қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
13.03.2019

«Әлем таныған Абай» халықаралық онлайн-вебинары өтті

 


 

«Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұлы ойшыл хакім Абай есімін алғанына да 85 жылға жуықтап қалыпты. Арадан қаншама қилы-қилы кезеңдер, алай-бұлай замандар өтсе де осынау қара шаңырақ Абай өсиеттеріне адалдығынан танған емес, қайта оның атын әлемге танытуға елімізде бірінші болып атсалысып келеді. Тек соңғы оншақты жылды ғана алайық. Осыдан тұп-тура он жыл бұрын елімізде бірінші болып «Абайтану» ғылыми-зертеу орталығы осы университетте ашылып, онда белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының бастауымен Абайдың «Толық адам» ілімі терең зерттеле басталған еді. Содан бері бұл орталықта ондаған ғылыми зерттеу еңбектер дүниеге келді» деген мәліметтермен бөлісті Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Мырзахан Ахметов.

 

«Абайтану» ілімінен арнаулы оқулықтар шығарып, оқу үдерісіне «Абайтану» пәнін енгізген де осы тұңғыш қара шаңырақ білім ордасы. Осы жылдар ішінде университетте ұлы ойшылдың даналық ойлары мен философиялық толғамдарын әлемге таныту үшін іргелі ізденістер жасалып, нақтылы іс-шаралар жүзеге асырылды. Университет басшылығының ізденуімен Ресейде, Түркияда, Қытайда, Әзербайжанда, Вьетнамда бірнеше Абай орталықтары ашылып, олар Абай мұраларын зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосып отыр.

 

Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шетел азаматтарына арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің ұйымдастыруымен (Ғалия Таубаева) «Әлем таныған Абай» тақырыбында халықаралық онлайн - вебинар болып өтті. Ақпараттық технология дамудың шыңына жеткен мына заманда интернеттің күшімен алысты жақындатқан техниканың мүмкіншілігінде шек жоқ-ау, сірә. Бір жағы Ресей, Түркия, екінші жағы Вьетнам, Қытай, үшінші жағы Кавказ аймағы болып Абай университетінің бір ғана аудиториясында тоқайласып, қазақтың данышпан Абайын ұлықтағанда жүрегімізді қуаныш пен мақтаныш сезімі биледі. Онлайн-вебинарды ашқан шетелдіктерге арналған филология мамандықтары кафедрасының меңгерушісі, доцент Сәуле Бегалиева бұл семинардың маңызы туралы айта келіп, алғашқы сөзді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ақтолқын Құлсариеваға берді. Ол осы онлайн-вебинарға қатысып отырған Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің, Түркиядағы Эрзинжан университетінің, Вьетнамдағы Хошимин педагогикалық университетінің, Әжербайжанның Баку мемлекеттік университетінің және Қытайдың Іле педагогикалық университетінің басшылары мен ғалымдарына алғыс айтып, Абайдың философиялық мұраларының құндылығы туралы ой өрбітті. Аталған факультеттің аға оқытушысы Гауһар Жабағиева мен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гунчам Нурахунова «Абай ойларының әлемдік маңызы туралы» баяндамалар жасады. Бұдан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқитын шетелдік жастар Дон Лихуэй, Ван Мен (Қытай), Хариминисон Зо Нирина (Мадагаскар), Киангала Любаса Лионель (Конго), Хванг Енг Кванг (Оңтүстік Корея), Кристина Обим Баси (Нигерия) Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқыды.

 

Вебинарға қатысушылар бұл іс-шараны өткізуге бастамашы болған Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаевқа, шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультетінің деканы, доцент Ғалия Таубаеваға, кафедра меңгерушісі Сәуле Бегалиеваға және ол басқаратын кафедраның ұжымына, онлайнды техникалық және байланыс жағынан қамтамасыз еткен, профессор Бақыткүл Балғазинаға, доцент В.Казабееваға, онлайн-вебинар өткізуге қолдау білдірген университеттің Халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Айгүл Ысқақоваға, Ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор, профессор Ақтолқын Құлсариеваға және вебинарға қатысқан шетелдік әріптестердің баршасына алғыс айтты.

 

Авторы: Эльвира Серікқызы

13.03.2019 ж.

Источник: