қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
26.10.2019

Инклюзивті білім - қажеттілік

 


 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елімізде білім беруді одан әрі дамыту мәселесіне үнемі көңіл бөліп, нақтылы міндеттер белгілеп келгені белгілі. Еліміздің білім беру жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беруді жетілдірудің де өзіндік орны бар, - деп жазады республикалық "АҚИҚАТ" журналының сайты.

 

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: "Білім беру саласындағы негізгі халықаралық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін білім алуға тең құқықтар қағидасы көзделген. Республикада 2375 бала үшін 166 балабақшада инклюзивті білім беру жүзеге асырылуда, бұл анықталған мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы 14 пайызын құрайды. Бұдан басқа, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 39 арнайы балабақша мен жалпы мақсаттағы балабақшаларда 315 арнайы топ жұмыс істейді. Олардың контингенті балабақшаларда 4945 баланы, арнайы топтарда 5879 баланы құрайды", - делінген. Сонымен қатар, осы бағдарламада алдағы уақытта ерекше білім беруді қажет ететін балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары мен Ережесі әзірленіп, түрлі кемістігі бар балалар үшін бірігу нысандары анықталатыны, мүгедек балаларға қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру қағидалары дайындалатыны айтылған. Және де елдегі 3030 мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға және тәрбиелеуге тең қол жеткізу үшін жағдайлар жасау, атап айтқанда, мектептерді педагог-дефектологтармен, балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуші мамандармен қамтамасыз ету міндеттері белгіленген. Жалпы, осынау өзекті мәселеге байланысты еліміздегі педагог-дефектологтарды дайындаудың ұстаханасы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті педагогика және психология институтының Арнаулы білім беру кафедрасының меңгерушісі, профессор Ақбота Нұрсұлтанқызы Аутаевамен сұхбаттасқан едік.

 

Ақбота Нұрсұлтанқызы, алдымен инклюзияның қажеттілігі және оның мақсаты туралы айтып өтсеңіз? - Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімімен айқындалады. Сондықтан білім беруді дамыту мәселелерін, білімнің сапасын, жоғарғы және жалпы білім берудегі қалыптасқан дәстүрлерді жетілдіріп, өткен тәжірибелерді ескеріп, шетелдік мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі озық үлгілері мен ерекше тұстарын өзіміздің ұлттық білім беру жүйемізге ендіру болашақтағы бастамасы игі жоспарлардың біріне айналмақ», - деген еді. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы мен стратегиялық жоспарларында ереше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру ортасына кіріктіру мен олар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз етудің механизмдері көрсетіліп, аталмыш құжатқа сай 2020 жылдары жалпы білім беретін мектептердің 70 пайызында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру үшін жағдай жасалынып, соған орай мамандарды даярлау мәселелері де жіті қарастырылған.

 

Қазақстан Республикасы білім беру саясатының құзырлы міндеті - білім беру сапасын көтеру және халықтың барлығы үшін сапалы білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай, қазіргі таңда елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру жүйесіне енгізу басты міндеттердің бірі болып отыр. Бұған қазіргі таңда Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың басқалармен теңдей білім алуға құқылы болуына кепілдік беретін "Бала құқықтары туралы Конвенция" (1989), білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы білім беру және жағдайын реттеу үшін "Саламандық декларация" (1994), 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасы, ҚР «Білім туралы» Заңы дәлел.

 

Еліміздің «Білім туралы» заңында: «Мемлекет өз тарапынан ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалардың дамуы мен білім алуын, сонымен қатар дамуындағы және әлеуметтік бейімделуіндегі бұзылыстарын түзетуін қамтамасыз ету және ата -аналардың балалардың мүмкіндігі мен ерекшеліктеріне орай қалауы бойынша білім беру мекемесін таңдау құқығы бекітілген», - делінген. Осыған байланысты мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі заңында дамуы ерекше білім беруді қажет ететін балалар психологиялық-медицина-педагогикалық кеңестің қортындысына сәйкес, арнайы түзете оқыту мекемелерінде және мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде тегін оқуға құқылы екені айтылған. Дәл осы мемлекеттік бағдарламада аталмыш балаларды мүмкіндіктеріне қарай жалпы білім беру жүйелеріне енгізу, инклюзивті білім беруді жетілдіру қарастырылған. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы күндерінен бастап еліміз өз ішіндегі жаңашылдықтарды басқа дамыған елдермен қарым-қатынас жасау арқылы дамытып келеді. Әлемдік жаҺандану үрдісі еліміздің экономикасына ғана емес, білім беру жүйесіне де оңтайлы әсерін тигізіп, білім беру жүйесіндегі талаптар мен міндеттерді күшейте түсті. Осыған орай, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мәселесі де ілгері қадам басып келеді.

 

Арнайы білім мен жалпы білім беру сияқты педагогикалық екі жүйе бүгінгі күнге дейін өз функциясын орындап, автономды түрде дамып келгені белгілі. Балаларды оқыту мен тәрбиелеуді арқау еткен екі жүйенің тоғысатын жері де осы мақсаттары еді. Еліміздің ереше білім беру қажеттілігі бар балаларға деген көзқарасы уақыт талабына сай, онсыз да қоғамнан оқшау жүретін ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалыпты балалармен мүмкіндіктерін есепке ала отырып оқытуға қарай ойысты.

 

Инклюзивті білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды, жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімделуіне, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамастан, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

 

Демек, инклюзивті оқыту негізінде ереше білім беруді қажет ететін балаларға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру мақсаты жатыр. Аталмыш категориядағы балаларға: есту, көру қабілеті зақымдалған, зияты зақымдалған, тірек -қимыл аппараты зақымдалған, сөйлеу тілі зақымдалған балалар, т.с.с жатады. Осы бағытта ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалыпты дамыған балалармен қандай жолмен, қандай әдіспен кіріктіріп оқытуды білу мен аталмыш бағыттағы сапалы мамандарды даярлау өте маңызды мәселе. Ол үшін бұл саладағы шетелдік тәжірибенің тиімді тұстарын ескере отырып, отандық тәжірибемізбен ұштастырып, аталмыш бағытты оңтайландыру қажет. Еліміздегі арнайы білім беру саласындағы мамандарды даярлаудың жетекші қара шаңырағының бірі бола отырып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Арнайы білім беру» кафедрасы осы бағытта сапалы мамандар даярлау және инклюзивті білім беру ортасын білікті мамандармен қамтамасыз ету жолын алға тарта отырып, осы бағытта бірқатар мақсатқа бағытталған жұмыстар атқаруда. Соның ішінде инклюзивті білім беруді жандандыру бойынша ғылыми -зерттеу жұмыстары магистрлік және PhD докторанттарының диссертациялық жұмыстарында әр қырынан зерттеліп, қарастырылуда.

 

Инклюзия бірінші кезекте қай мекемеде қолға алынуы керек? Оған маман жете ме? - Бала дүниеге келісімен оның денсаулығына, даму ерекшеліктеріне тиісті көңіл бөлінуі керек. Туғаннан бастап 3 жасқа келгенше сәби ерекше бақылауда болғаны жөн. Бала дамуындағы ақаулықты ерте анықтап, түзете дамытушылық жұмысты соншалықты ерте бастау бала бойыншағы екінші кемістіктің алдын алуға мүмкіндік беретіндігін де ескеру қажет. Сондықтан, ерте жастан анықтау, ерте жастан скринингтеу (денсаулық сақтау ұйымында тексеру), кейін баланы педагогикалық-психологиялық кеңестің ұсынысы бойынша арнайы немесе жалпы білім берумен қамтамасыз ету маңызды. Дегенмен, ескере кететін жайт, ереше білім беру қажеттілігі бар баланы психологиялық, педагогикалық сүйемелдеу үздіксіз жүргізілуі қажет. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды мектепке дейінгі, жалпы орта, жоғарғы біліммен қамтамасыз ету жүйесі елімізде арнайы қарастырылған. Аталмыш мекемелердегі мамандар тапшылығы бүгінгі таңда әлі де өзекті. Қазақстан Республикасы жалпы-европалық білім кеңістігіне өтіп, Болон (Италия) үдерісіне қосылысымен, бұрынғы қалыптасқан дәстүрлі жүйеге бірқатар өзгерістер енгізіліп, бакалавр, магистратура, PhD докторантура жүйесіне көшті. Өзге мемлекеттердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, Ресей мемлекеті дәстүрлі тәжірибені қоса ала жүріп, жаңа жүйеге өте сақтықпен өтуде. Сондықтан, кез келген жаңашылдық пен жаңа тәжірибе нақты зерттеуден өтіп, кезекпен енгізіліп, толық апробациядан өтуі қажет. Қарап отырсақ, шетелдік жүйенің инклюзия туралы зерттеулері де, тәжірибесі бар. Елімізде ол жаңа жүйе болғандықтан, бізде инклюзивті білім беру жүйесі бойынша атқарылатын жұмыстар өте көп. Ол әрине, білікті мамандар даярлаумен байланысты. Дегенмен, елімізде арнайы білім беру мамандарымен арнайы, жалпы (инклюзивті) білім беру ұйымдарын толық қамтамасыз ету үшін Абай атындағы ҚазҰПУ Арнайы білім беру кафедрасы білікті мамандарды сапалы дайындауға, арнайы және жалпы білім беру мекемелерінде инклюзивті білім беруді ұйымдастыру бойынша кеңес беріп, барынша қолдау көрсетуде.

 

Ақбота Нұрсұлтанқызы, қазір сіз басқарып отырған Арнайы білім беру кафедрасында маман даярлаудың жағдайы қалай? - Сөзімді талапкерлерді қабылдаудан бастайын. Үш жылдан бері жыл сайын біздің мамандық бойынша жалпы 200 шақты талапкердің қабылдануына қол жеткізіп отырмыз. Жастардың дефектологияға бет бұрғаны қуантады. Неге ынта күшейді? Жыл сайын медицина қызметкерлерінің әртүрлі форумдары, жиындары өтіп тұрады, дәрігерлердің съездері де болады. Бұл алқалы мәжілістерде ең алдымен халықтың денсаулығы, оның жайы, өзекті мәселелері сөз болатыны белгілі. Күрделі экологиялық ахуал, жағымсыз ішкі және сыртқы факторлардың ықпалынан түрлі ақаулықтары бар балалардың дүниеге келуі өсуде. Бұл балалардың болашағы не болмақ? Бүгінгі біздің жастарымызды осы мәселе көбірек толғандыратын тәрізді. Олардың дефектолог мамандығын таңдауына осы жағдайлар себеп болып отырғаны анық. Қазір бізде дефектология мамандығында 700 білім алушы оқиды. Оның 600-і бакалавриатта, 60-ы магистратурада, 41-і PhD докторантурада білім алуда. Жылына логопед, тифлопедагог, олигофренопедагог, сурдопедагог мамандықтары бойынша 90-нан астам түлек шығарудамыз. Бакалавриатты бітіріп кеткен түлектерімізді жыл сайын бақылауға алып отырамыз, интернетпен хат жазысып қалай жұмыс істеп жүргендерін, қандай маман болғандарын бақылап отырамыз. Аталмыш білім беру саласындағы жаңашылдықтар бойынша оларға кеңес беріп, көмектесіп отырудан жалықпаймыз. Сөйтіп, олардың нағыз маман болып қалыптасуына барынша жағдай жасаймыз. Бұған дейін біздің кафедрада 4 мамандық бойынша кадр даярланса, биылдан бастап «Мектепке дейінгі арнайы білім беру», «Инклюзивті білім беру маманы» деген екі мамандық 1-курстан бастап оқытыла бастады. Арнайы білім беру кафедрасы білікті профессор-оқытушылардан жасақталған, олардың ішінде дефектологияға қатысты барлық саланың мамандары бар. Айталық, медициналық мамандықтарға медицина қызметкерлері, психология бойынша психологтар, әдістемелік пәндерден әдіскер мамандар дәріс береді. Бәрі де өз істерінің білгірі. Бірақ бізге дефектолог мамандар әлі де қажет. Сондықтан, біз оларды өзімізде бітірген магистрант, докторанттар есебінен толықтырып отыруды ойластырудамыз. Ал, кадр құзіретті болса, сабақтың сапасы жоғары, еңбегіміз нәтижелі болатыны сөзсіз. Аға буын оқытушыларымыз бұрынғы «Мәскеу мектебі», «Ленинград мектебі» деп аталатын ғылыми ортаның тәрбиесін көрген педагогтар. Мен өзім де «Ленинград мектебінің» шәкірті екенімді мақтанышпен айтамын. Жалпы, кеңестік кезеңдегі ресейлік ғалымдардың тәрбиесін көрген оқытушы-профессорларымыз алтын қорымыз болып табылады.

 

Бүгінде Республикамыз бойынша 17 жоғары оқу орнында дефектологтар даярланады. Бірақ олар дефектология бойынша жалпылама 1-2 мамандықты ғана дайындауда. Негізінде, дефектология саласында түрлі категориядағы балалардың ерекшеліктеріне орай мамандықтар бар, және аталмыш мамандықтар ЖОО -да қамтылуы керек. Елімізде арнайы білім беру мамандарын даярлайтын алғашқы қара шаңырақ ретінде бүгінгі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Арнайы білім беру кафедрасы осы бағытта түрлі категориядағы балаларды оқыту бойынша мамандықтарды толыққанды қамтып отыр. Кафедраның маңызды бағыты ретінде оқытушылар бүгінгі таңда ЖОО-дағы білім алушыларға арналған оқу, оқу- әдістемелік құралдарды даярлау бойынша да бірқатар жұмыстарды атқаруда.

 

- Ақбота Нұрсұлтанқызы, дефектологияға жылына 200 шақты талапкер қабылданатынын айтып қалдыңыз. Егер осы жастар ертең өз мамандықтары бойынша жұмыс істейтін болса, кадрлық әлеуетімізді арттыруға едәуір сеп болар еді. Бұл жастардың бәрі осы мамандық бойынша жұмыс істей ме? - Бұл өте орынды сұрақ. Осы арада «Ұстаз болу үшін ұстаз болып туылу керек» деген ұлағатты сөз есіме түсіп отыр. Шынында да солай. Мысалы, кез келген адам ақын, жазушы, немесе композитор болып кете алмайды. Жақсы өлең, тамаша роман, керемет музыкалық шығарма жазу үшін адамның бойында ақындық, жазушылық немесе композиторлық дарыны болуы керек. Қанша теориялық білімің, өмірлік тәжірибең болса да, табиғи дарын мен қабілетің болмаса сенен ештеңе шықпайды. Сол сияқты, ұстаз болу үшін де Алланың берген жақсы таланты болуы керек. Дефектолог-педагог болу үшін де осындай дарын міндетті түрде керек. Ал, бірақ жыл сайын біздің мамандыққа түсіп жатқан білім алушылардың бәрі де осы талапқа сай келеді деп ойлаймыз.

 

Ата-ананы сыйлау, олардың сөзін, ақыл-кеңесін тыңдау, айтқанын істеу біздің төл болмысымызға және тәрбиемізге тән қасиет. Мамандық таңдауда да біздің жастарымыз ата-анасынан алыс кете алмай, олардың қалаған мамандығы бойынша оқуға түсетіні жасырын емес. Сонымен бірге, жастарымыз ертең жұмыссыз қалмау үшін қоғамға ең қажет деген мамандықтарға баратыны белгілі. Мысалы, бұрын қазақ жастары жаппай құқықтану, заң, экономика мамандықтары бойынша оқуға түсіп, шетінен заңгер немесе есеп-қисап маманы болып шыққанын, бірақ кейін оның бәрі жұмыс таба алмай, басқа мамандықтарды жағалағаны әлі есімізде. Ал, бүгін мектеп түлектері мемлекеттік грантқа іліну үшін адам аз болады-ау деген оқу орындары мен мамандықтарды таңдап, жүрек қалауына қарамай кез-келген оқуға түсе салады. Байқаймын, елдің бәрі логопед болғысы келеді. Бірақ, оның себебін білмейді. Менің ойымша, логопед қазіргі таңда ең қажетті мамандық болған соң жастар оны бітірген соң жұмыссыз қалмайтынын ойлайтын болуы керек. Бізге жыл сайын оқуға қабылданып жүрген 200 шақты талапкердің арасында да осындай «кездейсоқ» балалар кездеседі. «Дефектологияны» жүрек қалауымен таңдамай түскендер 1-2 курстағы оқу тәжірибесіне арнайы білім беру мекемелерінің базаларына барып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды көргеннен кейін бірден айнып қалып жатады. Олармен жұмыс өте қиын екенін сезінген білім алушы ойланып қалады немесе басқа мамандыққа ауысуға тырысады. Ынта болмаған соң жақсы маман болып шығу да екіталай. Біздің дефектолог мамандарды көбейте алмай жатқандығымыздың бір сыры осы.

 

Олай болса, алдағы уақытта арнайы білім беру саласына да, өнер мамандықтары сияқты, арнайы емтихандармен қабылдау енгізілсе, шын талапкерді дұрыс таңдап алуымызға мүмкіндік туар еді деп ойлаймын. Тағы бір айтарым: инклюзивті білім беруді толығымен жүзеге асыру үшін, ең алдымен білікті, құзіретті маман керек. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарын тиісті профессор-оқытушылар құрамымен өз дәрежесінде қамтамасыз етіп, сонан соң солар арқылы республиканың барлық білім жүйесін инклюзивті білім берумен айналысатын педагог кадрлармен толықтыру мәселесін шешуге болатынын ұмытпауымыз керек.

 

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан - Құралай Мырзаханқызы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторанты

 

 

26.10.2019 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz