қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
08.10.2018

Желтоқсанда жазаланған ректор

 


 

Адамзат ұрпағының алға басуына, өркениетке ұмтылып, жаңа белестер мен биіктерге көтерілуіне аса қажет рухани қазына білім екені ақиқат. Білім қашанда барлық жетістіктердің бастауында тұрмақ. Тәуелсіз еліміздің бүгінгідей дәрежеге көтерілуі, әлемдік кеңістіктен өз биігін тауып, халықаралық қауымдастықтың құрамындағы ең озық деген отыз елдің қатарында болуға ұмтылуы да білім мен ғылымның нәтижесі.

 

Биылғы жыл қазақ топырағында жоғары білімнің негізі қаланғанына тоқсан жыл толып отыр. Оның бастауында тұрған бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы педагогикалық мамандар даярлаудың орталығына айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тоқсан жылдық жолы халқымыздың басынан өткен сан қилы тарихи оқиғалар мен кезеңдерді қамтиды, халқымыздың рухани тұрғыдан өсіп-өркендеу тарихын бейнелейді. Ал тарихты жасаушы халық, жеке адамдар, ұлтымыздың көрнекті тұлғалары екенін бәріміз жақсы білеміз.

 

Қазақ жеріндегі тұңғыш университеттің құрылып қалыптасуына, алғашқы қадамдарының нығаюына Ахмет Байтұрсынов, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов сынды көптеген Алаш қайраткерлері мұрындық болды. Университеттің тұңғыш ректоры С.Асфендияров бастаған алғашқы ұстаздар қатарында Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезовтер жас қазақ елінің жаңа мамандарын дайындауға белсене атсалысты. Соның арқасында университет ә дегеннен ұлттық интеллигенция қалыптастырудың басты орталығына айналды. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында қоғамдық, әлеуметтік, саяси, мәдени және рухани істердің тұтқасын ұстаған зиялы қауымның барлығы дерлік осы ұядан түлеп ұшқан түлектер еді.

 

Оқу орнының қызметін ұйымдастыруда, оны заман талаптарына сай маман дайындау мүддесіне жұмылдыруда университетті басқарған азаматтардың ролі ерекше болды. Осы жылдар ішінде алғашқы ректор С.Асфендияровтың игі ісін жалғастырған М.Ғабдуллин, Б.Алманов, С.Толыбеков, Х.Әділгереев, А.Ысқақов, А.Закарин, Ж.Жүнісбеков, Қ.Қасымов, Т.Садықовтардың еңбектерінің мәні де мазмұны да айрықша болғанында дау жоқ. Осы қатарда күрделі кезеңде ректор болып, елімізде педагогикалық білім беру саласын жаңа жүйеге бағыттап, шын мәнінде биікке көтерген тұлғалардың бірі физика-математика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Құлжабай Әбдіхалықұлы Қасымовтың есімі айрықша аталады.

 

Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген болашақ ғалым жастайынан өмірдің ауыртпалығын көріп өсті. Майдангердің отбасында тәрбиеленуі оның бойында мейірімділік, қамқорлық, табандылық пен еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді ерте қалыптастырды. Соғыстың ызғары қысқан 1942 жылы бастауыш мектептің табалдырығын аттаған ол орта мектепті 1952 жылы үздік бітірген соң С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Физика-математика факультетіне түседі. Қ.Ә.Қасымовтың ғалым, педагог, болашақ ғылыми мектептің жетекшісі ретінде қалыптасуына сол жылдары факультетте ҚазКСР Ғылым академиясының академигі К.П.Персидский, профессорлар Л.А.Вулис, В.В.Чердынцев, Х.И.Ибрашев, Г.Н.Багаутдинов, доценттер Ш.М.Еникеев, К.А.Айманов, С.И.Горшин, С.А.Аяпбергенов сияқты атақты математиктердің қызмет атқаруы айрықша әсерін тигізді.

 

Ол ҚазМУ-дың есептеу математикасы кафедрасының оқытушысы, доценті, меңгерушісі болып істеді. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертация қорғаған университеттегі бірден-бір жас ғалым еді. Сол себепті де оның факультеттегі елеулі тұлғалардың бірі болғандығы, жастардың ол жеткен жетістікке ұмтылуы, оған ұқсағысы келгендігі өзінен-өзі түсінікті еді.

 

Мәскеу университетінде басталған ғылыми зерттеулерді аяқтау мақсатында Қ.Ә.Қасымов 1968 ж. ҚазКСР Ғылым академиясының Математика және механика институтына аға ғылыми қызметкер болып ауысады. Зертхана меңгерушісі қызметін атқарып жүріп, маңайына талантты жастарды жинай білді. Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде 1972 жылдың мамыр айында Қ.Ә.Қасымов «Жоғарғы туындысының алдында кіші параметрі бар жай дифференциалдық және гиперболалық теңдеулерге арналған бастапқы секірісті есеп шешімінің асимптотикалық жіктелуі» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

 

1972 жылдан бастап ғалым Қ.Қасымов ҚазМУ-дің Қолданбалы математика факультетінің алғашқы деканы, шын мәнінде ұйымдастырушысы болды. Есептеу техникасын қолданатын математикалық әдістерді практикалық түрде пайдаланатын облыста зерттеулерді дамытудың маңыздылығын және қажеттілігін ескеріп, жаңа факультетте электронды есептеу машиналарын математикалық жабдықтау (ЭЕМ МЖ) кафедрасын ашып, оның алғашқы меңгерушісі болды. Қолданбалы математика факультетінің деканы болып жүріп, ММУ-дің есептеу математикасы және Кибернетика факультетінің деканы, КСРО Ғылым академиясының академигі А.Н.Тихоновпен жиі кездесіп, кеңесіп жүрді. Бұл жылдары ол оқу озаттары және ғылыми-зерттеу жұмыстарына икемі бар факультет түлектерін КСРО-ның орталық жоғары оқу орындарына жіберуге көп күш жұмсады. Соның нәтижесінде көптеген шәкірттері кейін ғылым докторлары және кандидаттары болды.

 

Дифференциалдық теңдеулер саласында Қ.Ә.Қасымов үлкен математикалық мектеп құрып, математиктердің үлкен ұжымының ғылыми жұмысына басшылық жасады. Кіші параметр үлкен туынды алдында тұрған дифференциалдық, интегралды дифференциалдық, дербес туындылы теңдеулердің асимптотикалық теориясының әйгілі ғалым-маманы ретінде Қ.Ә.Қасымов Қазақстанда ғана емес, әлемге белгілі. 200-ден астам ғылыми жұмыстары, оның ішінде төрт монография және қазақ тілінде жоғарғы математика бойынша үш томдық оқулығы жарық көрді. Оның жетекшілігімен 3 докторлық, 50-ден астам кандидаттық диссертациялар қорғалды.

 

Профессор Қ.Ә.Қасымовтың білім және ғылым саласындағы ұйымдастырушылық дарыны мен қабілеті 1980-1987 жылдары республикадағы педагогикалық білімнің көшбасшысы - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған жылдары мейлінше жарқырап көрінді. Институттың дифференциалық теңдеулер және есептеу математикасы кафедрасының меңгерушісі қызметін қоса атқарды.

 

Құлжабай Әбдіхалықұлы өзінің ректорлық қызметі тұсында мамандардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуда үлкен жұмыстар атқарды. ҚазПИ-дің Қазыбек би мен Достық даңғылының қиылысындағы ректоратының құрылысы басталды. Төле би мен Пушкин көшелерінің қиылысында қызметкерлер үшін 64 пәтерлі тұрғын үй, 2 жатақхана салынды. Оның біреуі - Қазыбек би көшесінде орналасқан 5 қабатты ғимарат, ал екіншісі - «Айнабұлақ» мөлтекауданындағы отбасылы студенттер мен жас мамандарға арналғаншағын пәтерлі жатақхана болатын.

 

Жоғары оқу орны басшысының осы бағыттағы игі істері жалғаса беретін де еді. Алайда, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларынан кейінгі мекеме басшыларын жазықсыз жазалау әрекеттері бастамалардың барлығын тоқтатты. Тиісті органдар ректор Қ.Ә.Қасымовты «жастарды интернационалдық рухта тәрбиелеуде кемістіктер жіберді» деген сылтаумен қызметінен босатты.

 

Академик Құлжабай аға Қазақстан математикасының дамуына үлес қосады деген жастарды дайындаудың нағыз шебері еді. Тек өзінің ғылыми мектебіндегі шәкірттерін ғана емес, өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы Қазақ Ұлттық университетінің Математика, механика және қолданбалы математика факультетін жақсы бітірген әр жасқа болашақ ғылыми ізденіс жолын көрсетіп, бағыт-бағдар беруден жалықпайтын.

 

Құлжабай Әбдіхалықұлы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болған 1980-1987 жылдары мұндай ізгі қамқорлықты мен де көрдім. Ол алғашқы күннен бастап пединститутқа Қазақ мемлекеттік университетінің жас мамандарын тартты. Және оларды Москва, Ленинград, Киев, Новосібір қалаларының ғылыми институттары мен университеттеріне тағылымдамаға, аспирантураға оқуға жіберді. Бұл бүгінгі мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының алғашқы қадамы дер едім. Жастар да ректор сеніміне сәйкес ғылыми дәрежелерін қорғап ҚазПИ-ге оралып жататын. Ректор педагогикалық институттың ғылыми-педагогикалық потенциалын осылай табысты көтере алды.

 

Ректор Абай атындағы ҚазПИ-дің есептеу математикасы мен дифференциалдық теңдеулер кафедрасына алғашқы мамандар ретінде ғылым кандидаттары, доценттер Е.Ы.Бидайбеков, Е.А.Буринды тартса, жастар легіне математиктерден К.Әбдиев, А.Шульгин, Ғ.Қаниев, Т.Әлдибеков, Е.Әбділдаев, М.Бекпатшаев, физик К.Раманқұлов, басқа да салалардан талапты жастарды тартты. Олардың геометрия, дифференциалдық геометрия, есептеу математикасы мен информатика саласындағы орталықтарда білімдерін жетілдіруіне жағдай жасады. Компьютерлік сауаттылыққа жетудің Қазақстандағы алғашқы қадамдарының бастамашысы болды.

 

Осы жастардың дені бүгінгі таңда танымал ел азаматтары, ғалым, ұстаз, ғылым докторлары болды. Мәселен, ғылым докторы, профессор Есен Бидайбековтің информатиканы оқыту саласындағы белгілі ғылыми мектебі қалыптасты. Жас маман ретінде оқу-ағарту министрлігінен Абай атындағы ҚазПИ-ге арнайы жолдамамен келген М.Бекпатшаев екеуімізді Новосібір пен Красноярскіге есептеу математикасы саласындағы академик М.М.Лаврентьевтің мектебіне жіберуі ғылымдағы жолымызды ашып берген зор қамқорлық болды. Соңғы күндеріне дейін шәкірттер тәрбиелеп, ұстаздық еңбегімен ел қалаулысы, қамқор ұстаз атанған Құлжабай аға жастарға жаны жақын академик бола білді.

 

1981 жылғы КСРО-ны экономикалық, әлеуметтік дамытудың мемлекеттік жоспарын үлкен жетістікпен орындағаны үшін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты республика жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы деп табылып, Одақтыңауыспалы Қызыл Туымен марапатталды. Ал ғылым мен жоғары білімді дамыту және ұйымдастыруда сіңірген еңбегі үшін ректор Қ.Ә.Қасымов ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің Грамотасымен, басқа да орден, медальдармен марапатталды.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өзінің тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында оқу орнын әр жылдары басқарған ректорлар туралы арнайы еңбектер жазып, кітап шығаруды қолға алған болатын. Шындығында да университеттің бүгінгідей биік дәрежеге жетуіне олардың қосқан үлесі орасан. Алдыңғы аға ұрпақтың еңбегін қастерлеу, қадір тұту кейінгі ұрпақтың парызы екенін басшылыққа ала отырып, университет басшылығы жақында бұрынғы ректорлар Санжар Асфендияров, Мәлік Ғабдуллин, Халел Әділгереев және қайраткерлер Ораз Жандосов пен Халел Досмұхамедовтар туралы «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясы бойынша бірнеше кітаптар шығарып, тұсаукесерін өткізді. Бұған дейін аталған серия бойынша ректорлар Тоқмұхамед Садықов пен Құлжабай Қасымов туралы кітаптар жарық көрген болатын. Осылайша педагогикалық оқу орнының ұлттық дәрежеге жетуіне зор еңбек сіңірген ректорлар галереясын жасау арқылы кейінгі ұрпақтарға өнеге боларлық тұлғалар туралы мәнді мәліметтер ұсынылды.

 

Жақсы дәстүр қашанда жалғасын таппақ. Қазақ жеріндегі жоғарғы білімнің алтын бастауы болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өзінің ғасырға жуық уақыт бойы қалыптасқан өнегелі дәстүрлерін әрдайым осылайша қастерлей береді.

 

Авторы: Мақтағали Бектемесов,

Абай атындағы ҚазҰПУ Бірінші проректоры,

физика-математика ғылымының докторы, профессор.

08.10.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz