қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
18.06.2021

Педагог мәртебесі заңмен ғана шектелмейді

 


 

Кезінде «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп Алаш зиялылары ардақ тұтқан ағартушының қоғамдағы орны мен ролі зор болып келгені белгілі. Алайда кеңестік дәуірде мұғалімдерді жергілікті интеллигенция өкілдері ретінде халық санағы, сайлау сияқты қоғамдық жұмыстарға орынды-орынсыз жұмсау арқылы олардың ел алдындағы абырой-беделі түсе бастағаны сөзсіз.

 

Білім саласына бөлінетін қаражаттың азаюы, талаптың төмендеуі мектептің де, мұғалімнің де беделіне нұқсан келтірді. Соның салдарынан біздің заманымызда педагог жергілікті әкімдіктердің қолбаласына айналып кетті. Сайлау сияқты саяси науқандарды былай қойғанда маусымдық жұмыстарға, тіпті көше сыпыруға дейін мұғалімдер жегілетіндіктен, олардың ел алдындағы да, оқушы алдындағы да абырой-беделі құлдилап кеткені белгілі. Күні кешеге дейін мұғалімнің қоғамның ең әлжуаз, қорғансыз бөлігі болып келгені бүкіл елді толғандырды. Халықтың өтініш-тілегімен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, бүкіл мұғалімдер қауымы арасында зор зерпіліс тудырды. Бұл заң алдымен педагогтың мәртебесін, педагогтік әдебін, оның өз қызметін жүзеге асыру сипаттарын, қызметін іске асыру кезіндегі құқықтарын айқындай беруімен құнды. Сондай-ақ Заңда педагогтың материалдық қамтамасыз етілу құқығы, ынталандыру құқығы қарастырылады. Оларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер: тұрғын үй алу, үй салу үшін жер учаскелерін алу, еңбекақыларын көтеру мәселелері, кәсіптік даярлығы, біліктілігін арттыру мәселелері де заңдастырылған.

 

Заңға сәйкес, бұдан былай Білім және ғылым министрлігіне және өңірлердегі білім басқармаларына педагогтен білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есеп түрлерін тапсыруды не өзге ақпаратты жинауды талап етуге рұқсат етілмейді. Мектепте заңда көрсетілмеген тексерулерді жүргізуге тосқауыл қойылады. Білім ордасының басшысы педагогке қандай да бір тауарлар мен қызметтерді сатып алу жөнінде тапсырма бере алмайды.

 

Мұғалімдер ұзақтығы 56 күнге дейін созылатын, ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына шығатын болды. Бұған дейін олар 42 күн демалатын. Бұлайша бірде-бір кәсіп иесі тынықпайтыны мәлім.

 

Педагог балаларына тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік тегін балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Ұстаздарға жыл сайын емделіп, сауығуға 1 айлықақы мөлшерінде жәрдемақы ұсынылады.

 

Тұтастай алғанда, Білім және ғылым министірінің мәліметінше, заңда көзделген шараларды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін 5,3 триллион теңге шығындалады. Бюджет қаржысы ұстаздың жалақысын екі есе арттыруға, оларға қосымша ақылар, үстемақылар мен сыйақылар төлеуге, әлеуметтік кепілдемелерді қаржыландыруға бағытталады.

 

Әйткенмен, шағын ғана заңдағы нормалар мұғалімнің ондаған жылдар бойы тапталған абырой-беделін жақын арада асқақтата қоярына сену қиын.

 

Педагог мәртебесі Заңмен ғана көтерілмейді. Оның көзге көріне бермейтін нәзік тұстары көп. Мысалы, бізде ұстаздар және педагог мамандығының артықшылығы туралы шынайы, қызықты көркем шығармалар мен фильмдер өте аз. Олардың адамгершілік, іскерлік, ізгілік қасиеттерін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішнде телеарналарда, әлеуметтік желілерде, газет-журналдарда кеңінен жариялап отыру қажет. Педагог мамандығын насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Мұғалімдерге арналған, кезінде жабылып қалған ақпарат құралдарын, газет-журналдарды қайта ашу керек. Ол үшін бүгіннен бастап қандай жұмыстар, соның ішінде қандай заңнамалық тетіктер қажет екенін ойластырған жөн. Сонымен қатар мұғалімдерді жергілікті мәслихаттарға, Парламент депутаттарына және басқа да абыройлы қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарға сайлау және тағайындау, жоғары атақтар мен үкіметтік марапаттарға көптеп ұсыну артық болмас еді. Озат педагогтардың іс-тәжірибесін насихаттау, тарату, оларға мемлекет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан көтермелеу аса қажет.

 

Авторы: Ш.Құттыбаев,

Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институтының аға оқытушысы

18.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz 

 



140

Вернутся назад