қазақша · русский · english
   
  Main  News
12.04.2022

«Қазіргі әлем кеңістігіндегі түркітану ғылымы» Халықаралық дөңгелек үстел-вебинар


2022 жылдың 11 сәуірінде Ғылым онкүндігі аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Шығыс филологиясы және аудармасы кафедрасы халықаралық дөңгелек үстел-вебинар ұйымдастырды. Құттықтау сөзбен дөңгелек үстелді Филология институтының директоры А.В. Таңжарыкова ашып, қазақ тілі тарихы мен түркітану ғылымының бір-бірімен сабақтас екенін атап өтті. Филология институтында «Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы» жұмыс жасайды. Шығыс филологиясы және аударма кафедрасында түрік және ұйғыр тілдерін оқыту маңызды орын алады.


Ахи Эвран университетінің «Гуманитарлық ғылымдар факультеті» деканы профессор Надир Илхан «Мақал-мәтелдердегі элементтердің лексикалық ұқсастықтары» тақырыбында баяндама жасады. Оның баяндамасы студенттердің танымдық белсенділігін және түркі әлемін түсінуге деген қызығушылықтарын арттыруға көмектесетін маңызды катализатор ретінде ғылымға қосқан үлесі сөзсіз.


Профессор К.Х.Абдрахманова «Түркілік рухани мұраларла араб әліпбиінің қолданылу тарихы» тақырыбында ортағасыр жазба ескерткіштерін зерттеудің өзектілігі мен түркітану мен шығыстану ғылымының ортақтасатын тұстарына арналды. Ахи Эвран университеті гуманитарлық ғылымдар факультеті түрік тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Салахаттин Бекки «Түркі эпостық шығармалары және халық ақындары (жыраулар). Түркі эпостық өнері» тақырыбындағы баяндамасында баяндамасында түркілердің ортақ рухани құндылықтары ауыз халық шығармашылығы мен дастандарда кеңінен сақталғанын атап өтті.

 

ҚазИТУ-дан келген қонақ, профессор Ж.А.Тукебаева «Қазақ тілін компьютерлендіру мәселелері» тақырыбындағы баяндамасында Қазақстан Республикасындағы компьютерлік лингвистиканың қазіргі жай-күйіне ерекше тоқталып, қайта жанданатынына сенім білдіріп, еліміздің ЖОО филология факультеттерінде «Компьютердік лингвистика» пәнін оқытуды қайта жандардырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар түркі әлемі кеңістігінде «Түркі тілдерінің компьютерлік лингвистикасы» ғылыми жобасын қолға алудың қажетті де зәру іс екендігіне тоқталды.

 

Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының доценті ф.ғ.к. Арзиев Р.У. «Қазақстандағы ұйғыр тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбындағы баяндамасында ұйғыр тіл ғалымдарының еңбектеріне жалпы шолу жасады. Ахи Эвран университетінің гуманитарлық факультетінің түрік тілі кафедрасының аға оқытушысы, доктор Осман Кабадай: «Сирек кездесетін қолжазба мәтіндер және оларды каталогтау мен цифрландыру мәселелері» атты баяндамасында Қазақстан ұлттық кітапханасы мен Ғылым Ордасы ғылыми кітапханасында орын алған сирек кезедсетін қолжазбалардың каталогтануы мен цифрландыру барысына тоқталып, мұндай құнды деректерді цифрландыру арқылы интернет желісінде қолжетімді болуының маңыздылығын тілге тиек етті.

 

Одан кейін кафедра меңгерушісі, профессор Абдрахманова К.Х. мен Ахи Эвран университетінің гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, профессор Надир Илхан университеттердің академиялық ұтқырлығы мәселелерін және түлектердің қос дипломының жобасын талқылады.

 

Халықаралық дөңгелек үстел-вебинарды қорытындылай келе, Қ.Х.Абдрахманова вебинарды ұйымдастырушы ф.ғ.к. Ерғали Есбосыновқа және ғалымдарға өзекті және мазмұнды баяндамалары үшін алғысын білдірді.

 

Дөңгелек үстел достық және жылы атмосферада өтті.