қазақша · русский · english
 
Біз туралы
 
   Главная / Әлмұхамбетов Берікжан Айтқұлұлы

Әлмұхамбетов Берікжан Айтқұлұлы

Берікжан Айтқұлұлы Әлмұхамбетов 1951 жылдың 9 мамырында Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген. Әкесі, Айтқұл Өмірбекұлы - Ұлы Отан соғысының ардагері, I-II дәрежелі Ұлы Отан соғысының Қызыл Жұлдыз ордендерімен және «За Отвагу» т.б. медальдарымен марапатталған. Анасы, Нұрғалиева Рәш - Еңбек ардагері, оны ел-жұрт он саусағынан өнер тамған ісмер шебері мен рухани бай қол өнерін ұрпаққа жалғастырушы ретінде таныған.

 

1968 жылы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе станциясының орта мектебін тәмамдаған Б.А.Әлмұхамбетов, өзінің еңбек жолын 1968 жылдары «бейнелеу өнері және сызу» пәнінің мұғалімі қызметіннен бастайды.

Б.А.Әлмұхамбетов 1970-1975 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркем-сурет факультетінен жоғары білім алып, осы көркем-сурет факультетінің «Сурет» кафедрасына ассистентік қызметке жас маман ретінде жолдама алды.

1976 -1979 жылдары Кәсіподақ комитетінің төрағасы, Комсомол комитетінің хатшысы ретінде сайланды.

1979 жылдан көркем-сурет факультетінде «Сурет» кафедрасының аға оқытушысы ретінде өзінің педагогикалық және шығармашылық шеберлігін шыңдай түскен жас маман Берикжан Айқұлұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің Көркем-сурет факультеті деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.

1989 жылы Қазақ ССР Халыққа білім беру Министрлігінің тәрбие басқармасының бас маманы қызметіне тағайындалады. «Сиқырлы қазан», «Үкілі домбыра», «Әнші балапан», «Ізбасарлар» т.б көптеген Отандық педагогика негізінде алғашқы ұйымдастырылған бастамалардың ұйытқысында болды, баға жетпес тәжірибе жинақтады.

1991 жылы «Қазақ ұлттық бейнелеу өнері арқылы мектеп оқушыларына тәрбие беру» тақырыбында 13.00.01 - «Педагогика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.

1991- 1994 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының тәрбие басқармасының бастығы қызметін атқарды.

Б.А.Әлмұхамбетов 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің саяси-әлеуметтік сала бөлімінде, кейіннен ішкі саясат бөлімінде аға референт болып қызмет атқарды. ЮНЕСКО тарапынан өткізілген Абайдың 150 жылдық мерекесіне байланысты іс-шараларды ұйымдастыруға өз үлесін қосты.

Берікжан Айтқұлұлы 1996 жылы Қазақстан Республикасының Білім және мәдениет, спорт және туризм, медицина Министрлігінің Білім Департаментінің кәсіби және қосымша білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Берікжан Айтқұлұлы 1996 жылы ҚР ЖАК-ң шешімінің ұйғарымымен «Педагогика» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді.

1997 - 2007 жылдары Республикалық басшы және ғылыми педагогикалық кадрларды біліктілігін арттыратын институтына директор болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы орта мектептерінде компьютерлік ақпараттандыру бағдарламаларын оқу үдерістеріне енгізуде және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырылуына өз үлесін қосты. Алғашқы жаңа буын оқулықтарын енгізуде, сондай ақ жалпы орта білім беру мен бастауыш (1-5 сынып) оқушыларына арналған «Бейнелеу өнері» пәнінің жаңа буын оқулықтарының тұңғыш авторларының бірі болды.

2001 жылы «Қазақстан Республикасы педагог мамандарының кәсіби біліктілігін арттырудың даму тенденциясы мен тарихы» атты тақырыпта 13.00.01 - «Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады.

Б.А.Әлмұхамбетов өзінің кәсіби біліктілігін Халықаралық конференциялар мен семинарларда, білім беру бағдарламасы аясында үнемі жетілдіріп отырды: 2000 жылы «Fontus», 2001 жылы вальдорфтік педагогика бойынша семинар ( «Гете институты Германия», Финляндия), 2002 жылы Украина, Белоруссия, Россия білім беру менеджменті басқарушыларды дайындау проблемалары бойынша және 2003 жылы Халықаралық экология бағдарламасы форматында Манилада (Филиппины) өткен конференцияларға қатысқан.

2001 жылы Берікжан Айтқұлұлы Әлмұхамбетов Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталған.

Өзінің білім беру саласындағы еңбек жылдарында ҚР Білім және Ғылым министлігінің стратегиялары мен білім беру саясатын білім саласына енгізуге белсенді араласады және оның механизмдерінің іске асырылуын қадағалады. Облыстық және қалалық кәсіби біліктілікті жоғарылату институттарымен өзара қатынастарды іскер ұйымдастырумен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен: ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, TEMPUS, TACIS сияқты халықаралық және KATEV, Центр САНДЖ, Ассоциация ОДВ халықаралық қорларымен байланыс орнатылды.

«ЮНЕСКО», «ЮНИСЕФ» халықаралық қорлардың қолдауымен, ПРООН және «Азиялық даму банкісі» демеуімен КР білім беру саясаты аясында ұйымдастырылған әртүрлі мәдени және білім беру саласы бойынша жобалар мен бағдарламаларды ғылыми-педагогикалық бағытқа енгізуде белсенділік танытты. Бұл жобалар мен бағдарламалардың сәтті шыққан қорытынды нәтижелері Нидерландиядан, Филипиннадан, Финляндиядан, Австриядан, Германиядан, Монғолиядан, Италиядан, Сингапурден және т.б. бірнеше елдерден алынған сертификаттар дәлел болмақ.

Б.А.Әлмұхамбетов тек қана Қазақстанның ғылыми және шығармашылық ортада ғана емес, сондай ақ алыс және жақын шет мемлекеттерде де танымал ғалым. Оның кәсіби дайындықты жоғарылату мен ғалым-педагог кадрлардың біліктілігін көтеру, суретші-педагог мамандарды дайындау еңбегін ( қазақ халқының сәндік-қолданбалы ұлттық өнері арқылы) қазіргі замандастары жоғары бағалайды және олар 50 - ден астам ғылыми еңбектерде орын алған. Берикжан Айтқұлұлының қазіргі кездегі негізгі зерттеу нысанасы пегогтардың біліктілігін арттыру мен дамыту, 12- жылдық білім берудің болашағы, оқушылардың өзін-өзі тану мен жетілдіру жолдары, қазіргі заманғы қоғамның жаңа талабына сай келетін көркемөнерден білім берудің мазмұнын реформалау болап отыр.

2003 жылы Б.А. Әлмұхамбетовке ҚР БҒМ ЖАК-нің «Педагогика» мамандығы бойынша профессорлық ғылыми атағы берілді. Ал, 2006 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім Академиясының академигі болып сайланды. Мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен 2007 жылы 7 желтоқсан

№ 485. «Құрмет» орденімен марапатталды.

Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Берікжан Айтқұлұлы, 2007 жылы Ұлттық ғылыми практикалық білім және сауықтандыру «Бөбек» орталығының Бас директорлық қызметіне тағайындалды. Осы жұмыстың төңірегінде «Бөбек - 2» орталығының және «Өзін-өзі тану» институтының құрылысын толық аяқтауға да өз үлесін қосты.

Б.А. Әлмұхамбетов 2009 жылдың кыркүйегінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Көркем-сурет факультетінің деканы қызметіне тағайындалды.

Қазіргі кезде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Хабаршы» басылымының «Көркем өнерден білім беру: өнер тарихы - теориясы - әдістемесі» сериясының бас редакторы болып табылады, сонымен қатар «Этнокөркеммәдениет» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналы, «Ұлттық тәрбие» Республикалық ғылыми-көпшілік журналы, «Педагогика және психология» ғылыми-әдістемелік журналдарының редакциялық алқа мүшесі.

Профессор Б.А. Әлмұхамбетов Магистратура және PhD доктарантура институтымен бірлесе отырып, болашақта 5В0101700 - «бейнелеу өнері мен сызу» мамандығынан көркем-педагогикалық білім беру бағыты бойынша және басқа да салаларардан PhD доктарантура ашуды мақсат етіп отыр.

Болашақта көркем сурет факультетінде ғылыми-ізденіс орталығын ашу жоспарланып отыр. Бакалавриат сатысында көркем сурет бағыттары бойынша да басқа да мамандықтарды ашу қолға алынуда. Берікжан Айтқұлұлы өзінің кәсіби деңгейін өсіру бағытындағы мол тәжірибесін қолдана отырып, факультеттің басты стратегиясын кәсіби және ғылыми-шығармашылық тұрғыда өсу белсенділігін арттыруға бағдарлайды. Осы стратегияға сәйкес қазіргі кезде оқу үдерісінде білім берудің ең озық инновациялық үлгілерін, авторлық интерактивті оқыту әдістері мен ең үздік тәжірибелік әдістемелерді оқытуға енгізу қолға алынуда.

Берікжан Айтқұлұлының 2004 жылдан 2010 жылдар аралығында ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде педагогика мен психология саласы бойынша ғылыми атақ дәрежелерді ұсыну комиссиясының сарапшы төрағасы, ал 2007 жылдан Президиум мүшесі болды.

Берікжан Айтқұлұлы Әлмұхамбетовтың ғылыми-шығармашылық жолындағы еңбектері: монография, оқулықтар, оқу құралдары, оқу-әдістемелік және ғылыми мақалаларының ұзын саны 100-ден астам. Оның ғылыми еңбектерінде маңызды ғылыми мәселелер нәтижелері әрдайым табылып отырады. Ол ғалым, жас және дарынды ізденушілер мектебін қалыптастыруда. Оның ғылыми жетекшілігімен 2 докторлық, 12 кандидаттық, 3 магистрлік диссертациялар қорғалды.

Берікжан Айтқұлұлы Әлмұхамбетов - өзегі көркем педагогика болып табылатын, сондай ақ жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру, өнертану және білім беру саласында ерекше стратегияның негізін қалаушы ғалым. Рухани дүниесі кең, терең ойлы ғалым, дарынды ұйымдастырушы, шығармашыл жеке тұлға - Берікжан Айтқұлұлы Тәуелсіз Қазақстанның мәдениет және өнер, сондай ақ қазіргі кездерде көркем өнерден білім беру саласында танымал ғалым маман.

 


← Кері оралу