қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
14.06.2018

Халықаралық сарапшының семинары

 

Бүгінде әлемдік деңгейдегі мәртебелі университеттер деңгейі­нен көріну, оларға қарап бой түзеу дүние жүзіндегі әрбір универси­теттің басшылығы мен ұжымының арма­ны. Дегенмен, жаһанға танымал оқу орны дәрежесіне көтерілу оңай шаруа емес, бұл мәселенің өзі қыр-сыры, қатпар-қатпары көп күрделі үдеріс. Сондықтан осынау «жұмбақ әлемнің» сырын білуге әркім-ақ құштар.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Халықаралық жоғары білім сала­сындағы көрнекті сарапшы, профес­сор Жамиль Салми Алматы аймағы жоғары оқу орындары ректорла­рымен және қызметкерлерімен «Университеттердің әлемдік деңгей­дегі жоғары оқу орындарына тран­сформациялануы» тақырыбында өткізген семинарына жиналған­дардың көп болғаны бекер емес.

 

Семинарды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев жүргі­зіп отырды. Ол алдымен атақ-даңқы күллі әлемге танымал халықаралық сарапшы, доктор Салмидің қызметі туралы бір-екі ауыз айтып өтті. Доктор Салми жаһан елдерінің үкіметтеріне, университеттеріне, кәсіптік ассоциацияларына, халық­аралық және аймақтық банктер мен агенттіктерге кеңес беру қызметімен айналысып келеді. 2012 жылға дейін ол Бүкіләлемдік банкте жоғары білім жөнінде үйлестіруші қызметін атқарды. Бұған дейін ол Бүкіләлем­дік банктің жоғары білім саласы бойынша ең алғашқы бағдарламалық құжатын жасаған болатын. Жоғары білім саласын әлемдік деңгейге көтеру жөнінде көптеген ғылыми еңбектер жазған ол соңғы 23 жылдың өзінде жер шарының 95 елінде университеттер мен мемлекеттік басқару саласындағы қаржылық реформа және жоғары білімнің даму стратегиясы туралы кеңестер берген болатын. Бүгінде ол Еуропа, Азия және Латын Америкасындағы универ­ситеттердің халықаралық байқау комитеттерінің, жоғары білімді аккредитациялау халықаралық сапа жөніндегі консультативтік кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, доктор Ж.Салми Чилидегі Диего Порталес универ­ситетінің Құрметті профессоры және Бостон колледжінің жоғары білім орталығының ғылыми қызметкері. «Әлемдік деңгейдегі университет құру», «Академиялық жетілдіруге жол. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерін қалыптастыру», «Жоғары білім және оның мақсатты дамуы» сияқты әйгілі еңбектердің авторы, атақты Гарвард универси­тетінен бастап Гонконг университе­тіне дейін 100-ден аса жоғары оқу орындарында дәріс оқыған, олардың басшыларына кеңес берген Жамиль Салмидің бүгінгі жоғары білім жүйе­сін жаһандық дамытуға байланысты айтары да көп.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-да өткіз­ген семинарында ол қазақ­стандық университеттерді ғылыми-зерттеу университеттеріне айнал­дыру, олардың академиялық еркін­дігін қамтамасыз ету, дүниежүзілік рейтингінің маңызы, білім сапасын көтеру және басқа да мәселелер бойынша халықаралық тәжірибе­лерге сүйене отырып өз ойларын ортаға салды. Әлемдік еңбек нары­ғына сай келетін бәсекеге қаблетті мамандар дайындау жолдары мен оның стратегиясына терең тоқталды. «Оқу орнын әлемдік университет деңгейіне көтеру дегенде дәл Гар­вард университетін қайталау шарт емес,- деді доктор Ж.Салми. - Ең бастысы, осы жолда әр университет өз келбетін, ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып алға ұмтылуы керек».

 

Бұл семинарда халықаралық сарапшы құнды ұсыныс-пікірле­рімен, кеңестерімен бөлісіп, көпте­ген сұрақтарға жауап берді.

 

Бұдан кейін доктор Жамиль Салми Абай атындағы ҚазҰПУ базасында Еуропалық комиссияның білім, аудиовизуальдық және мәде­ниет жөніндегі атқарушы агентті­гінің қолдауымен және Қазақ­стандағы Эразмус+бағдарламасы ұлттық офисі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы аймағы ректор­­лар кеңесі бірігіп өткізген «Жоғары оқу орндарының акаде­миялық, әкімшілік және қаржылық автономиясы» тақырыбындағы семинарға қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

14.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz