қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
20.12.2018

Қазақстан мен Франция байланысы нығая түсуде

 


 

Жақында ғана Елбасы Н.Назарбаев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевты қабылдағаны белгілі. Мемлекет басшысы айтулы университеттің халықаралық қатынастардағы қызметін дамытып, әлемнің беделді жоғары оқу орындарымен байланысты жолға қойып, білім және ғылым саласындағы әріптестікті жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

 

Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің 25 мемле­кетінің 150-ден астам беделді университеттерімен тұрақты қарым-қатынас орнатып, әріптестік қызмет атқаруда. Әсіресе, Францияның жоғары оқу орындарымен байланыс өрісі де күннен-күнге кеңейіп келеді. Университеттің 90 жылдық мерейтойына тек Францияның өзінен 30-дан астам жоғары оқу орындарының басшылары мен көрнекті ғалымдарының келіп қатысып, осы сапарда 9 келісім-шартқа қол қойғаны осы сөзіміздің дәлелі болса керек.

 

2014 жылы университет базасында Францияның 800 жылдан астам тарихы бар «Сорбонна-Париж Ситэ» университетінің Орталық Азия мен Қазақстандағы тұңғыш филиалы «Сорбонна-Қазақстан» институтының ашылуы бұл байланысты нығайта түскені анық.

 

Жуырда Парижде әлемдегі француз тілін оқытатын франкофондық университеттер ректорларының форумы өтіп, оған университеттің ректоры Такир Балықбаев бастаған делегация қатысып қайтты. Делегацияның құрамында Францияның Қазақстандағы елшілігінің атташесі, «Сорбонна--Қазақстан» институтының Франция тарапынан директоры Жиль Маметц, Қазақстан тарапынан директоры Айнұр Сәбитова, оның орынбасары Г.Асқарова болды.

 

Әлемнің 100 мемлекетінен 600-ден астам франкофон­дық университеттер өкілдері қатысқан бұл форумды Француз Республикасының Премьер-Министрі Эдуард-Шарль Филипп ашып, шет елдерде француз тілін оқытудың өзекті мәселелері туралы ой қозғады. Сондай-ақ, форумда Францияға шетелдік студенттерді кеңінен тарту, Орталық Азия аймақтарында франкофонияны дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

 

Аталған форум аясында әлемдік франкофондық университеттердің көрмесі өтіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында құрылған «Сорбонна-Қазақстан» институтының стенді қойылды. Мұнда оқу орнының қалыптасу, даму кезеңдерін, оқу үдерісін ұйымдастыру, институттың бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін материалдар қамтылды. Көрмеге келген Француз Республикасының Премьер-Министрі Эдуард-Шарль Филипп, Францияның жоғары білім министрі Фредерик Видаль, AUF президенті Жан Поль дэ Годзмэр және әлемдік франкофондық университет басшылары, «Сорбонна-Қазақстан» институтының тыныс-тіршілігімен, қол жеткізген жетістіктерімен танысты. Францияның Үкімет басшысы «Сорбонна-Қазақстан» институты білім және ғылым, мәдениет саласындағы екі ел арасындағы байланысты өрбітуде алтын арқау болатынын айтып, институтты дамытуға қосқан үлесі үшін Т.Балықбаевқа алғыс айтқан еді.

 

Қазақстан делегациясын Француз Республикасының Еуропа Сыртқы істер министрлігінде Континентальды Еуропа директоры Флоранс Манжен қабылдады. Бұл қабылдауда Қазақстан жағынан Т.Балықбаев, «Сорбонна-Қазақстан» институтының директорлары Жиль Маметц пен Айнұр Сәбитова болды. Кездесу соңында Конти­нентальды Еуропа директоры Француз Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұдан былай да Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Сорбонна-Қазақстан» институтын көркейтуге жан-жақты қолдау көрсететініне сендірді.

 

Келіссөздердің нәтижесінде екі ел тарапынан 2019 жылғы 19 сәуірде аймақтарда жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған халықаралық ғылыми-практи­калық конференция өткізу туралы шешім қабылданды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ делегациясының бұл сапары халықаралық әріптестікті дамытумен бірге екі ел арасында білім беру саласындағы байланысты, жаңа бағдарламалар ашып, инновациялық технологиялар алмасуды дамытуға кең жол ашқаны сөзсіз.

 

 

Авторы: Рая Ескендір

20.12.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz