қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
02.07.2018

Ғалымға - құрмет

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Ғылыми кеңесінің кеңейтілген мәжілісі еліміздің жоғары білімі мен ғылымының белгілі ұймдастырушыларының бірі, ғалым, педагог, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, халықаралық экономикалық Еуразия академиясының академигі, Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марат Алмасайұлы Нүриевтің 80 жасқа толуына арналды.

 

Мәжілісті ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев мерейтой иесінің ғылыми-педагогикалық қызметіне шолу жасады. Марат Алмасайұлы 1962 жылы Мәскеу жеңіл өнеркәсіп технологиясы институтын бітірген соң 1978 жылға дейін Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтында кафедра меңгерушісі, ғылым істері жөніндегі проректор болып қызмет істеді.

 

 

1978-1984 жылдары Қазақ политехникалық институтында кешкі және сырттай оқытатын бөлім жөніндегі проректор қызметін атқарып, институт базасында Қаратау, Өскемен, Лениногорск, Зырян, Гурьев және Шевченко қалаларындағы аталмыш институттың филиалдары мен жалпытехникалық факультеттерінде жұмысшы- жастарды өндірістен қол үзбей оқытудың тиімді тәсілдерін қолданып, оқу сапасын жетілдіруге көп үлес қосты.

 

1996 жылы ҚР Президентінің аппаратында Қауіпсіздік кеңесі Хатшысының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі болып қызмет істеп, егеменді еліміздің қауіпсіздік саласының қалыптасуы мен нығаюына өзіндік үлесін қосты.

 

Марат Алмасайұлы 2009 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру» ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып келеді. Мұнда ұлттық тәрбие мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру мәселелерінің ғылыми негіздерін қалыптастырып ұлттық құндылықтар сияқты рухани қасиеттерді жас ұрпақ бойына дарыту және оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу жолында еңбек етуде.

 

Ректор Т.Балықбаев мерейтой иесіне шапан жауып, құттықтау хат тапсырды.

 

Профессор М.А.Нүриевтің өмірі мен қызметі туралы университеттің проректоры, профессор Ақтолқын Құлсариева баяндама жасады. Академиктер С.Қирабаев, Ә.Бейсенова, Ө.Мәдиев мерейтой иесінің ғалым-педагог және қайраткерлік тұлғасына байланысты көптеген өнегелі сөздерін айтты. Мәжіліс барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Динар Нүкетаеваның, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболовтың құттықтаулары оқылды.

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімі

02.07.2018 ж.

Ақпарат көзі: pr-hal.kz