қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
17.03.2018

БАСПАНА САЛУ БАСТАМАСЫ

 



Қазақстандағы әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмыс­шылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент-жастардың жатақханалық жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін арттырып, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөнінде бастамалар көтерген Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы бүгінде ел тұрғындарының көкейінен шығып, халықтың зор қанағаттанған сезімін туғызып отыр.

 

Үндеуде жария етілген әлеуметтік бастамалар - тәуелсіз Қазақстанның қуатты елге айналып, жаңа даму жолында жеткен жетістіктерінің заңды жалғасы. Президент Н.Назарбаевтың: «Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды!


Бұл - біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт» деген сөзінің терең мағынасы бар. Өйткені тәуелсіздіктің ширек ғасырында Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасу, даму сатыларынан өтіп, бүгінде әлемдегі алдыңғықатарлы 50 елдің арасына қосылды. Алдағы стратегиялық мақсат - 2050 жылға қарай әлеуеті зор 30 елдің қатарынан орын алу.


Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент-жастардың жатақханалық жағдайын жақсарту туралы бастамасы дер кезінде көтеріліп отырған мәселе. Бұл - бізге өте қажет. Өйткені жастарымыздың жоғары білім алуға деген ынта-ықыласы жылдан-жылға артып келеді. Демографиялық өсім де жоғарылай түсуде. Ынталы жастарымыз көп. Сондықтан Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігін арттыру үшін жыл сайын бөлініп жүрген 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы да 20 мың грант бөлу туралы ұсынысы өте орынды. Қосымша грант бөлінсе, педагогикалық маман­дықтарға түсетін әлеуметтік және экономикалық, тұрмыстық жағдайлары әртүрлі отбасынан шыққан, ауылды аймақтардан келген студенттер үшін өте үлкен көмек болар еді. Сол себепті, биыл педагогикалық мамандықтарға бөлініп жүрген 6000-дай грантқа қосымша тағы грант қосылса, онда біздің мамандықтарға келетін талапкерлер саны және оқуға түсу мүмкіндігі артады.


Екінші мәселе - студенттердің жатақхана жағдайын түзеу. Бұл үшін 2022 жылдың соңына дейін елімізде суденттерге арнап кемінде 75 мың орынды жаңа жатақхана салу тапсырылды. Өйткені еліміздегі көне жоғары оқу орындарындағы жатақ­ханалардың көбі ескірген және заман талабына сай кел­мейді. Біздегі 5 жатақханада 1900 сту­дент тұрып жатқанымен, 1500-ден астам орын жетіспейді. Сол се­бепті, Президентіміздің Үн­деуіне байланысты алдағы уа­қытта тағы 2 жатақхана салуды ой­­ластырып отырмыз. Бұл үшін алдымен, ең негізгі керегі - жаңа жатақхана салудың механизм­­дерін түсіну және соған байланысты алдағы атқарылатын жұмыстарымызды жоспарлау. Негізінде, біздің университеттің ұстаздары мен студенттері бұл шешімді ерекше ықыласпен қабылдады.


Елбасы Үндеуіндегі негізгі ұстанымдардың бірі жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасы туралы болғандықтан, 90 жылдық тарихы бар Абай атында­ғы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өткен оқу жылында қолжеткізген кейбір табыстарына тоқталып өтсем деймін. Ең үлкен жетістік ретінде университетіміз 2017 жылы әлемнің үздік 500 университет қатарына және QS World University Ranking рейтингісіне енгенін атап кетуге болады.


Шығыс Еуропа және Ор­та­лық Азиядағы арнаулы ран­жирлеуінде 30 елдің 200 алдың­ғықатарлы университеті арасында ҚазҰПУ 91-орында тұр. Ұлттық рейтингілер бойынша жоғары оқу орындары арасында алдыңғы орында. 2017 жылы Білім сала­сындағы Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан тәуелсіз агенттігінің Бас рейтингінде «Білім» бағыты бойынша (НКАОКО) педагогикалық жоғары оқу орындары арасында біздің университетіміз 1-орын иеленіп, педагогикалық ма­мандықтарға арналған 28 білім беру бағдарламасы үздік үштікке енді. Бүгінде оқу орны ұжымы Елбасының тапсырмасына орай Ғылыми зерттеу университеті және Цифрлы университет дәре­жесіне жету үшін табандылықпен еңбек етуде.


Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үн­деуі жарияланысымен келесі күні Ғылыми кеңесте оны қызу тал­қылап, нақты шешімдер қа­был­­дадық, тиісті іс-шаралар жос­парын жасадық. Бұл біздің алдағы жұмысымызға бағыт-бағ­дар болатыны сөзсіз.

 

Авторы: Такир Балықбаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор

17.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz