қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
13.06.2018

Семинар соны бастамаларға жігерлендіреді

 


 

11-12 маусым күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жоғары білім саласындағы сарапшы Джамил Салмидің қатысуымен «Жоғары оқу орындарының академиялық, әкімшілік және қаржылық автономиясы» тақырыбында халықаралық семинар өтті.

 

Халықаралық семинарды ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесі, Алматы аймақтық жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақстандағы Эрасмус+ бағдарламасының Ұлттық кеңсесі (ЭҰК).


Семинардың негізгі мақсаты - семинарға қатысушыларды университеттік автономияға көшудің ықтимал үлгілерімен, қағидаларымен және күрделі мәселелерімен таныстыру, жоғары оқу орындарын академиялық, әкімшілік және қаржылық тәуелсіздікке және автономия жағдайында жұмыс істеуге дайындау бойынша ұсыныстар әзірлеу.

 

Екі күндік семинарға Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Алматы аймақтық жоғары оқу орындары ректорлар Кеңесінің төрағасы Такир Балықбаев, жоғары білім саласындағы сарапшы, профессор Джамил Салми, Халықаралық бизнес университетінің ректоры, ЖБРС ҰТ мүшесі Дархан Ахмед-Зәки, Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Амантай Нұрмағамбетов, Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Әсемгүл Молдажанова, Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасының Ұлттық кеңсесінің директоры Шайзада Тасболатова, Нархоз Университет директорлар кеңесінің төрағасы, ЖБРС ҰТ мүшесі Серік Святов, Назарбаев Университетінің тәжірибесін трансляциялау жөніндегі үйлестіруші Мәдина Айтаканова, Алматы қаласы жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

 

Ректор Такир Балықбаев алғы сөзінде халықаралық семинар тақырыбының маңыздылығын атап өтті.

 

- Қазіргі таңда, жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру кезеңінен өткен кезде, жоғары оқу орындарының академиялық, әкімшілік және қаржылық дербестігі мәселесі өзекті болып отыр. Жоғары оқу орындарын дамытудың келесі кезеңі білім беру бағдарламаларын дербес анықтау, олардың даму бағытын және басқару қағидаттарын айқындаудың жеткілікті мүмкіндіктерімен байланысты болуы керек, - деді ол.

 

Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасының Ұлттық кеңсесінің директоры Шайзада Тасболатова семинар қатысушыларына ЭҰК қызметі мен семинар жұмысы туралы баяндап, бағдарламаға қолдау көрсеткен ректор Такир Балықбаевқа және университеттердің басшыларына алғысын білдірді.

 

Семинар барысында жоғары білім саласындағы танымал сарапшы, Еуропаның, Азияның және Латын Американың бірнеше университеттерінің халықаралық қадағалау комитеттерінің мүшесі профессор Джамил Салмимен жоғары оқу орындарының автономиясына өту кезіндегі үлгілер, қағидаттар мен туындайтын мәселелер қарастырылып, автономия жағдайында жоғары оқу орындарын академиялық, әкімшілік және қаржылық тәуелсіздікке дайындау, университеттік автономияға өту үшін жоғары оқу орынның барлық деңгейлерінде академиялық мәдениетті трансформациялау бойынша ұсынымдар ұсынылды. Сонымен қатар семинар жұмысында Халықаралық бизнес университетінің ректоры, ЖБРС ҰТ мүшесі Дархан Ахмед-Зәки және Назарбаев Университетінің тәжірибесін трансляциялау жөніндегі үйлестіруші Мәдина Айтаканова баяндама жасады.

 

Екі күндік семинар барысында қатысушылар академиялық автономия, әкімшілік автономия, қаржылық автономия және адам ресурстарын басқарудағы автономия мәселелеріне қатысты 4 топта жұмыс істеді. Әр топтың мүшелері сарапшы Джамил Салмиден қойылған сұрақтар бойынша өз ойларын ортаға салды.

 

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

 

Авторы: Римма Жанбаева

13.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: pr-hal.kz