қазақша · русский · english
   
  Main / Announcements
21.10.2013

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 6D011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін Рахимова Айна Маратовнаның «Адамның интеллектуалдық сипатының концептуалдануы (педагогикалық аспект)» тақырыбындағы диссертациясы қорғалады.

Диссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орындалған. Қорғау тілі - қазақ тілі.

Ғылыми кеңесшілер:

Г.Н. Смағұлова - филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры;

Жаң Диңжиң - филология ғылымдарының докторы, Орталық Ұлттар университетінің профессоры (Қытай Халық Республикасы).

Рецензенттер:

Т.Н. Ермекова - филология ғылымдарының докторы, Қазақ Қыздар педагогикалық университетінің профессоры;

К.Б. Жақсылықова - педагогика ғылымдарының докторы, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры.

Қорғау 2013 жылғы 21 қарашада сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен жайы: 050040, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 25 (2-қабат, мәжіліс залы, сайты: www.kaznpu.kz).

 

Аннотация

Рахимова Айна Маратқызы

Адамның интеллектуалдық сипатының концептуалдануы (педагогикалық аспект)

 

Зерттеудің өзектілігі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Біздің түпкілікті мақсатымыз - интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру», - деп атағандай, болашағымыз «интеллектуал» ұғымымен байланысты болуы үшін көптеген маңызды шарттарды орындауымыз қажет. Бұған қатысты қоғамдағы кез келген ғылыми саланың өз міндеті бар. Қазақ тіл білімі Елбасы көрсеткен мақсатқа жетуде жалпы адамның интеллектісіне танымдық-педагогикалық талдау жасап, ғылыми-теориялық із қалдыру арқылы үлес қоса алады.

Бәсекеге қабілеттілікті талап ететін дәуірде адам туралы ғылымды үнемі жаңғыртып отыру керек. Дүниежүзілік жаһандану үдерісі жаратылысымызда адамға ғана тән болған интеллектуалдық мүмкіндіктерді енді жасанды интеллект арқылы дамытуда. Әлемде бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген ғылыми-технологиялық төңкеріс белең алуда. Осы жағдай адамның өміріндегі негізгі құндылықтардың өзгеруіне, ұтқырлыққа, ақпараттық ағымға, әлемдік бәсекелестікке және т.б. осындай факторларға бағыныштылық туындатып отыр. Қалайда, адамға табиғат берген интеллект (ой, сана, ақыл, парсат, білім, дарын және т.б.) - тіршілігіміздің басты тірегі. Адамның интеллектісі - ғылым ғылым болғалы әр бағыттағы зерттеушілердің назарынан тыс қалмаған мәселе. Интеллектіні зерттеген әрбір ізденуші бұл абстрактілік ұғымның қаншалықты терең философиялық, танымдық әрі психофизиологиялық, педагогикалық қызмет атқарып, адамзат жаратылғаннан бастап бүгінгі қоғамдық дамуымызға тікелей байланысты екеніне көз жеткізеді. Кейінгі жылдары отандық ғылымдағы антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің белең алуы адамның ішкі жан дүниесінің, танымының, мәдениетінің, әлеуметтік әрекетінің тілмен байланысын анықтап, талдауға негіз болған еңбектердің қатарын арттырып отыр. Бүгінде қазақ тіл білімінде интеллект этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырлған (Б. Сағынова, 1999).

«Тілді тұтынушы этносты басты орынға қоятын лингвистикадағы антропоөзектік парадигма жаңа ғылыми пәндерді қарастыруда. Мұнда тіл мен адамның бірлестігі басты орынға шығады» [1]. Аталған бірлестік негізінде адамның интеллектуалдық сипаты когнитивтік лингвистиканың, лингвопсихологияның, лингвомәдениеттанымның, әлеуметтік лингвистиканың, гендерлік лингвистиканың, лингвоперсонологияның зерттеу нысаны бола алатын күрделі әрі мағынасы ауқымды ұғым-белгі. Сондықтан, интеллектінің бірінші кезекте танымдық ұғым екенін ескеретін болсақ, ең алдымен, когнитивтік (танымдық) тіл білімінің зерттеу нысаны ретінде қарастырып, адамның интеллектуалдық сипатының концептуалдануын зерттеу, оның басқа ғылыми аспектілерде тоғысуын айқындау, сондай-ақ зерттеуіміздегі суперконцепт (адам), макроконцепт (интеллект), базалық концепт (ақыл, сана, білім, тәжірибе, мәдениет, шешендік), микроконцепт сияқты көлемді ментальдық түзілімдерді анықтау - тіл ғылымы үшін өзекті мәселе.

