қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
18.04.2020

Абай атындағы университет студенттерімен онлайн кездесу өткізді

 


 

Студенттермен, ата-аналармен және оқытушылармен онлайн-кездесуде Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев төтенше жағдайға байланысты және үкімет індеттің таралуын болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті.

 

Ректор @abai_university Instagram парақшасында тікелей эфирде өткен кездесуде университетте жасалып жатқан жұмыстар барысына тоқталды. Қазіргі кезде маңызды іс-шаралардың бірі - қашықтан оқу. Осы орайда ректор білім беру үрдісіндегі қашықтан оқыту мәселелері, емтихандардың мерзімдері мен шарттары, оқу барысында жасалатын жеңілдіктер, диссертациялар, тағлымдамаларға қатысты сұрақтарға жауап берді.

 

Университет ректоры Т.Балықбаев атап өткеніндей, 16 наурыздан бастап толығымен қашықтан оқуға көшкен оқу орнының жатақханада тұратын студенттері үйлеріне оралды. Жатақханада 47 шетелдік студент тұрып жатыр. Қашықтан білім беру үдерісінде «Univer», «Moodle» жүйелері және басқа да ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылуда. Оқу кезінде оқытушылар мен студенттерде бірқатар қиындықтар туындағаны белгілі. Біріншіден, оқытушылар үшін қашықтан оқыту тәжірибесінің жетіспеушілігі. Мәселені шешу үшін университетте қашықтан оқытуға көшу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді. Қашықтан оқыту платформалары бойынша онлайн-вебинарлар ұйымдастырылып, онлайн-оқыту бойынша кезең-кезеңімен нұсқаулықтар берілді, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта оқытушылар жұмыстың оңтайлы және алуан түрлерін (видео сабақ, өзіндік жұмыс, онлайн курстар) қол жетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (WhatsApp және Telegram, Zoom, Moodle, скайп, электронды пошта және т.б.) қолдану арқылы дағдыларын қалыптастыруда. Сонымен қатар оқытушылар қағаз бастылық пен есептік жүктемелерден босатылған. Екіншіден, ауылдық жерлерде тұратын студенттерді интернет және техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселелері жеке қарастырылып, барынша жағдай жасалуда.

 

Жазғы сессияда емтихандар «Proctoring» жүйесінде онлайн-тест түрінде (тестілеуді онлайн режимінде басқару) өтетін болады. Емтиханды компьютер, ноутбук, смартфон арқылы да тапсыруға болады. Қазір бұл жүйе сынақтан өтуде. Онлайн-тестілеу бойынша ақпарат (нұсқаулық) сайтта ұсынылады. Шығармашылық пәндер бойынша емтихандар және диссертацияларды қорғау бейнеконференция форматында платформалар арқылы өтеді. Дипломдық жұмыстар плагиатқа тексеріледі, прокторинг қолданылады. Қазіргі жағдайға байланысты оқу ақысын мамыр айының соңына дейін шегеру туралы шешім қабылданған.

 

«Біз оқу жеңілдіктері туралы өтініштерді (белгіленген талаптарға сәйкес тиісті құжаттар негізінде) қарастырамыз. Бірақ мұнда университет өз кезегінде барлық оқытушылар мен қызметкерлердің жұмысын толық көлемде және тиісінше шығындарды төлеп жатқандығын атап өткім келеді. Университет төтенше жағдайға байланысты қызметкерлерді демалысқа жібермей, толық жалақы төлеуде. Ал оқу жылының басынан бастап 1500 студентке жеңілдіктер (350 миллион теңгеден астам) жасалды», - деп атап өттіректор.

 

Айта кету керек, ректордың басшылығымен оқытушылар мен білім алушылардың ТЖ жағдайында қауіпсіздігін барынша қолдау және бақылау, қашықтан білім беру үдерісінде оқыту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында арнайы штаб құрылды. Қолдау көрсету мақсатында шәкіртақы беріліп, оқытушылар мен қызметкерлерге жалақы төленді.

 

Сонымен қатар университеттің барлық ұжымы «Біз біргеміз» және «Үйде бол» акцияларын қолдап, «Ізгілік елшісі» еріктілері қайырымдылық акцияларына қатысып, аз қамтылған отбасыларға заңгерлік көмек көрсетуде.

 

Авторы: Эльвира Серікқызы

18.04.202 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz