қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
04.10.2018

Ұлт зиялыларының ұстаханасы
Университетте 13 кітаптың тұсауы кесілдi

 



Халқымыздың даму тарихына өлшеусіз үлес қосқан ұлт зиялыларының ұстаханасы, жоғары оқу орындарының көшбасшысы, қара шаңырақ - Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына 90 жыл толды.

 

Бұрнағы күні университет мерейтойының аясында оқу орны тарихынан терең сыр шертетін 13 кітаптың тұсаукесері өтті.

 

Тарихты тұлғалар жасайды. Осынау ізгі шара шеңберінде бірнеше кітапқа арқау болған тұлғалар тағдыры туралы да терең толғаныстарға негізделген тағылымды әңгімелер айтылды.

 

Кемел келешектің иелері, бүгінгі мамандарды дайындап жатқан оқу орындарына жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі мол.

 

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген болатын.

 

Бұл мәселе - еліміздегі жоғары оқу орындарының әлемдік стандарттары деңгейінде білім беруге бағытталған, адами капиталдың сапасын арттыру жолындағы мемлекеттік міндет. Ал жастардың өз мамандығын толық меңгеруіне жағдай жасап, патриоттыққа, жасампаздыққа, азамат болуға үйрету - ортақ парыз. Сол парызды білім беру жүйесіндегі қазақтың қара шаңырағы аталып кеткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті лайықты атқарып келеді.

 

 

 Ермек Жұмахметұлы

 

Биыл - қасиетті білім ордасына 90 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда оқу орны халықаралық қауымдастықта маңызды орын алады. Университет 11 халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға мүше. Білім ошағы әлемнің 16 мемлекетіндегі универ­ситеттермен бірлескен жұмыстар бойынша 180 келісім-шарт, меморандум жасауға қол жеткізген.

 

Ұлттық санамыздың кемелдене түсуіне, тарихи таным білігіміздің кеңеюіне, бүгінгі және келер замандардың талабына сай болуымызға қызмет етіп отырған білім ордасында рухани жаңғыру жолында іргелі жұмыстар қолға алынуда.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің 90 жылдығына орай университет ғалымдары оқу орнының ашылуына, оның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы көптеген кітаптар шығарды. Алғашқы оқу орнының құрылуына, қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан сол кездегі Оқу-ағарту Халық Комиссары Ораз Жандосов, бірінші ректор Санжар Асфендияров, әр жылдары ректор болған Халел Әділгереев, Мәлік Ғабдул­лин, қайраткер-ұстаз Халел Досмұхамедов туралы «Өнегелі өмір» сериясымен кітаптар жарық көрді.

 

Белгілі тарихшы ғалым, академик Мәмбет Қойгелдінің «Абай университеті. 90 жылдық тарихынан» деп аталатын зерттеу еңбегінде Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының қандай қиыншылық­тармен ашылғаны, оның қалай қалыптас­қаны, ұлт қайраткерлерінің білім ордасын дамытуға қандай үлес қосқаны және оқу орнының даму кезеңдері тарихи фактілер мен құжаттарға негізделіп баяндалған. Бұл еңбек Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғана емес, бүкіл қазақ жоғары білімінің тарихы деуге болады.

 

Еліміздің білім жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан қайраткерлерге арнал­ған «Ұлағат» сериясымен шығарылатын кітаптардың алғашқысы, осы универси­теттің дарынды түлегі Әбдімәжит Өтеш туралы «Қалдырған ізің мәңгілік» кітабы да оқырмандар назарына ұсынылды. Сондай-ақ, академик Тоқмұхамед Садықов туралы «Тәлімгер портреті. Портрет наставника» кітабы және университеттің 90 жылдығына арналған «Тұңғыш университет» фотоаль­бомының да тұсауы кесілді. Сонымен бірге, «Шернияз Жарылғасұлы шығармалары», «Алтын арқау», «Ұлттық рух және шығар­машылық даралық» атты зертеу еңбектері мен университет қызметкері М.Ахметов­тың «Парасат пен парыз» танымдық кітабы да білім ордасының мерейтойына арналған.

 

Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне Алаш зиялыларының ұрпақтары, Алматы қаласы жұртшылығының өкілдері, ғалымдар, БАҚ бас редакторлары, журналистер, оқыту­шылар мен студенттер қатысты.

 

Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев бұл іс-шараның маңызына тоқталып өтті. «Тарихты қайта зерттеп, жаңартып отырма­са ол көмескі тартып кетуі бек мүмкін. - Арада өткен 90 жылда еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті талай-талай тағдырлы кезеңдерді, қилы-қилы тарихи дәуірлерді басынан өткергені мәлім. Біздің университетіміз ХХ ғасырда кеңестік дәуірдің түрлі-түрлі саясатын басынан кешірді. Ал Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған соң жаңа қоғамдық құры­лысқа қадам басты. Ал осы екі қоғамдық формацияның арасында қаншама дәуірлер жатыр десеңізші. Әрине, мұның бәрі тұнған тарих. Ал тарихты дұрыс бағамдай білген ұрпақ ешқашан өз жолынан адаспайтыны анық», - деді.

 

Кітаптардың тұсаукесер шарасында сөз сөйлеген профессор Талас Омарбеков оқу орнының қазақ қоғамында өзіндік орны барын айта келіп, қазақ тарихшыларының ұстазы атанған Халел Әділгереев туралы ойларын білдірді.

 

- Халел Әділгереев қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшы. Ол Қазан қала­сында жоғары оқу орнын бітіріп, кейіннен 1939 жылы кандидаттық диссертациясын Мәскеу қаласындағы Н.Чернышевский атындағы институтта, орыс ғалымдары арасында қазақ төлеңгіттерінің ХVІІІ-XІX ғасырлардағы қалыптасу тарихынан қорғаған. Қолында арнайы броны бол тұра, өзі сұранып, соғысқа қатысқан. 1942 жылы Халел Әділгереев Ұлы Отан соғысында Сандомир плацдармын бағындырғаны үшін жоғарғы қолбасшы Сталиннің өзінен марапаттау қағазын алған. Халел ағамыз Сталинградты қорғауға қатысып, одан Польша жері арқылы Берлинге дейін барған. Соғыстан кейін Е.Бекмахановтың еңбегіне байланыс­ты айтыс болған кезде Халел Әділгереев оны жақтап, Шымкент қаласына жер аударылады. Атақты тарихшының Х.Әділ­гереевке деген құрметі ерекше болған. Кенесары туралы атақты тарихшының өзі бастапқы ойларынан бас тартып жатқанда Халел ағамыз өзінің ой-пікірлерінен айныған емес. Оны сотталудан ерен ерлігі сақтап қалды. Баспалардан жарық көріп жатқан шығармаларда Халел Әділгереевтің еңбегі зор.

 

Сол тұста Е.Бекмахановқа қолдау танытқаны үшін күдікті тұлғаға қолдан айналдырылған Халел Әділгереев Қазақстан тарихынан дәріс оқуға жіберілмей, өмір бойы Ресейдегі ұлт-азаттық қозғалысынан, яғни КСРО тарихы­нан лекция оқуға мәжбүр болған. Ал бізге Қазақстан тарихынан Е.Бекма­хановтың ғылыми қарсыласы болған Шойынбаев лекция оқыды. Ермұхан Бекмахановқа қарсы айтыста басты тұлға бола тұрса да, Шойынбаев Мәс­кеудің және Қазақстан­ның мұрағаттарын­да көп еңбек­тенген ізденімпаз ғалым еді. Ол - ақжар­қын, таза, жан жылуы мол адам болатын.

 

Елім деп өткен асыл ердің есімі ескерілмей, елеусіз қалып еді. Х.Әділгереев институт басшысы болған кезде Мәлік Ғабдуллин аспирант болатын. Оның үстіне өзі майдангер болғандықтан М.Ғабдуллин Халелдей батыр ағасын жоғары бағалады. Сондай-ақ, елімізге танымал тарихшылар академик А.Нүсіпбеков, профессор Ғ.Әбі­шев те, атақты Бауыржан Момышұлының да Әділгереев туралы пікірі өте жоғары болды.

 

Кезінде Х.Әділгереев қазақ қоғамын­дағы төлеңгіттердің тарихын зерттеп, жоға­рыда айтқандай, осы тақырыптан қазақ ғалымдары арасынан алған диссер­тация қорғап, онан соң «Шоқантану» ілімі­нің іргетасын қалап, отандық тарихты дамы­туға жол салып берді. Мансап алу үшін амалсыздан өзінің бұрынғы көзқара­сынан бас тартып, Ресеймен қосылуды мадақтай­тын еңбектер жазуға бармады. Өзіндік азаматтық ұсынымынан бас тартпады.

 

Өткізіліп жатқан шара аясында осын­шама құнды дүниелер шығарып, аға буынға адалдық танытып жатқан университет ұжымына, оның басшысы Такир Балық­баев мырзаға алғыс айтқым келеді, - деді профессор Талас Омарбеков.

 

Кітаптардың тұсаукесерінде белгілі тарихшы-ғалым, академик Хангелді Әбжанов, Ораз Жандосовтың ұлы белгілі тарихшы ғалым Әли Жандосов, Ораз Жандосовтың тұңғыш немересі, біздің университетіміздің түлегі, ақын Гүлнәр Едігеқызы Жандосова, Мәлік Ғабдуллин­нің қызы Майдан Мәлікқызы, Хәлел Әділгереевтің ұлы Бақыт Әділгереев және осы университет түлегі Әбдімәжит Өтештің әпкесі Жарқын Өтеш, көрнекті ақын-драматург, ҚР Мемлекет сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин және басқалар университет ұжымын 90 жылдық мерей­тойы­мен құттықтап, осындай ұлағатты кітаптар шығарып, қара шаңырақ білім ордасының тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін өнегелі іс атқарған универ­ситет ректоры Такир Балықбаевқа және авторлар қауымына алғыстарын білдірді.


Құрметті Абай атындағы


Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы!

 

Сіздерді айтулы білім ордасының 90 жыл­дық мерейлі мерекесімен құттықтаймыз!

 

Тарихы тереңнен бастау алған қара шаңырақтың рес­публика көлемінде орны ерекше. Себебі, қай-қайсы­мыздың болсын, өмірі­мізде ұстаздың алар ролі ерекше. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, бойымызға білім нәрін сеуіп, үлкен өмірге жолдама беретін жандарға кімнің де алғысы шексіз. Қазақ халқы ұстазды ерекше құрмет тұтқан. Оны пір санап өткен.

 

Ұлы данышпан атамыз Абай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» десе, ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин: «Ұстаз - мектептің жүрегі» дейді. Олай болса, талмай ізденіп, бойындағы бар білімі мен жан шуағын, шапағатын шәкіртіне беру - нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс.

 

Бұл оқу орны қаншама жастарға білім беріп, оларды ұстаздық мамандыққа дайындап, қияға қанат қақтырды. Олар - бүгін кеңінен танымал ұстаздар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, білікті мамандар, бәрі де еліне елеулі, халқына қалаулы жандар.

 

Ұлы ғұлама ғалым әл-Фараби «Ұстаз... өнер-білімге құштар, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін, батыл, ержүрек болуы керек» деген екен.

 

Сіздердің бойларыңыздан да осы жақсы қасиеттер табыла берсін!

 

Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек ететін мұғалімдерді даярлап, тәрбиелеудегі еңбекте­ріңізге табыс тілейміз. Әрдайым биіктерден көріне беріңіздер!

 

Ізгі ниетпен,

Алматы қаласының Білім басқармасы.

 

 

04.10.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz