қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
04.09.2023

Демократиялы қоғамға қарай сенімді қадамдар жасалды

 


 

VIIІ шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясында жарияланған Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталып, мәні мен мағынасы жағынан Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Экономика саласында қазіргі Жаңа Қазақстандағы экономиканы әртараптандыру арқылы мұнай нарығының бұлыңғыр болашағы келмей жатып, экономикадағы әр түрлі секторларды дамыту мәселесі тұр.

 

Саясатта Президенттің АЭС салу не салмау туралы сұрақты тікелей халықтың таңдауына қалдыруы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы азаматтық қоғам үшін үлкен жаңалық болып отыр. Алдағы жылы аудан, облыстың маңызы бар қала әкімдерін халық тікелей сайлайтыны, әрі аудан әкімдеріне бюджетті басқаруға толық еркіндік берілетіні, жергілікті өзін-өзі басқаруда салыққа байланысты жеңілдіктерді белгілеуді жергілікті халықтың өз еркіне берілуі осы жолдаудың ерекшелігін айқындады. Ал оның басты ерекшелігі - оның нақты мерзімге қойылуында болып отыр. Президент жолдауды Үкіметке алдағы 3 жылға, яғни 2026 жылға дейін орындауды тапсырды. Сонымен қатар, қыркүйек айының басында еліміздегі халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселелердің орындалу барысына қорытынды жасап, болашаққа жоспар құру жақсы дәстүрге айналғандығымен айшықталады.

 

Өткен жылы айқындалған формулаға сәйкес болашақта да: біз саяси жаңғыртуды «күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» деген іргелі қағидаға сәйкес жүргізетініміз белгілі болды. Ал, Стратегиялық жағынан алғанда 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 450 миллиард долларға дейін екі есе ұлғайту мақсаты қойылды.

 

Президенттің адами капиталды арттыруға бағытталған бұл Жолдауында: «Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды. Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Реформаның басты мақсаты - экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу», - деді. Яғни, осы айтылғандардың бәрі жан-жақты сарапталып, зерделенген ғылыми негізі бар дегенді білдіреді. Бұл міндеттердің күрделі әрі ауқымды екендігін атап айтқан жөн. «Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл - принципті мәселе. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз. Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел - Әділетті Қазақстанды құрамыз», - деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар, Ел Президенті білім саясатында цифрландыруды дамытып, инновацияларды енгізу қажеттігін, жасанды интеллекттің дамуы туралы да атап өтті. «Біздің алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр - Қазақстанды IT-елге айналдыру. Цифрландыру саласындағы жетістіктеріміз бар - біз электронды үкімет пен финтех даму индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарындамыз. Өткен жылдың өзінде отандық IT-саланың экспорт көлемі бес есе өсті.... «Егер біз жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына сапалы серпіліс жасай аламыз».


Атап айтар болсақ, осыған орай, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында қазірдің өзінде үлкен деректерді өңдеу «Үлкен деректер», «Жасанды интеллект», «Информатика», «Компьютерлік инженерия», «Ақпараттық қауіпсіздік» және т.б. сияқты уақыт талабына жауап беретін инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуде.

 

Жалпы, бұл Жолдауда билікті демократияландыру бағытында қоғамға қарай сенімді қадамдар жасалды деп айтуға келеді.

 

 

Авторы: Симтиков Жомарт Құдайбергенұлы саяси ғылымдарының докторы,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті

04.09.2023 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com