қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
18.06.2021

Университеттеріміз - үздіктер қатарында

 


 

QS WUR (Quacquarelli Symonds World University Rankings) халық­ара­лық акаде­миялық рейтингі - әлем­дегі ең беделді рейтингтердің бірі. Дүние жүзіндегі университет­терге жыл сайын баға беріп, түрлі санаттар бойынша көр­сеткіш нәти­желерін жариялап отырады. Сол QS WUR рейтингтің биылғы тізіміне 14 қазақстандық ЖОО енді. Оның кей­бірі бұрынғы орнын сақтап қалса, енді бірі жоғарылаған. Айталық Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­вер­ситеті кезекті рет 175-орынға тұрақтап, әлем­дегі 200 үздік универ­ситеттің қатарынан көрінді. Ал Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық уни­вер­си­теті 90 пози­цияға көте­ріліп 328-орынды, Мұх­тар Әуезов атындағы Оңтүс­тік Қазақстан университеті 482-орын­ды иеленіп, үздік 500 оқу орны­ның тізіміне енді. Сонымен қатар рейтингке Satbayev University, Қазақ ұлттық аграр­лық зерт­теу универ­ситеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­­гогикалық университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина уни­вер­ситеті кірді.

 

- Рейтинг тарихына көз жүгіртсек, биыл оның құра­мына қазақстандық жоғары оқу орындарының рекордтық саны кірді. Рейтингке енгі­зілген 14 жо­ғары оқу орнының же­теуі соңғы жылы өз позицияларын жақсарта түсті. Бұл қазақстандық жоғары білім­нің халықаралық деңгейдегі та­ны­малдылығының арта түс­кенін көр­сетеді, - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

 

Министрлік өкілінің мә­лім­­деуін­ше, жоғары оқу орын­дарының позицияларын есептеу кезінде рейтингте ака­демиялық топтар мен жұ­­мыс беруші ұйым өкілдерінен жинал­ған сауалдамалардың нәти­желері, сондай-ақ 2015 жылдан бастап 2019 жыл­ға дейінгі кезең­дегі 14,7 млн жарияланым ескеріл­ген. Әлемдік рейтингтерде іл­гері­леу - қазақстандық білім беру сапа­сының одан әрі жақсара түсуінің және уни­вер­ситеттердің жоғары мәр­тебесінің дәлелі.

 

Былтыр 601-650 орында болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті биыл 50 орын­ға көтеріліп, 551-560 қатар­ға тұрақ­тады. Аталған оқу орны­ның жа­қында тағайындалған ректоры Дархан Біләлов жұ­мыспен қамтыл­ған түлек­тердің үлесі жоғары нәтиже көрсетуге септігін тигізгенін айтты.

 

- Мұндай жоғары рейтингке біздің университеттің академиялық ортадағы беделі, сондай-ақ табысты жұмыс­пен (95%) қамтылған түлек­теріміздің ұлт тәрбиесі мен білі­міне үлес қо­суы әсер етті. Біз негізгі жұмыс беру­­­шілері­мізбен белсенді қарым-қаты­нас орнатып отырмыз. Универ­ситеттің халықаралық деңгейге көте­рілуі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бұ­рын­ғы басшысы Такир Балық­баевтың бастамалары мен қол­дауының нәтижесі еке­нін атап өткен жөн. Абай уни­вер­ситетінің отан­­­дық және әлемдік деңгейде да­муы­на оқы­тушылар мен ғалым-зерт­теу­­ші­лердің қосқан үлесі де ерекше. Бұ­ған білім беру сала­сындағы ұлттық және халықаралық рейтинг­тердегі көр­сетк­іштердің тұрақты өсуі дәлел бола алады. Түптеп кел­генде, бұл - ұжым жүргізіп отыр­ған жемісті жұ­мыс­тың сенімді көрсеткіші, - дейді рек­тор.

 

Қоса кетейік, рейтингті шы­ғаруда QS сарапшылары әлем­нің 93 елінен 1 673-тен аса униве­рситеттің деректерін талдады. Рейтингке 1 300 жоғары оқу орны кірді. Бұл рейтинг 14,7 млн-нан асатын ғылыми жария­ланымға талдау жасау, 96 млн-нан көп дәйексөзді ескеру, 450 мың­нан аса жұмыс беруші мен ака­демиялық қоғамдастықтың 2 млн өкілінен сауалдама алу ар­қылы жасалды.

 

 

18.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz