қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
27.05.2021

«Диссертациямызды қазақ тілімізде қорғаймыз» деген тұжырымымыз неміс ғалымдарына қатты ұнады

 


 

Жуырда сәуір айында Германияның іргелі оқу орындарының бірі Гейдельберг педагогикалық унивеситетіне барып, ғылыми тағылымдамадан өтіп келдім.
Германиядағы менің ғылыми жетекшім философия ғылымдарының докторы, профессор Рейнхард Хессе мырза. Доктор Рейнхард адамгершілік қасиеті өте жоғары, мәдениетті, қарапайым, терең білімді ғалым. Менің ғылыми жұмысымның негізгі тақырыбы: «Студенттерді қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің жаңашылдық әдістемесі», - деп аталады. Өзімнің докторлық диссертациямның бағыты бойынша ғылыми кеңесшіммен бірге бірнеше жұмыстар атқарылды. Гейдельберг педагогикалық университетінде онлайн платформасында жүргізіліп жатыр екен. Тарих институтында оқитын студенттердің екі онлайн түрінде өткізілген сабағына қатысуыма мүмкіндік туды.

 

Жетекшім доктор Рейнхардпен бірге Гейдельберг педагогикалық университетінің ректоры, профессор Хунеке мырзаның қабылдауында болдық. Бір сағатқа созылған кездесу өте жоғары кәсіби деңгейде өтті. Маңызды, өте өзекті диалог еді. Ректор Хунеке мырза менен: «докторлық диссертацияңызды қай тілде қорғамақсыз», - деп сұрақ қойды. Мен қазақ тілінде қорғайтынымды айттым. Ол кісінің қазақ тілінде қорғалған ғылыми жұмыстардың көп болуына тілектестік білдіргені мені сүйсіндірді. Ғылыми тағылымдамадағы менің басты миссиям - көру, білу, үйрену. Мені Германияда таң қалдырған жағдай жергілікті халықтардың бір-бірімен тек неміс тілінде сөйлеуі, тіпті дүкендерде бүкіл тауарлар, азық-түлік туралы мәліметтер өз тілінде жазылғанын байқайсыз. Өзге ұлттың азаматтары да, неміс тілінде сөйлейді екен. Бұл бізге үлгі алатын нәрсе деп ойлаймын. Келесі бір көңіліме түйгенім: Германияда ауыл мен қала теңесіп үлгерген, қалада үйдің ішінде су, жуынатын бөлмең, жалпы, адамның сапалы өмір сүруіне қандай жағдай жасалған болса, тура сол сияқты ауылдағы үйлердің ішінде де дәл сондай жағдай жасалған. Ауылдың ауыл екенін көкөністер егілген бау- бақшалар мен әр түрлі жеміс ағаштарына қарап қана байқауға болады. Ғылыми жетекшім доктор Рейнхард Германиядағы Констанц қаласында университетте оқып, жастық шағын сол қалада өткізіпті. Жетекшім өзінің өміріндегі ең маңызды мекен болып саналатын қала Констанцты көрсетіп, өзі оқыған университеті жайлы және бастан өткерген қызықты оқиғалары жайлы айтып берді. Констанц әлемдегі ең сұлу мемлекет Швейцариямен шектесіп жатыр. Жеңіл машинамен 15 минутта осы елге кіріп баруға болады. Мұнда Еуропадағы ең биік таулар - Альпі тау жүйесі өте әдемі көрінеді. Бақытыма орай жердегі жұмақ болып есептелетін Швейцарияны көрдім. Сол үшін Жаратқан иеме мың алғысымды айтамын. Швейцария өзінің әсемдігімен ғана емес, тазалығымен де мені таң қалдырды. Жергілікті халық туған өлкесінің табиғатына, тазалығына үлкен жауапкершілікпен қарайтындығы көрініп тұр. Менің түйген ойым: неғұрлым табиғатқа жақсы көңіл бөлген сайын, табиғат саған барынша мейірлене түседі екен. Гейдельберг қаласында биік жотаның үстіне 13 ғасырда салынған өте үлкен алқапты алып жатқан зәулім көне сарайды тамашаладым. Ғасырлар бойы өзінің сұлу келбетін сақтап келген бұл ғимараттың өз уақытында елді қалай таң қалдырғанын елестетіп көріңізші. Жалпы Германияда 12, 13, 14 ғасырларда салынған үйлер осы уақытқа дейін қолданыста. Әлі күнге дейін сол үйлерде адамдар тұрады, немесе қоғам игілігіне қызмет ететін мекемеге айналған. Бұл елде реставрациялық жұмыс, яғни көне үйлерді сақтап қалу шаралары өте жоғары деңгейде, ерекше ыждағатпен жолға қойылған.


Германияда 80-дегі қарттан кішкентай балаға дейін спортпен шұғылданады. Велосипед тебу, жүгіру, жүру сияқты қарапайым спорттың түрлерімен адамдардың көп бөлігі айналысады. Трамвайдың ішінде бір әдемі ханыммен сөйлесіп қалдым да, ол кісінің жасын сұрадым, кескін-келбеті 40-45 жастағы әйел деп ойладым, бірақ, ол кісі 70 жаста екен. Спорт өнерінің құдіреттілігі адамды жас етіп қана қоймай, денсаулығының мықты болуына да, керемет әсер ететіндігі. «Неміс халқы - табиғат сұлулығының сырын меңгерген халық», - деп толық айта аламын. Себебі, мұнда адамзат баласына таңғажайып эстетикалық ләззат сыйлайтын, айналаны көркем сипатымен көмкерген қаншама әсем гүлдер, сол тамаша көріністі одан да бетер айшықты, әдемі құбылысқа ұластыратын өсімдіктердің түр-түрі жайқалып өсіп тұр. Сол гүлдердің ішінен қазақстандық қызғалдақтарды да көрдім. Қандай ғажап!


Тағылымдаманың нәтижесінде, көптеген тәжірибе жинақтадым. Германияда болған әрбір күніме, әр сағатыма, әр минутыма үлкен жауапкершілікпен қарауымды мақсат етіп қойдым. Себебі, бұл алтын уақыттар менің көріп-біліп, үйренуіме, осы ілімдерді диссертациялық жұмысыма енгізуіме өте қажет болды.

 

 

Авторы: Қалдыгүл Таспулатова,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің оқытушысы, PhD докторанты

27.05.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazdauiri.kz