қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
16.04.2021

Кәсіби бағдар - болашақ білім алушыларға деген қамқорлық

 

Кәсіби бағдар беру жұмысы - әр жоғары оқу орны үшін аса маңызды да жауапты шара. Өйткені осы арқылы біз болашақ білім алушылардың өмірлік мамандығын дұрыс таңдап, сапалы маман иесі болуына бағыт-бағдар береміз. 2021 жылдың 12 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының магистр-аға оқытушылары С.Сыздыков, А.Юсуп, Ш.Құттыбаев, Н.Қылышбековалардың ұйымдастыруымен «Ұлттық университет ұтымды таңдау» тақырыбында кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізу мақсатында вебинар өткізілді.

 

Бұл іс-шараға Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі, Саран гуманитарлық-техникалық колледжі және М.Маметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұстаздары мен бітіруші түлектері қатысты. Аталған шара білім нарығындағы университеттің оң имиджін қалыптастыру, болашақ білікті кәсіби мамандарды даярлау және сонымен қатар бітіруші түлектердің университет мамандықтары мен кәсіптері туралы толық ақпарат алуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған болатын. Алғашқы сөз алған Абай атындағы ҚазҰПУ Кәсіби бағдар беру және білім алушыларды қабылдау орталығының директоры Нұрмахан Әуесбекұлы бітіруші түлектерді университеттің білім беру үдерісімен толық таныстырып, биылғы оқу жылындағы қабылдау комиссиясының жұмысы туралы жан-жақты мағлұмат берді, сонымен қатар бітіруші түлектерге қойылатын талап-тілектерді де атап өтті.

 

Филология және көптілді білім беру институтының директоры ф.ғ.д., профессор А.В.Таңжарықова институттың құрылымы, профессор-оқытушылар құрамы, білім беру бағдарламалары жайында толық ақпарат берді. Өз сөзінде институт директоры бүгінгі таңда бакалавриатта 14, магистратурада 16, PhD докторантурада 9 білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланып жатқандығын айта келіп, институтта білім алушылардың шығармашылықпен айналысуына да толық жағдай жасалғанын да тілге тиек етті.

 

Келесі сөз кезегін алған белгілі әдебиеттанушы-ғалым, ф.ғ.д., профессор, жиырма жылдан астам Филология және көптілді білім беру институтын басқарған институттың Құрметті профессоры Б.Әбдіғазиұлы бітіруші түлектерге тоқсан жылдық тарихы бар институттың бүгінгі білім және ғылым саласындағы жетістіктері, институтты бітірген атақты түлектер жайлы, қазіргі нарық заманында бәсекеге қабылетті, білімді де білікті кәсіби маман даярлаудағы университеттің соны ізденістері жайлы толыққанды ақпарат берді. Өз кезегінде сөз алған спикерлер ф.ғ.к., аға оқытушы Г.И.Досманова мен магистр-аға оқытушы А.Н.Юсуп мамандықтарға қатысты білім беру бағдарламалары, оқу бағдарламасындағы әр мамандық бойынша заманауи талаптарға сай енгізілген пәндер циклына қатысты таныстырылым жасады. Екі жарым уақытқа созылған іс-шара вебинардың модераторы магистр-аға оқытушы С.Сыздыковтың сөзімен қорытындыланып, бітіруші түлектер мен колледждің жауапты тұлғаларының тарапынан жағымды пікірлермен түйінделді.

 

Авторы: А. Юсуп, Ш,Құттыбаев,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті

кафедрасының аға оқытушылары

16.04.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazdauiri.kz