қазақша · русский · english
   
  Main / Announcements
18.09.2013

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 6D010300 - Педагогика және психология мамандығы бойынша философия докторы PhD ғылыми дәрежесіне іздену үшін ұсынылған Абдыхалыкова Жазира Есенкелдіқызының «АҚШ-тың жоғары білім жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсетудің ерекшеліктері» тақырыбындағы диссертациясы қорғалады.

Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразияқ ұлттық университетінде орындалған. Қорғау тілі - қазақша.

Ғылыми кеңесшілер:

Қ. Қ. Шалғынбаева - педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының меңгерушісі;

Д. Дженсен - PhD докторы, Кентукки университетінің профессоры (АҚШ).

Рецензенттер:

Наби Ысқақ Айтқұлұлы- педагогика ғылымдарының докторы,

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры;

Қонақова Клара Өмірзаққызы - педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғылыми жұмыстар бойынша проректоры.

Қорғау 2013 жылғы 18 қазанда сағат 10.00-да Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 25 (2-қабат, мәжіліс залы), сайт - www.kaznpu.kz

 

 

 

6D010300 - Педагогика және психология мамандығы бойынша

 философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін

 дайындалған диссертацияға

 

АННОТАЦИЯ

 

Абдыхалыкова Жазира Есенкелдіқызы

 

АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсетудің ерекшеліктері

 

Зерттеу тақырыбының көкейкестілігі. Қазіргі таңда, әлемдік білім беру үрдісіндегі қарқынды жүріп жатқан өзгерістерде бәсекеге қабілетті болу үшін, Қазақстанның жоғары білім беру бағыттары мен саясаты қайта қарастырылып, университеттерде шетел тәжірибелері қарқынды қолданылуда. ҚР жоғары білім беру жүйесіндегі реформалар мен жетілдірудегі кездесетін мәселелерді шешу жолдарының бірі, АҚШ университеттеріндегі жекетұлғаға бағытталған оқыту ортасын қалыптастырудағы бірнеше ғасырлық тарихы бар озық тәжірибелерін, атап айтқанда университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету бағытын (Student Academic Support Services) жан-жақты талдау, оны бейімдеп тәжірибеге ендіру. Себебі, Қазақстан мен АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінің әртүрлі салаларындағы өзгешеліктерге қарамастан, білім алушылардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескеру тұрғысынан ұйымдастырылған, АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету кешені, өзінің ғасырлық тарихында дамып, сұрыпталып, әмбебеп әлемдік тәжірибеге айналып, басқа да елдер үшін қолдану мүмкіндігіне ие болып отыр. АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету бағытының теориясы мен тәжірибесінің арнайы зерттеу нысаны ретінде, толыққанды зерттелуі және оны қолдану мүмкіндіктерін анықтау жолдары, отандық жоғары оқу орындарындағы кредиттік оқыту технологиясы бойынша мамандар даярлаудың сапасын арттыруымен түсіндіріледі.

Зерттеу нысаны: АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесі

Зерттеу пәні: АҚШ-тың жоғары оқу орындарындағы студенттерге академиялық қолдау көрсету үдерісі

Зерттеу мақсаты: АҚШ - тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету бағытының теориясы мен тәжірибесіне жан-жақты талдау жасау, Қазақстанның ЖОО-да қолдануға мүмкіндік беретін ғылыми - теориялық нұсқаулар даярлау.

        Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей міндеттер қойылды:

-       АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету қызметтерінің тарихи тұрғыдан қалыптасуын анықтау;

-       Студенттерге академиялық қолдау көрсету орталықтарының маман даярлаудағы рөлі мен озық бағдарламаларын айқындау;

-       АҚШ тәжірибесі негізінде «Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсетудің құрылымдық-теориялық моделін» әзірлеу және оның негізгі компоненттерінің (дамытушы академиялық эдвайзер, бағыт-бағдар курстары) тиімділігін тәжірибелі -эксперимент жүзінде тексеру;

-       АҚШ -тың жоғары оқу орындарындағы студенттерге академиялық қолдау көрсету тәжірибесін ҚР университеттеріне ендіруге басшылыққа алатын ғылыми-теориялық, әдістемелік нұсқаулар жасау.

Зерттеу әдістері: зерттеу тақырыбы бойынша, психологиялық-педагогикалық, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді теориялық талдау, синтез, зерттеу мәліметтерін болжау, салыстыру, үлгілеу әдісі, педагогикалық бақылау, сұхбаттасу, сауалнама, педагогикалық эксперимент, зерттеу деректерін статистикалық өңдеу әдістері.

Зерттеудің дереккөздері мен материалдары. Американың  жоғары  білім беру жүйесінде студенттерге академиялық қолдау көрсетудің ерекшеліктерін, академиялық қолдау көрсету орталықтарының маман даярлаудағы рөлі, бағдарламалары, ұйымдастыру моделдері мен озық тәжірибелерін айқындау бойынша 176 əдебиет көздерінен алынған.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі

-           АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету қызметтерінің қалыптасуы тарихи тұрғыдан анықталды;

-           Студенттерге академиялық қолдау көрсету орталықтарының маман даярлаудағы рөлі мен озық бағдарламалары айқындалды;

-           АҚШ тәжірибесі негізінде Қазақстанның ЖОО-да кредиттік оқыту технологиясында қолдануға мүмкін болатын «Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету кешенінің құрылымдық моделі» даярланды;

-        АҚШ -тың жоғары оқу орындарындағы студенттерге академиялық қолдау көрсету тәжірибесін ҚР университеттеріне ендіруге басшылыққа алатын теориялық - әдістемелік нұсқаулар жүйесі негізделді.

Зерттеудің практикалық мәнділігі. Зерттеу нәтижелері кредиттік оқыту технологиясындағы оқыту үдерісін оңтайландыруға, жетілдіруге, осы бағыттағы жаңа зерттеулер жүргізуге негіз бола алады; шетелдік және салыстырмалы педагогика курстарының мазмұнын кеңейтуге, ЖОО-да мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, қайта даярлау институттарында пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

-       АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсету қызметтерінің тарихи тұрғыдан қалыптасуы;

-       Студенттерге академиялық қолдау көрсету орталықтарының маман даярлаудағы рөлі, озық бағдарламалары;

-       Университет студенттеріне академиялық қолдау көрсету кешенінің құрылымдық-теориялық моделі;

-       АҚШ -тың жоғары оқу орындарындағы студенттерге академиялық қолдау көрсету тәжірибесін ҚР университеттеріне ендіруге басшылыққа алатын теориялық - әдістемелік нұсқаулар жүйесі.

Жұмыстың  жариялануы.  Зерттеу жұмысының мазмұнын ашатын 17 мақала жарияланды, оның ішінде ҚР БҒМ БҒСБК ұсынған 5-ғылыми басылым, 1-нөлдік емес импакт-факторы бар ғылыми журналдар базасына тіркелген шетел журналында, 8-халықаралық конференцияның материалдары мен тезистері, соның ішінде 2-шетел конференция материалдары мен тезистері. 

Зерттеу жұмысының  құрылымы. Зерттеу  жұмысы  кіріспеден,  3 бөлімнен,  қорытындыдан, пайдаланылған əдебиеттер тізімі  мен  қосымшадан тұрады. Жалпы көлемі - 149 бет.

 

Аннотации