Ал адам интеллектісінің қазақ мәдениетіндегі көріністері (шешендік өнер, гендерлік интеллект, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер, метафоралар, тұрмыс-салт) қарастырылып отырған концептінің лингвомәдени ерекшеліктерін айқындайды. Сондай-ақ адам интеллектісінің танымдық-мәдени қырлары оның психологиялық астарымен тығыз байланысты дамиды. Осылайша, адам-таным-мәдениет-жан-тіл бестағаны жан-жақты талданып, педагогикалық мәні айқындалады. Біздің зерттеу тақырыбымыздың тағы бір өзекті тұсы осыннан аңғарылады.  

Әлемнің ғылыми бейнесіне үңілсек, әлеумет өміріндегі ең маңызды, тірек ұғымдардың бірі - «интеллект» макроконцептісі екендігі дау тудырмаса керек. Отандық және шетелдік лингвистердің аталған феноменді зерттеу тарихы өткен ғасырда басталса да, «интеллект» макроконцептісін ғылыми талдау шегіне жетті дей алмаймыз. Қазақ тіл білімінде адамның интеллектуалдық сипатына кешенді түрде зерттеу жүргізіп, оның педагогикалық астарын ашу - ғылыми кезең талабы.

Зерттеу нысаны. Адамның интеллектуалдық сипатын танытатын концептілердің педагогикалық астары.

Зерттеудің пәні. Қазіргі қазақ тіл білімінің танымдық бағытының педагогикалық аспектісі. 

Зерттеу жұмысының мақсаты. Зерттеудің мақсаты қазіргі қазақ тілі материалы негізінде адамның интеллектуалдық сипатының концептуалдануын талдау, саралау, іріктелген ұғым-түісініктердің концептуалдық мазмұнын, қызметін педагогикалық аспектіде анықтау.

Міндеттері:

- «Концепт», «интеллект» ұғымдарына беріліп жүрген ғылыми түсініктемелерге тоқталу, өзіндік анықтама беру;

- «Интеллект» макроконцептісінің философиялық, психологиялық, лингвистикалық, педагогикалық аспектілері бойынша ғылыми-теориялық тұжырым жасау;

- «Интеллект» макроконцептісін айқындайтын негізгі ұғымдарға кешенді концептуалдық талдау жасап, олардың психология-педагогикалық астарын айқындау;

- «Интеллект» макроконцептісінің мағыналық-ақпараттық өрісіне енетін базалық концептілердің танымдық-педагогикалық ерекшеліктерін анықтау;

- «Интеллект» макроконцептісінің педагогикалық дискурстағы (когнитивтік метафоралар, тұрақты тіркестер, паремиялар) көрінісін айқындау, талдау;

- «Интеллект» макроконцептісінің гендерлік ерекшелігін айқындау, «гендерлік интеллектіге» түсініктеме беру, педагогикалық сипатын ашу;

Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу барысында синхрондық сипаттама, зерттеу тақырыбына қатысты ғылыми-теориялық, педагогикалық, психологиялық және әдіснамалық әдебиеттерді талдау және жинақтау, когнитивтік және лингвомәдени, лингвопсихологиялық тұрғыдан талдау, баяндау, ассоциативтік қатынаста салыстыру әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:

- Білім беру үдерісінде негізгі рөл атқаратын «интеллект» ұғымына алғаш рет концептуалдық талдау жасалынды;

-  Педагогикалық тұрғыдан алғанда адамның интеллектуалдық сипатын танытатын «ақыл», «білім», «тәжірибе», «ғылым», «мәдениет», «шешендік» базалық концептілерінің когнитивтік, лингвомәдени ерекшеліктері сараланды;

- Қазақ шешендік өнері ұлттық интеллект көрсеткіші ретінде халық педагогикасымен байланыста зерттелді;

- «Интеллект» макроконцептісінің педагогикалық дискурстағы (когнитивтік метафоралар, тұрақты тіркестер, паремиялардағы) көрінісі айқындалды;

- «Гендерлік интеллект» ұғымына алғаш рет халық мұралары негізінде тілдік талдау жасалып, анықтама берілді, педагогикалық ерекшеліктері қарастырылды;

- Танымдық тіл білімі бойынша адамның интеллектуалдық сипатын оқытуға арналған дәрістер мен практикалық оқу жұмыстарының тақырыптық тізбесі ұсынылды.

Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеудің нәтижелері қазақ тіл білімінде жаңадан қалыптасып келе жатқан когнитивтік лингвистика саласының теориялық және практикалық деңгейі жетілуіне, қазақ тілінің жаңа бағыттарын оқытудың жүйесін дамытуға үлес қосады. Этностың әлеуметтік, мәдени дүниетанымында адам факторына қатысты антрополингвистикалық ұстанымдар мен тұжырымдарды жете түсінуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде қазіргі қазақ тілін оқыту, когнитивтік лингвистикамен байланыстырып, этнопедагогика, елтану, қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы, лингвомәдениеттаным, психолингвистика, әлеуметтік лингвистика бойынша оқылатын дәрістерде, элективті курстар бойынша оқу әдістемелік кешендерін жасауда пайдалануға болады. 

 

Аннотациялар

Диссертация