қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
30.05.2018

«100 жаңа оқулық» - қоғамдық сананы қалыптастырады

 



Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мақсаты әлдеқайда кең. Жаңа оқулықтар арқылы қазақ тіліндегі оқулықтардың мазмұны мен деңгейі көтерілетіні сөзсіз.


Сол арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы жаңа деңгейде көтерілетіні анық. Өйткені әлемдік гуманитарлық ғылым қазақ тіліне мұндай көлемде ешқашан аударылған емес. Бұл бастама қоғамдық сананы жаңғырту арқылы қоғамымыздың ең басты бөлігі, зор инновациялық әлеуетке ие жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы барлық жобалардың ішінде нақты нәтижелі жоба.

 

Жоба қазақстандық білім алушыларға ең таңдаулы заманауи білімге қол жеткізуіне, білім сапасын арттырып, білім саласындағы жаһандық бәсекелестікке дайындалуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасынның нәтижелері де жүзеге асырылып жатқаны мәлім.

 

Қоғамдық сананы қалыптастыратын - гуманитарлық ғылымдар. Соның ішіндегі философияның рөлі адам өмірінде де, қоғамда да ерекше. Білім берудің мемлекеттік стандартында гуманитарлық пәннен барлық ЖОО студенттері міндетті түрде оқуы тиіс пәндер бар.

 

Олар - тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология. Аталған кітаптар сананы жаңғырту үрдісінің нақты құралы екендігін түсіну қажет. Яғни, бұл сыни және сараптамалық дүниетанымның қалыптасуы, жаңа тұжырымдар мен идеялар енгізу, қазіргі заманғы прогресшіл білімге қолжетімділікті кеңейту тетігі саналады. Адамның өзіне, айналасына, елге деген көзқарасын қалыптастырады.

 

Біз дүниежүзіндегі ғылым мен білімнің мазмұнына жол ашу арқылы ілгері дамыған қоғамдардағы осындай көзқарас және ұстаным қалыптастыру құралдарымен жақын танысуға мүмкіндік алдық. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» аясындағы өзге жобалар өз тарихымызға, өлкетануға, төл мәдениетке арқа сүйейді. Қазақ дүниетанымын қорғау сөзсіз қажет, бірақ ол тұйықталу дегенді білдірмейді.

 

Еліміздің өркендеп дамуына, әлемдік дамыған елдер көшіне ілесуі үшін аса маңызды қызмет атқаратын, еліміздің зайырлы қауымы өте жылы қабылдаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық сананы, білім мен ғылымды дамыту үлгісін жан-жақты ашып қана қоймай, оны жүзеге асыру үшін қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, ана тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи бітім болмысымызды жаңғыртуымыз қажет.

 

Өйткені мұнда тілге де, әдебиетке де, философияға да, экономикаға да байланысты даналықтың үлгілерімен бастамалары ұсынылғандықтан халқымызға жаңа рух, жаңа серпін, заманауи бағыт беретіні анық. Осы тұрғыда біз әлемдік тәжірибелер мен зертттеулерді қолдану арқылы жаңа бағыттарды енгізу жолдарын жетілдіре аламыз.

 

Авторы: Жанат Жанбаева,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих және құқық институтының докторанты

30.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz