қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
02.05.2018

ҚазҰПУ-де бос орын жәрмеңкесі болып өтті

 



Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Мансап орталығының ұйымдастыруымен «Бос орын» жәрмеңкесі болып өтті.

 

Аталған іс-шара университетімізді бітіріп, жаңа өмірге қадам басқалы отырған жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатымен ұйымдастырылды. «Бос орын» жәрмеңкесіне еліміздің түпкір-түпкірінен білім беру ұйымдарының өкілдері мен банк және қаржы-экономикалық органдарының, құқық қорғау саласының басшылары және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтар болсақ: жәрмеңкеге Ақмола облысынан - 3 мектеп, Атырау облысы мен Атырау қаласынан - 10 мектеп, Алматы облысының Қарасай ауданынан 7 мектеп, Балқаш ауданынан -3 мектеп, Еңбекшіқазақ ауданынан - 5 мектеп, Қапшағай қаласынан - 3 мектеп, Алматы қаласынан - 47 мектеп, «Балбұлақ» балаларды сауықтыру орталығынан, Қазақстан-Ресей медициналық колледжінен, Алматыдағы №47, 96 балабақшадан, «Әйгерім», «Елсана», «Сұлтанқорған» «Үкілі үміт» жеке балалар мекемесінен, жалпы 72 білім мекемесінен өкілдер қатысты.

 

Жәрмеңкені ашқан университеттің бірінші проректоры, профессор Мақтағали Бектемесов биылғы түлектеріміз қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында университет қабырғасынан ұшқалы отырғанын атап өтті. Жаратылыстану және география институтының директоры, профессор Күләш Қаймулдинова біздің түлектер заманға сай жаңа инновациялық технологияны терең меңгерген түлектер екенін, олардың қай салада болмасын университетіміздің абырой-беделін асқақтататынына сенімді екенін айтты. Жәрмеңкеге келген мекеме басшылары биыл оқу орнын математика, география, физика мамандықтары бойынша бітірген және бастауыш сынып мамандарына сұраныстың артып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар мерекеде сөз алған Алматы қаласындағы №189 мектептің директоры Роза Омарбаева, И.К.Мондоки атындағы «Қазақ тілі қоғамы» Республикалық бірлестігінің директоры Руслан Жұмалиев пен Қазақстан-Ресей медицина колледжінің бөлім меңгерушісі Шолпан Мамырбекова университетіміздің 90 жылдық мерекесі сәтті өтуіне тілектестігін білдіріп, біздің университетіміздің студенттері қандай салада болмасын тек жетістіктерге ұмтылатын сапалы маман болатындықтарына сенім білдірді. Осындай салтанатпен ашылған «Бос орын» жәрмеңкесі ары қарай студенттермен өз жұмысын бастап кетті.

 

Бұл күні университеттің математика, физика және информатика институтынан - 65, Педагогика және психология институтынан - 13, Филология және көптілді білім беру институтынан - 53, Жаратылыстану және география институтынан - 23, Тарих және құқық институтынан - 16, Өнер, мәдениет және спорт институтынан - 13 маманға сұраныс түсіп, бұл бойынша университет пен жұмыс берушілер арасында келісім-шарттарға қол қойылды.

 

 

Авторы: Шоқан Құттыбаев

02.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz