қазақша · русский · english
   
  Main / Announcements
22.06.2020

«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» Шаруашылық құқығына негізделген Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының
Коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта ұйымдастырылуы туралы ақпарат

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы № 752 «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының кейбір мәселелері туралы» Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Комитеті Төрағасының 2020 жылғы 05 маусымдағы №351 Бұйрығымен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Коммерциялық емес акционерлік қоғамға ауысатындығы жөніндегі шешім қабылданды.


«Абай атындағы ҚазҰПУ» Коммерциялық емес акционерлік қоғам мемлекеттік ұйым болып табылады, 100 пайыз акциясына мемлекет иелік етеді, құрылтайшысы - ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.


Жалғыз акционер - ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қоғамның негізгі құрылтай құжаты - КеАҚ-ның Жарғысы.


Қоғамның қызметіне жалпы басшылықты қоғамның Директорлар кеңесі жүзеге асырады (Жарғының 70-тармағы). Директорлар кеңесінің шешімімен, оның бірінші отырысында, Басқарманың сандық құрамы мен мүшелері бекітіледі, сайланады (Жарғының 71-тармағының 6) тармақшасы).


Жарғының 104-тармағының 1), 2) тармақшаларына сәйкес, Қоғамның Басқармасы (Ректораты) Қоғамның ұйымдастырушылық құрылымы мен штат санын әзірлеп Директорлар кеңесіне бекітуге ұсынады. Бекітілген штаттың негізінде штаттық кесте Басқарманың шешімі негізінде бекітіледі.


Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, заңды тұлға қайта құрылып басқару жүйесінің құрылымы өзгертілген жағдайда жекелеген қызметкерлердің еңбек жағдайы (жұмыс орны, лауазымы, қызметтік міндеттері және еңбек ақысының мөлшері) өзгеруі мүмкін, сонымен қатар - қызметкерлерді басқа құрылымдық бөлімшелерге ауыстыру тәртібінде.


Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы жұмыс берушінің қайта ұйымдастырылуын білдіреді, соған байланысты университеттің барлық қызметкерлері алдағы қайта құрылу рәсімі туралы хабардар болуға тиіс.


ҚР ЕК-нің 46-бабының 1-тармағына сәйкес, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуымен, еңбекті ұйымдастыру жүйесі өзгертілген жағдайда, қызметкерлердің еңбек жағдайы өзгертілуі мүмкін. Мұндай кезде, еңбек жағдайлары өзгертілетін болса, ол туралы хабарлама басқару органдарымен шешім қабылдағанға дейін кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын қызметкерлерге жеткізілуге тиіс.


Еңбек қатынастары бойынша тараптарға жүктелген міндеттемелер, ҚР ЕК-нің 47 бабына сәйкес, жұмыс беруші қайта ұйымдастырылған жағдайларда өзгеріссіз жалғаса береді, яғни қайта ұйымдастыру үдерісінің жүргізілуі еңбек қатынастарының міндетті түрде тоқтатылуына алып келмейді.


ҚР АК-нің 45 және 46-баптарына сәйкес, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде сол заңды тұлғаның барлық құқықтары мен міндеттері жаңадан құрылған заңды тұлғаға ауысады (құқықтары мен міндеттері, мүліктік және мүліктік емес міндеттері, штаттық бірлік, талаптар).


Басқару құрылымы өзгерген кезде, қоғамның қызметін сапалы қамтамасыз ету мақсатында, жекелеген лауазымдардың жойылуы немесе жаңадан енгізілуі, сонымен қатар қызметкерлердің функционалдық міндеттерінің өзгертілуі, лауазымдардың басқа лауазымдарға ауыстырылуы туралы шешім қабылдануы мүмкін.


Жоғарыда мәлімделген жағдайлар ескеріле отырып, Басқарманың академиялық мәселелер жөніндегі мүшесін қоспағанда, Басқарма мүшелерін, проректорларды сайлау Директорлар кеңесімен жүзеге асырылады. Жарғының 107-тармағына сәйкес Басқарма мүшелерінің қатысуымен жасалатын еңбек шарттарына Басқарма Төрағасы - Қоғам Ректоры қол қояды.

 

 

 

Әкімшілік департамент

 



404

Вернутся назад