қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
03.11.2023

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне - 95 жыл

 


 

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.


Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылыми және педагогикалық білім беру орталығы болып табылады.

 

Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллиндай зиялылар, қоғам қайраткерлері тұрған оқу орны күні бүгінге дейін елімізде білікті мұғалім кадрларды даярлауда көшбасшы болып келеді. Оқу ордасынан ғасырға жуық мерзімде 200 мыңға жуық педагог, 4 мыңнан аса ғылыми кадрлар қанаттанды.

 

Абай атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты шарада мәртебелі ұстаздар қауымын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады. «Ұстаздар ұстаханасы, білім мен ғылымның алтын ордасы аталған қарт ҚазПИ-дің атаулы датасы еліміздегі білім беру жүйесіне ортақ мереке. Білім ордасының жеткен жетістігінде қазақ халқының аяулы тұлғалары, алаш қайраткерлерінің еңбегі жатыр. Бүгінде білім биігінде тұрған оқу ордасының профессорлық-оқытушылар құрамының жемісті еңбегін ерекше атап өту керек», деп атап өтті ол.

 

Университет ректоры Болат Тілеп ұлт зиялылары бастауында тұрған «ұстаз» атты атты ұлық мамандықтың рухани ордасы Абай университеті осы жылдарда еліміздегі білім ошақтарына көптеген білікті кадрлар даярлағандығын жеткізді. Ректордың айтуынша, кезінде 9 оқытушы ғана болған оқу ордасында бүгінде 5 академик, 6 ҰҒА корреспондент-мүшесі, 220 ғылым докторы мен phd, 260-тан астам ғылым кандидаты, барлығы 900-ден астам профессорлық-оқытушылық құрам 16 мыңнан астам студентке заманауи білім беріп келеді.

 

Айтулы жиын барысында Алматы қаласы әкімінің аппарат басшысы Бейбіт Шаханов қала әкімінің құттықтауын оқыса, ҰҒА вице-президенті Ақылбек Күрішбаев мұғалім кадрларды даярлауда көш бастап тұрған оқу орнының мерейтойына Ұлттық ғылым академиясы жолдаған құттықтауды жеткізді.

 

Университеттің әлемдік білім кеңістігінде жетістікке жетуіне зор үлес қосып жүрген оқытушылар қауымы осы жиында арнайы марапатқа ие болды. Оқытушы-ұстаздарға медаль, төсбелгілерді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов табыстап, айтулы мерекемен құттықтап сөз сөйледі.

 

Бүгінде университет әлемнің 25 мемлекетінің 138 жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыста жұмыс істейді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде биылғы жылдың қорытындысы бойынша 681-690 орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 университтер қатарына енді. Азия аймағында 147 орынмен ТОП-200 үздік университеттер қатарында. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университет 601-800 позициядан көрініп, Қазақстандық университеттердің арасында көш бастап тұр.

 

Мерекелік іс-шарада Қазақстан этникалық дизайнерлер одағы қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізіп, университеттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм көрсетілді. Әрі қарай мерекелік жиын өнер майталмандарының концертіне ұласты.

 

03.11.2023 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz