға әлсіз мамандар келеді. Міне, осы мысал мәселенің маңыздылығын көрсетеді», - деп Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәселенің түп-төркінін тайға таңба басқандай көрсетті. Мәселе анықталды, шешімі ретінде педагогтердің шәкіртақысы өсті, жұмысқа орналасу кезінде бәсекелестік болуы үшін конкурс негізінде қабылдау жүйесі енгізілді. Алайда, бұл шешім - мұғалімдік қызмет таңдалғаннан кейін жүзеге асатын процесс. Ал, мектеп түлектері гранттың 4 жылдық қысқа мерзіміне қызығушылық танытудың нәтижесінде, мамандықтың өмірлік маңызды таңдау екенін ұмытып, мұғалімдік қызметті байыбына бармастан, саналы дайындықсыз таңдайды. Соның салдарынан бүгінде мектепте «кездейсоқ мұғалімдердің» қатары көбейді. 11-сыныптан кейін ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, жеткілікті балл жинай алмай жатса әрі өзі бейім, қызығушылығы бар саланы білмесе, жас түлекті ата-анасы бірден мұғалім мамандығына оқуға түсіреді. Осылайша «Мектептің жүрегі» болатын киелі мамандықты соңғы орынға қойып, адам өміріне, қоғамға деген салғырттық танытады.

 

«Алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ» ,- дейді халық, тұтас қоғамды алаңдатқан бұл мәселені алар асуды да, бағындырар белесті де, шешетін түйінін де - педагогтерді даярлауда бірінші орында тұрған білімнің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұсынды. Қазіргі жаһандану заманында өзге елдермен тереземіз тең болу үшін, ең алдымен, елдегі оқыту саласына басымдылық берген дұрыс. Сол себепті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Дархан Биляловтың авторлығымен «Педагогикалық сынып» жобасы ұйымдастырылды. Бұл жобаның мақсаты - оқушыларды мұғалімдік мамандыққа ерте бейімдеу. Оқушылардың «Мұғалім» мамандығына деген қызығушылығын арттыру және педагогикалық қызметте өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігіне оң көзқарасын қалыптастыру.

 

Пилоттық жоба Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиеті тереңдете оқытылатын мектеп, Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика лицей-интернаты, И.Қ Мандоки атындағы №154мектеп, №81 мектеп-гимназиясы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің арасындағы ынтымақтастық келісімі негізінде жүзеге асырылды. Жобаға 10-11 сынып мектеп оқушылары қатысты. Мұғалім мамандығының мәртебесін көтерер бұл жобаның бағдарламасы арқылы педагогикалық қызметке бейімділігі бар жас түлектер ұстаздар, ойшылдар мен ағартушылардың өмірі, қызметі, идеялары, тағылымдары негізінде оқушыларды мұғалімдік мамандықтың пайда болу және даму тарихы туралы білді. «Заманауи идеал мұғалім және оның жетістігінің сыры неде?» деген сұрақтың жауабын іздеді, гуманизм, жауапкершілік, әдеп сияқты педагогикалық құндылықтарды танып, қарым-қатынас жасаудың жолдарын, негіздерін үйренді. Оқушылар бұл жоба арқылы өздерінің жаңа қырларын ашып, шығармашылық қабілеттерін шыңдады. Білім беру сапасына тікелей әсер ететін жоба оқушылардың жоғары оқу орнына түспей тұрып, саналы түрде «Мұғалім» мамандығын таңдауына бағытталған. Өзін-өзі тануға, өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі тәрбиелеуге деген ынтасын және қызығушылығын арттыру, «Мен мұғаліммін» тұлғалық тұжырымдамасын болжауға және өзін-өзі жобалауға мүмкіндік берді.

 

Алғашқы педагогикалық сынып сабақтарында сөйлеу мәдениетін толық игермеген, ойларын жеткізуге қысылатын оқушылар қорытынды сабақтарда сөздері дәл, қисынды әсерлі сөз шеберлеріне айналды. Алғаш сахнаға шығып, өнерлерін көрсеткен оқушылар жаңа қабілеттерін ашып, тұлғалық болмысын қалыптастыратын алғашқы қадамдарын жасады. Күнделікті сабақтардан оқушылардың тарапынан «Шынымен де сабақ қызықты өтті! Күннен-күнге шыңдалып, үйреніп жатқанымызға қуаныштымын», «Әр сабақ сайын жаңа нәрсе үйренудеміз», «Әр сабақтан алар тәліміміз, ұғар дүниеміз таусылар емес. Маған әріптестерімнің әділ бағалауы, бір-біріне сыйластықпен қарағаны ұнады»,«Педагогиканың мың сыры болса, бір сырын енді түсіне бастағандаймыз. Достарымның да сабаққа құштарлықпен белсене қатысқаны қуантты» сынды кері байланыс орнатылды. Оқушылардың жылы лебіздері мен жеткен жетістіктері «Педагогикалық сынып» жобасының жоғары нәтижеге қол жеткізгенін көрсетеді. Еліміздің білім беру саласын өркендету, мұғалім мамандығының қадір-қасиетін арттыратын жобаларды ұйымдастыру - жас түлектердің және болашақ педагогтердің идеяларына, ішкі әлеміне, алаңдататын сұрақтарына мән беруден бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Барлық сұрақтың жауабын беріп, мұғалім мамандығының проблематикасын ашатын кілт - оқушы. Оқушының күнделікті сабақ барысында туындайтын мәселелеріне назар аудару арқылы, балаға құлақ асу арқылы мұғалімдік қызметті сапалы атқарудың жолын көрсетеді.

 

Мағжан Жұмабаев айтқандай «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы - мұғалімдер», еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын - мұғалімдердікі. Сол төрдегі қадірлі орынға лайық мұғалімдерді даярлауды ерте бастан-ақ қолға алайық! Жоғары оқу орындарында ата-анасының ғана қалауымен мұғалімдікті таңдаған, еріксіз жүрген, балаға деген сүйіспеншілігі жоқ, мамандыққа деген құрметі жоқ, жауапкершілікті сезіне алмайтын студенттер емес, келешекте мектептің жүрегін соқтыратын, түйінді мәселелерді шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолында күрескер студенттерді таңдап, талғауға мән беруге шақырамыз.

 

Авторы: Бауыржан Сайдахметов,

п.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ, педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, пилоттық жоба жетекшісі

15.05.2023 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz