қазақша · русский · english
   
  Main / Announcements
30.03.2023

«Менің пірім - Сүйінбай» халықаралық жас ақындар айтысы

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Менің пірім - Сүйінбай» дәстүрлі VII халықаралық жас ақындар айтысы өтеді. Жыр додасы биыл еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны - Абай университетінің 95 жылдығына арналады.


Айтыста Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай ақындарымен қатар еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарының елуге жуық жас жүйріктері бақ сынамақ. Жастар аламанына «ASSYLTAS» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеев қаржылай қолдау көрсетуде.


Айтысқа ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, айтыскер Ринат Зайытов, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы қазылық етеді.


Сөз бәйгесін айтыскер ақын, О.Досбосынов атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Шұғайып Сезімханұлы жүргізеді.


«Менің пірім - Сүйінбай» дәстүрлі VII халықаралық жас ақындар айтысының мақсаты - айтыс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттау, ақындық дәстүрді жаңғырту, жас ақындардың суырыпсалмалық қабілеттері мен шешендік өнерін шыңдау, олардың көпшілікке танылуына мүмкүндік жасау.


Айтыстың іріктеу кезеңі 2023 жылғы 6 сәуір күні сағат 10.00-де Абай атындағы ҚазҰПУ Бас оқу ғимаратының №225 конференция залында (Достық, 13) өтеді.


Қорытынды кезеңі 2023 жылғы 7 сәуірде сағат 14.00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.

Қосымша ақпарат алу үшін байланыстар:
Римма Абдықадырқызы - 8 778 908 0920, Айман Мұратқызы - 8 707 244 2400, Шұғайып Сезімхан - 8 775 776 3802.