қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
02.03.2018

ӘДЕБИЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІ КЕҢЕЙДІ

 


 

Ғылым ордасында М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутының есеп беру кездесуі өтті. Шара бары­сында 2015-2017 жылдары гранттық жобалар бойынша жүзеге асырылған 48 кітаптың тұсауы кесілді.

 

2015-2017 жылдары жүзеге асы­рылған гранттық жобалар бо­йынша жалпы саны 48 кітаптың тұсауы кесілді. Оның ішінде 24 ұжымдық монография, 9 авторлық моногра­фия, 1 оқу құралы, 1 энциклопедия, 4 ғылыми жинақ, 1 аударма еңбек, 2 антология (қазақ, орыс, және ағыл­шын тілдерінде), 4 конференция материал­дар жинағы, 1 элек­трон­дық альбом, «Электрон­дық жинақ» (Қазақ қолжазбалары) бар. Бұдан бөлек 2017 жылы «Керуен» журна­лының кезекті 6 саны мерзіміне сай басылып, таратылды.

 

Ұсынылып отырған еңбектер Қазақстан әдебиеті мен өнерін түрлі аспектіде зерттеу нәтижесінде қол жеткізілген нәтижелерді қам­тиды.


М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­торы Уәлихан Қалижан баяндама­сында институттың жетістіктері мен атқарылған жұмыстарын та­ныс­тырып өтті. Институттың басты ғылыми табыстарына институт ұжымының ғылыми-зерттеу субъек­ті ретінде аккредитациядан өткенін, 2015-2017 жылдары гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылған 26 жоба бойынша жоспарлы жұмыстар толық іске асып, тиісті нәтижелерге қол жеткізілгенін, 2017 жылы білім және ғылым интеграциясы аясында PhD докторантурада кәсіби даяр­лықтан өткен шәкірттердің алғаш­қы легі оқуларын аяқтап, жуырда 1 докторант диссерта­циясын сәтті қорғап шыққанын айта кету керек. Жуырда тағы 2 докторант қорғағалы отыр. Бұл - ғылыми кадрларды дайындау бойынша жаңа жүйедегі алғашқы нәтижелер. Тағы бір айта кететін жайт, нөлден жоғары им­пакт-факторға ие шетелдік рецен­зияланатын журналдардағы мақа­лалар саны 2017 жылы едәуір өскен. 2016 жылы осындай басылым­дардағы мақалалар саны 3 болса, өткен жылы 11 мақала шыққан екен. Өткен жылғы жетістік­тердің сүбелісі - мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инсти­туттан 11 жас ғалым баспаналы болғанын айтуға болады.


Уәлихан Қалижан ғылыми кадрлар дайындау саласындағы жұмыстарға да тоқталды. «Ғылым мен білім интеграциясы аясында 2014 жылдан бастау алған жас кадр­ларды даярлау ісі сәтті жалға­сып келеді. 2017 жылы әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-мен бірлестікте «Ғылым ордасы» базасындағы Ғылыми кадрлар даярлау орталығы арқылы «Әдебиеттану» мамандығы бойынша кәсіби дайындықтан өткен 5 түлегіміз оқуын аяқтап, магистр атанды. Жалпы, соңғы уақытта институтымыздың кәсіби біліктілік деңгейі айтарлықтай жоғарылады. 2012-2017 жылдар ара­лығында 24 жас маман магистра­турада білім алып, академиялық біліктілік дәрежесін жоға­рылатты. 2014-2017 жылдары 15 жас маман PhD докторантураға түскен, оның екеуі шетелдік білім грант­тарына ие болып, Түркия мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. 2015-2017 жыл­дары институтта жүзеге асырылған 5 жобаға елі­міз­дің жетекші жоғары оқу орын­да­рының оқытушы-профес­сорлары қатысты» дей келе, институттағы ғылыми қызмет­керлердің 30 па­йызы жоғары оқу орындарында қосымша сабақ беретінін атап өтті.


Бүгінгі таңда М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты әдебиет пен өнер саласы бойынша Нидерланды, Чехия, Молдова, Беларусь, Украина, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбай­жан елдерінің 23 шетелдік ұйымы­мен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Соның ішінде 3 мекемемен ғылыми ынтымақ­тастық жөніндегі келісімшарт 2017 жылы жасалғанын айта кету керек. Олар: Алтай мемле­кеттік мәдениет институты (Ресей), Гиресун университеті (Түркия), Б.Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университеті (Ресей).


Институттың халықаралық байланысын нығайту хақында институт басшысы «Халық­аралық байланыстың енді бір формасы - бірлесіп ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу және ғылыми еңбектерді бірлесіп дайын­дау. 2017 жылы АҚШ, Фран­ция, Германия, Болгария, Румыния, Молдова, Литва, Словакия, Үндістан, Түркия, Қытай сынды алыс-жақын шетелдердің жеке­леген ғалымдарымен серіктес­тікте ұжымдық монография, ғылыми жинақ және антология дайында­лып, жарық көрді» деді.


2018-2020 жылдары институтта 4 гранттық жоба, 1 нысаналы бағдарлама жүзеге асырылатын болады. Сонымен қоса, Уәлихан Қалижан келер жылы өткізілетін шаралар жоспарына тоқталды. Бұл тізімде әйгілі жырау, дана би, абыз, қазақ ауыз әдеби шығармашы­лығының көрнекті өкілі Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толуына орай өтетін республикалық конференция, «Абай оқулары» республикалық конференциясы, Алаш қозғалысы­ның қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай өтетін жас ғалымдар конференциясы, «Әуезов оқулары» халықаралық конферен­циясы және басқа да бар. Аталған конференциялардан бөлек Білім және ғылым министрлігінің ве­домстволық жоспарына сәйкес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін шаралар да бар. Олар да жыл бойында жүйелі іске асырылатын болады. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру - күн тәртібінде тұрған мәселе екеніне назар аударған институт басшысы әсіресе, жас мамандардың тілдік курстардан өтуіне аса мән беру қажеттігін алға тартты.


Әуезов қорының президенті Мұрат Әуезов бүгінгі таңда әде­биетке ерекше көңіл бөліну керек­тігін сөз етіп, институт жұмысына жоғары баға берді. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институ­тының директоры Әбсаттар Дербі­сәлі институттың мәдени байла­ныстарына тоқталып, ғылыми әлеуеті арта түскеніне айрықша мән берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Алуа Темірболат ғылым мен білім интеграциясы аясында біріге атқарылып жатқан іргелі жұмыстарға тоқталса, Беларусь мәдени орталығының директоры Александр Вой­цехов­ский Беларусь мем­лекетіндегі қазақ әдебиетін өскелең ұрпаққа таныс­тыру мақсатында өткізілген шара­лардың маңызы жайында әңгі­меледі. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Темірхан Тебегенов тұсауы кесілген еңбектердің ғылымды дамытудағы алар орны айрықша екенін айтып, қазақ әдебиетін ғылыми негізде дәлелдеп отырған институттың болашағына үлкен сенім артты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының маңызды тұс­тарына тоқталып, қазақ әдебиетін өркен­дету жайында ойларымен бөлісті.

 

Авторы: Ақбота Исләмбек

02.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz