қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
04.03.2019

«Білім беру Альянсы» консорциумы мүшелерінің жиналысы өтті

 


 

Өткен аптада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Білім Альянсы» Консорциумы мүшелерінің жиналысы өтті.

 

Аталмыш іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, «EDTECH-KZ» халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев, Финляндиядан келген халықаралық сарапшылар - Шығыс Финляндия университетінің Даму департаментінің жаһандық және трансұлттық білім беру жөніндегі үйлестірушісі, Ювяскюля университетінің эмеритус-профессоры Йоуни Валиярви, EduCluster Finland Oy өкілдері Яакко Скантси, Элина Харью, Алматы және Орталық Азиядағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының білім беру саласы бойынша маманы Лина Бенетте, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларының басшылары, педагогикалық жоғары оқу орындарының ректорлары, ЮНЕСКО «EDTECH-KZ» халықаралық білім беру орталығының өкілдері мен ҚазҰПУ басшылығы қатысты.


2018 жылдың тамыз айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен, ЮНЕСКО «EDTECH-KZ» халықаралық білім беру орта-лығының қолдауымен «Білім беру Альянсы» Консорциумы құрылып, оның құрамына облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім беру басқармалары кірген болатын. Консорциумның мақсаты - ҚР педагогикалық жоғары оқу орындарында бәсекеге қабілетті, заманауи қоғам талабына сай кадрлар даярлау үрдістерін үйлестіру болып табылады.


Ректор Такир Балықбаев өз сөзінде «Білім беру Альянсы» Консорциумы мүшелерін алдағы атқарылатын міндеттермен таныстырып, талқыланатын мәселелердің маңыздылығын атап өтті. «Бұл басқосу алаңында қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен педагогикалық кадрларды даярлау және кәсіби біліктілікті арттыру жағдайын талқылауымыз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіре отырып, білім берудегі ең маңызды мәселелерді шешуге тиіспіз», - деді.


Такир Балықбаев өз баяндамасында Қазақстанның білім беру мекемелеріндегі заман талабына сай бәсекеге қабілетті педагогикалық кадрларды даярлау мәселелері туралы толығырақ айтып берді.


«Педагогикалық білімді дамыту үшін болашақ мұғалімдердің әдістемелік дайындық мазмұнын өзгерту қажет. Бұл бағыттағы үлкен өзгерістер қазірдің өзінде жүріп жатыр. ҚазҰПУ оқытушылары Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектеп пәндерінің жаңа мазмұны бойынша біліктілігін арттырудан өтуде. 2018 жылы 32 мұғалім біліктілігін арттырды. 2018 жылдың желтоқсан айында бітіруші курстардың 455 студенті жаңа білім мазмұнын енгізу әдістемесіне үйренді. Сәуір айында мектеп пәндерінің жаңартылған мазмұны бойынша профессор-оқытушылар құрамына мектептерде тәжірибе ұйымдастырылады. Мемлекет қоғамдағы педагогтардың ерекше мәртебесін мойындайды және жоғары сапалы кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін жағдай жасауды көздейді. Бұл үшін жалақыны көтеру, мұғалімнің құқықтары мен міндеттерінен басқа, мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, кәсіби этиканы сақтау, төзімділік, адамгершілік қасиеттер туралы арнайы баптар енгізілген «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын әзірлеу және қабылдау аса маңызды», - деді ректор.


Кездесу барысында Финляндиядағы мектеп және университет жүйелерінің ерекшеліктері, мұғалімдерді оқыту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, оқыту тәжірибесін ұйымдастыру және өткізу, тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Әрі қарай Консорциумы мүшелерінің бірлескен іс-шаралардың тұрақты және тиімді, нәтижелі жұмыс жасауына бағытталған алдағы үш жылға «Білім беру Альянсы» жұмыс бағдарламасы айқындалды.


Ғани Бейсембаев жиналысқа қатысу-шыларды бірауыздан қабылданған және мақұлданған «Білім беру Альянсы» әзірлеген «2021 жылға арналған Педагогикалық кадрларды даярлау жол картасы» бағдарламасымен таныстырды.


Іс-шара соңында университеттің ректоры Такир Балықбаев шетелдік қонақтарға және барлық қатысушыларға педагогикалық білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға атсалысқандары үшін алғысын білдірді.

 

Авторы: Римма Жанбаева
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қоғаммен байланыс бөлімі

04.03.2019 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com