қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
25.06.2018

«Біліммен - болашаққа» түлектер кездесуі өтті

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында «Біліммен - болашаққа» түлектерге диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті.

 

Тарихы сонау 1928 жылдан бастау алатын білімнің қара шаңырағы ғасырға жуық кезеңде екі жүз мыңнан астам педагог-ұстаздар, үш мыңға жуық ғылыми кадрлар даярлап, отандық ғылым, білім мен мәдениетін дамытуға зор үлес қосты. Биылғы жылы да дәстүр бойынша білім ордасында болашақ педагогтардың тағы бір легі үлкен өмір жолына жолдама алды.

 

Университетте жаңашылдық пен ұлттық тәрбие ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары негізінде мамандар даярлануда.

 

«Спартак» спорт кешенінде өткен салтанатты шара бакалавр бағдарламасы бойынша күндізгі бөлімді тәмамдаған мыңнан астам түлектер шеруімен басталды.

 

Түлектер мерекесі университет ректоры, профессор Такир Балықбаевтың құттықтау сөзімен басталды.

 

«Кезінде оқу орнының тұңғыш ректоры болған мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияровтан, сол кезде Қазақстан халық ағарту комиссары болған Ораз Жандосовтан бастап Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Әлімхан Ермеков сынды ұлт зиялылары дәріс оқыған аудиторияларда білім алған сіздер өте бақытты ұрпақсыздар. Жылдан-жылға оқу орнымыздың әлеуеті артып келеді. Бүгінде ол ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар және педагогикалық білім беру, экономика және бизнес, құқықтану салалары бойынша мамандар даярлайтын көп салалы білім ордасы болып табылатыны өздеріңізге мәлім. Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның арнаулы ранжирлеуіндегі 30 елге қарасты 200 үздік университеттің бел ортасында тұрса, 2018 жылғы Ұлттық рейтингі бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы оқу орны, әлемнің үздік ТОП-500 университеттерінің қатарына және QS World University Rankings рейтингісіне енді. Олай болса осындай мәртебелі оқу орнын бітірген сіздердің оны мақтан етуге толық құқыларыңыз бар» деп атап өткен университет ректоры түлектерге сәт-сапар тіледі.

 

Келесі кезекте сөз алған Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, университетіміздің Бақылау кеңесінің мүшесі Кенжехан Матыжанов білім ордасының мықты кадрлық әлеуеті мен отандық жоғары білім жүйесіндегі өзіндік орнын атап өтті. Ал университет түлегі Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевигі әрдайым білім ордасын мақтан тұтатындығын тілге тиек етті.

 

ҚазҰПУ-нің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, профессор Жанатбек Ішпекбаевтың айтуынша, еліміздің педагогика саласына білікті мамандар даярлаудың көш басында тұрған білім ордасындағы диплом табыстау рәсімі биылғы жылғы түлектерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шараға қатысқан ата-аналар мен қонақтар университет басшылығына ризашылығын білдірді. «Жігіттер» картеті, Р.Уайыс, Е.Рахым сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары әсем әнмен, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі көңілді бимен кештің сәнін кіргізді.

 

Авторы: Элвира Серікқызы

25.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz