қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
22.11.2018

Президент тапсырмалары басты бағдар


Жуырда ғана 90 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаевтың 15 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болғаны туралы Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл халқымыз біледі.

 

Осы кездесудің қорытындылары бойынша ректор Т.Балықбаев университет профессор-оқытушылар құрамымен және қызметкерлерімен жиын өткізіп, оларға Елбасының оқу орнының 90 жылдығына арналған Құттықтауы мен тапсырмаларын жеткізді.

 

-Кездесуде Мемлекет басшысына оқу орнының қызметі және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауды іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп бердім,­­- деді ректор Т.Балықбаев. - Президентіміз еліміздегі жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру және дамыту үдерісіндегі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің рөлін ерекше атап өтті. «Бұл университет - Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің негізі осы оқу ордасынан бастау алады деуге болады. Сіз және бүкіл оқытушы-профессорлар құрамы отандық білім беру ісіне алдағы уақытта да үлес қосатындарыңызға сенемін», - деді Елбасы. Сондай-ақ ол: «Мен сіздердің 90 жылдық мерейтойларыңызға өзім келейін деп едім, бірақ мүмкіндігім болмады. Сондықтан арнайы Құттықтау хатымды беріп, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованы жібердім. Менің бұл университетке көзқарасым ерекше. Мен сізді университеттің 90 жылдығына байланысты бүкіл ұжым атынан қабылдап отырмын. Ұжымыңызға менің құттықтауымды жеткізуді тапсырамын», ­- деді. Сондықтан мен сіздерді Елбасының осы Құттықтауын жеткізу үшін жинап отырмын.

 

Жарты сағатқа созылған бұл кездесуде көптеген маңызды мәселелер көтерілді. Президент, біріншіден, университеттің 90 жылдық мерейтойын қалай өткізгенімізді, екіншіден, қазан айындағы Жолдауды орындау үшін қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды, үшіншіден, Педагог мәртебесі туралы қабылданатын заңға байланысты атқарылатын жұмыстарды, төртіншіден, университеттің бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін не істеу керегін сұрады. Мен Елбасына университеттің 90 жылдық мерейтойына байланысты атқарылған іс-шараларды, оның ішінде Еуразиялық педагогикалық жоғары оқу орындары қауымдастығының форумы, математикалық моделдеу жөніндегі халықаралық конференция, Франциялық жоғары оқу орындары басшыларымен әріптестік туралы бірнеше келісім-шарттарға қол қойғанымызды, Түлектер форумын және Салтанатты мәжіліс өткізгенімізді және бұл іс-шараларға шетелдерден 200-ге жуық ғалымдар, 70-ке тарта жоғары оқу орындарының басшылары қатысқанын атап көрсеттім. Сонымен бірге Елбасының қазан айындағы Жолдауында атап көрсетілгендей, алдағы жылдары қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын жасап, Білім және ғылым министрлігіне өткізгенімізді, жалпы, Жолдау бойынша тиісті іс-шаралар жоспарын бекітіп, сол бойынша жұмыс істеп жатқанымызды жеткіздім. Елбасының бәсекелестікке қабілетті университеттер қатары көбейіп тұрған қазіргі таңда оларды қалай басып озасыңдар деген сұрағы да көңілге терең ой салды. Осыған байланысты мен университеттің стратегиялық жоспары бойынша 2025 жылға қарай Еуразиялық одаққа мүше елдердің 45 жоғары педагогикалық оқу орындары арасында көшбасшылыққа талпынып отырғанымызды, QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша 481 орынды иеленіп отырсақ, 2025 жылға қарай 450 орынға тұрақтауды мақсат етіп отырғанымызды айттым.

 

Мемлекет басшысы әлемдік үздік университеттермен байланысымыз, Сорбонна-Қазақстан институтының жайы туралы сұрады. Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ жаһанның 27 мемлекетінің 150-ден астам беделді университетерімен байланыс жасап келеді, халықаралық қатынастар саласындағы әріптестіктің аясы жыл сайын кеңейе түсуде. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олландтың қолдауымен Абай университеті базасында ашылған Сорбонна-Қазақстан институтын бүгінге дейін 77 магистрант бітіріп, олар Франция мен Қазақстанның екі бірдей дипломын алып шықты. Бүгінде бұл оқу орнының аясы кеңейіп келеді. Онда жұмыс істейтін оқытушылардың көпшілігі Париж Сорбоннасы университетінің профессорлары.

 

Өз кезегінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында оқыту және ағарту қызметі мен студент жастардың жағдайын жақсарту мәселелеріне баса мән берілгенін айтты. «Педагог мәртебесін ­- арттыру маңызды міндеттердің бірі. Осы міндетті жүзеге асыру барысында университеттеріңіз алдыңғы шепте болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты пысықтау қажет», ­- деді Мемлекет басшысы.

 

Сонымен қатар, Президент университеттің қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресс талаптарына сай болуы керек екенін атап өтті.

 

- Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен ынтымақтасып, байланыс орнатқан жөн. Тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңызы зор. Сіз басқаратын университет педагогикалық білім беретін басты оқу орны болуға тиіс, - деген Н.Ә.Назарбаев псхолог мамандарын көптеп дайындауды, мұғалім дайындаудың сапасын арттыруды, оқу бағдарламасын жаңартуды, педагогикалық ғылымды дамытуды, келесі жылы өткізілетін «Жастар жылына» байланысты жастар саясатын жан-жақты жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге университет түлектерін жұмысқа орналастыру, латын графикасын енгізуге байланысты оқу-әдістемелік құралдар даярлауды жеделдетуді ұсынды.

 

Университет ректоры Т.Балықбаев профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді Елбасымен кездесуде туындаған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты тиісті іс-шаралар жоспарын жасап, жұмыла еңбек етуге шақырды.

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

22.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz