қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
19.01.2018

Жолдау мақсаты - білімді шыңдау


Жанат ЖАНБАЕВА, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тарих және құқық институты докторанты:


- Елбасымыз Қазақстан халқына ұсынып отырған биылғы Жолдауының «Адами капитал - жаңғыру негізі» жетінші бағытында білім беру саласынының мәселелеріне ерекше тоқталған.

 

Жоғары бiлiмдi, өз кәсiбiнiң шебер мамандарын даярлау мәселесi қашанда өзектi екені белгілі. Кез келген мемлекеттiң дамуында маңызды рөл атқаратын кәсіби мамандықтар орны қай уақытта да ерекше аталып келеді. Елбасы «Болашақта еңбек етiп, өмiр сүретiндер бүгiнгi мектеп оқушылары, мұғалiм оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетiн мiндет өте ауыр» деп мұғалiм рөлiн жоғары бағалаған болатын. Президентіміздің Жолдауында жүктеген міндеттеріне байланысты университетіміздің деңгейін дамыған елдердегi деңгейге жеткiзу, мұғалiмдеріміздің мәртебесiн көтеру, студенттердің білім алуына жағдай жасау бағытында қазіргі таңда ректорымыз Такир Балықбаевтың бастамасымен университетімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

 

Студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы, Кәсіби біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту орталықтары ашылып, оқытушылардың біліктілігін көтеру мақсатында курстар жүргізіліп жатыр.

 

90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторанты ретінде мен үшін қуантарлық жағдай. Болашақ мамандарды даярлайтын оқу орындарын, ол жердегі білім беретін оқытушыларды қолдау ел болашағына жасалынатын алтын қор деп білемін.

 

Бүгінгі ұстаздардың ең басты мақсаты - білімді шыңдау, ағылшын тілін меңгеру. Елбасымыз 2018 жылдағы Жолдауын да елiмiзде бiлiм беру саласын дамытудың жаңа мiндеттерiн нақты белгiлеп бердi. Осы мiндеттi iске асыру бiлiм беру саласы қызметкерлерi мен ұстаздарға, білім алып жүрген біздерге үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.

 

Сонымен қатар, қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр азамат Елбасы тапсырмаларын орындау да өзіндік үлестерін қосқаны абзал.

 

 

Әсел ИСАТАЕВА, Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институты докторанты:


- Егемен еліміздің кемел келешегі үшін ең өзекті шарт болып саналатын оқу-білім мәселесіне Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев үнемі айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келеді. Соның бір дәлелі, 10 қаңтарда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы. Жолдауда Президент халқымыз жүзеге асыруға тиіс 10 негізгі бағытты айқындап берді. Елбасының ұсыныстары мен ойлары маған да ерекше қозғау туғызды.

 

Атап айтқанда, «Адами капитал - жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші бағыты, білім беру саласына арналған. Ол бұрын да өзінің стратегиялық мәні бар еңбектерінде, халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында, сөйлеген сөздері мен студент-жастар алдында оқыған дәрістерінде оқу-білім жайлы айтып келеді.

 

Биылғы Жолдауында Елбасымыз барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетудің қажеттілігі, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттыру, жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кіріктіру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту мәселелеріне білім беру саласы қыз-меткерлерінің ерекше назарын аударып, үлкен міндеттерге жетелеп отыр.

 

Мен еліміздегі Жоғары оқу орындарының қара шаңырағы, еңселі білім ордаларының бірі Абай атындағы Қаз ҰПУ-де «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемес» мамандығының 1 курс докторантымын. Елбасының 21 ғасыр бақталастық емес, бәсекелестік ғасыры деген ойын басшылыққа ала отырып, бәсекеге қабілетті, жаңаша ойлайтын, өзіме де, қоғамға да шығармашылық-жасампаздық тұрғыдан талап қоя білетін білікті маман болу менің арманым. Мен Елбасының бүгінгі таңда ұстанып отырған экономикалық- әлуметтік және халықаралық саясатын шын жүректен қолдаймын. Әсіресе биылғы Жолдауы маған көп ой салды. Өзімнің оқуым мен білімімді Жолдаудағы туындап отырған міндеттерді жүзеге асыруға жұмсаймын.

 

19.01.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz