қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
26.12.2022

«Білімділер бәйгесі» интеллектуалды білім сайысы


2022 жылғы 22 желтоқсанда Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «6B01301-Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» (информатика) білім беру бағдарламасының 4 курс студентері Бейсенова Аяжан, Нагмет Айгерим, Жайықбек Аяжан, Қалқожа Гүлзия, Амангелді Азизаның жетекшілігімен №185 жалпы білім беретін мектепте 2-ші сынып оқушылары арасында «Білімділер бәйгесі» интеллектуалды сайысы жүргізілді. Бұл сыныптан тыс жүргізілген сайыстың мақсаты - оқушылардың логикалық ойлауын, талдау, саралау, салыстыру қабілеттерін дамыту, шапшаң есептеу машықтарын, есте сақтауы мен зейінін дамыту, топта жұмыс істей алу қабілеттерін дамыту.


Сайыста «Жалын», «Алғырлар», «Жігер» топтары бақ сынасты. Баға беретін әділ-қазылар алқасы мүшелері болып 185 мектеп мұғалімдері Құрманбек Н.Б., Қапанова Н., Жантерекова З. және де студент-практиканттар арасынан Ыдырыс А., Даулетхан Ш. болды. Бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Астамбаева Ж.Қ. сайыстың бас жюрисі болды.


Сайыс 7 кезең бойынша іске асты: «Сан сұраққа саяхат»; «Тұлғаны тани біл»; «ӘзілTime»; «Лабиринт»; «Тапқыр болсаң, тауып көр»; «Қисынды ойлар»; «Білмекке құмарлық».


Сайыс қорытындысы бойынша төмендегі топтар жүлделі орындар алды: 1-дәрежелі диплом - «Алғырлар» тобы; 2-дәрежелі диплом - «Жалын» тобы; 3-дәрежелі диплом - «Жігер» тобы, - деген қорытынды бойынша топ мүшелерін дипломдармен марапаттады.


Іс-шара соңында сайысқа қатысушылар өз пікірлерін білдірді: «Әртүрлі ойындар ойнадық, тапсырмалар жасадық, олардың барлығын қызыға орындап шықтық», «Маған бүгінгі сайыс ұнады, себебі логикамызды 100%-ға шыңдадық», «Сайыс қызықты өтті, біз өзімізді жаңа қырымыздан көре алдық».

 

Жоспарланған іс-шара толық көлемде орындалды. Студент-практиканттар конкурстың негізгі мақсатына - өздерінің педагогикалық қабілеттерін ашып, оқушыларды жаңа білім алуға белсендіруге қол жеткізді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=